Домой СПОРТ Азия құрлығынан 50 шақырым қашықтықты жүріп өткен алғашқы әйел спортшы Надежда Степашкинамен...

Азия құрлығынан 50 шақырым қашықтықты жүріп өткен алғашқы әйел спортшы Надежда Степашкинамен сұхбат

0
34

Әлем чемпионатында ұлттық құрама спортшылары жүлдесіз қайтса да, Надежда Степашкина Азия құрлығынан 50 шақырым қашықтықты жүріп өткен алғашқы әйел спортшы атанды.

 

— Шаңғыдан Норвегиядағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Жаһандық додаға қаншалықты дайын болдыңыздар?

⁃ Араға 28 жыл салып, Тронхейм қаласы қайтадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қысқы спорт түрінің ішіндегі өте танымалы, норвегтер жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға бар күшін салды. Жалпы 221 мың билет сатып, стадион жанкүйерлерге лық толды. Географиялық аймақ кеңейіп, 64 мемлекет сынға түсті. Өзімізге келетін болсақ, негізгі басымдық қысқы Азия ойындарына берілді. Сондықтан бірнеше әлем кубогы кезеңдеріне қатыса алмадық. Қытайдағы ауа-райы аяз болса, Норвегияда сынап бағамы +5 градусты көрсетті. Климат, жергілікті жерге бейімделу біршама уақытты алатынын ескеру қажет.

— Әлем чемпионатының басты ерекшелігі – ерлер мен әйелдердің құқығы теңестіріліп, бірдей қашықтықта жүлдеге таластыңыздар. Бұған дейін 30 шақырымға шаңғы тебетін болсаңыздар, енді алғаш рет 50 шақырым қашықтықты бағындырдыңыздар. Қандай әсер алдыңыз?

⁃ Масс-старт сайысына үнемі 50-60 спортшы қатысып келген. Осы жолы небәрі 34 адам тіркелді. Себебі әйелдердің көпшілігі әлі дайын емес. Ағзаға үлкен күш түседі. Қайта қалыпқа келуге 2 аптадай уақыт қажет. Оның үстіне қар ылғалды болды. Бұл қырға түскенде және шыққанда жылдамдықты екі есеге төмендетеді.

— 18 наурыз күні Қазақстанда басталатын қысқы Спартакиада масс-старт тек 30 шақырымды құрайды. 50 шақырымға шаңғы тебуге еліміздегі арулар дайын ба?

⁃ Жеке өзіме 30 шақырымда жарысқан ұнайды. 50 шақырымды жүріп өтуге Қазақстандық спортшылар ғана емес, әлемнің көп мемлекеттері спортшылары дайын емес. Мысалы, әлем чемпионатында Азия құрлығынан тек Қазақстан мен Тайпей ғана қатысуға ниет білдірді. Тіпті қысқы Азия ойындарының чемпиондары Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттері спортшылары сайысқа қатыспады.

— Қашықтықтың 50 шақырымға артқанын қалай қабылдадыңыз? Қосымша тағы 20 шақырым шаңғы тебуге жігерді қайдан алдыңыз? Жаттығу барысына өзгеріс енгіздіңіз бе?

⁃ 50 шақырым жайлы ақпаратты өткен жазда естідім. Қатысу жайлы шешімді өзімнің физикалық жағдайыма қарай қабылдадым. Әйтпесе мен масс-стартқа дейін 5 сайыстың (спринт — 1,4 шақырым, скиатлон — 20 шақырым, классикалық интервал — 10 шақырым, командалық спринт — 1,4 шақырым, 4х7,5 шақырымды құрайтын командалық эстафета) барлығына қатыстым. Бірақ біз үшін әлем чемпионаты 2025 жылдың маусымындағы соңғы халықаралық жарыс екенін ескеріп, күшімді сынап көруге бел будым. Жаттығу барысына еш өзгеріс енгізбедім. Ұзақ қашықтықтың алдында барынша тамақ жағына көңіл бөлдім.

— Ірі жарыстардан кейін физикалық қалпыңызға қаншалықты тез келесіз? Алдағы жоспарыңыз қандай?
⁃ Әр кезде әртүрлі. Әлем чемпионатынан кейін Қазақстанға ораламыз. Бірнеше күн тыныш жаттығып, 18-25 наурыз аралығында Щучинсктегі қысқы Спартакиадаға қатысамыз.

— Мәреге жеткен өзге елдің спортшыларға зер салсаң, бірі жерге құлап, бірі айқалап, эмоцияларын шығарып жатады. Бірақ Қазақстан спортшыларынан мұндай көріністі байқау мүмкін емес. Неге эмоцияларыңызды білдірмейсіздер?
⁃ Ұлттық құрамадағы спортшылардың барлығы дерлік үлкен мақсатты көздейді. Бүгінгіден қарағанда әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетуге барын салады. Күнделікті тынымсыз 5-6 жаттығады. Шаңғы спорты – күрделі әрі қиын спорт түрі. Осы себептен қазіргі нәтижеге көңіл толмайды.

—    Әлем чемпионатында ерлерден Норвегия 6 алтын, әйелдерден Швеция 6 алтынды жеңіп алды. Бұл елдерге қарсы тұра алатын қарсыластар табыла қоя ма екен?
⁃ Скандинавия елдерінің халқы шаңғыға бейім. Барлығы қолжетімді. Кез келген жерде шаңғы тебуге жағдай жасалған. Ал кәсіби спортшылары арнайы ғылыми зертханасы бар автобуспен жүреді. Осымен байланысты деп ойлаймын.
—    Сұхбатыңызға рахмет!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь