Азия чемпионатындағы жарқын жеңісінен кейін Жәмилә Бақбергенова елге оралды.
Астаналық жанкүйерлер, отбасы және спорттағы жақындары оны әуежайда ерекше ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.
«Жарыстан жақсы әсер алдым. 3 жекпе-жек өткіздім. Оның екеуі аздап қиын болды. Мен үшін қиынға түскен белдесу — біріншісі, яғни жапон қызымен, екіншісі қытайлық қарсыласпен болды. Маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерге, туған-туыстарыма алғысымды білдіремін», — деді Жәмилә Бақбергенова.
Еске сала кетейік, Жәмилә Бақбергенова Амман қаласында (Иордания) өткен әйелдер күресінен Азия чемпионатында 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол қытайлық Юци Люді 4:1 есебімен ұтып, өз мансабында төртінші рет құрлықтық біріншіліктің жеңімпазы атанды.
Бұл жеңіс – тек Жәмиләнің ғана емес, күллі қазақстандық жанкүйерлердің ортақ қуанышы. Қазақстанның әйелдер күрес құрамасы бұл чемпионатты екі жүлдемен аяқтады.