АДАМ ЖАМАНДАУ КЕШІРІЛМЕЙТІН КҮНӘ

0
38058

Бірін бірі жамандау қазақтың маңдайына жазылмаған. Мұндай іс қылықтан аулақ болуды Ата Бабалар айтып, өсиетін қалдырып, ұрпағына аманат етіп, тапсырып кеткенін жақсы білеміз. Бұрынғылар адам жамандаған адамдарды естігенде «береке бірлігіміз кетеді, құтымыз қашады» аулақ деп оларға жоламайтын. Соның арқасында қазақ өзара өте тату болған халық едік.
Бүгінгі қазақ қоғамында адамдарымыз бірін бірі жамандау, сыртынан ғайбаттау шектен шыға бастады. Бірі атып, бірі қағып, мың сақа жүгіртеді. Жазылып жатқан коментарииларға қарасаң кейде жаныңнан түңілесің, ішің ашиды. Бүгінгі алмағайып заманда ішімізден бір бірімізді жамандау жардан құлаған мен тең. Мұның түбі жақсылыққа апармайтынын да түсінеміз, осылай азғана қазақтың ішінде өзара өшпенділік пайда болады, көреалмастық, бақталастық жалғасады. Мұны біз өзіміз тауып алған «ауыру» деп көремін. Әйтпесе жаратушы олай жасаған жоқ. Бізді адастырып отырған бүгінгі қоғам, оның саясаты. Ұсақ елдерді ішінен қырқыстыру, бірі мен бірін жауластыру арқылы ойлаған мақсатына жету алпауыттардың арманы. Еркіндік, демокртатия деген ұғыммен адамзат баласын аздырып, барлығымызды тоздырды. Бұл ұғымның жақсы тұстарын жоққа шығарып отырған жоқпын, тек көлеңкелі тұстарына төзе алмаған соң айтып отырмын. Қоғамда бейберекетсіздік, адамдар арасында азғындық пайда болдырды, сөз тыңдайтындар, ақыл айтатындар азайды. Мұны біз еркіндік деп санап жүрміз. Керісінше адамдар бірін бірі сыйлап тұрса, құрмет көрсетіп, шынайы жақсы көріп тұрса еркіндік деген осы еді. Адамдар бір біріне мейірімді, қайырымды болса, бір бірін шынайы жақсы көрсе, бір бірін сыйлап, жанашырлық танытып тұрса қоғамда адамдар арасында мейірімділік қатынас пайда болады. Мейірімділік қатынас мейірімді қоғам, яғни біздің ата заңымызда көрсеткен азаматтық қоғамға жетелейді. Бұл халықтың ойы, асыл арманы. Бұл мақсатқа жете алсақ біз әлемдегі бақытты халық атанамыз. Жаңа Қазақстан, әділетті үкіметті құрғанымыз болып саналамыз. Бұл мақсатқа қайрыммен мейірімді арқалаған қазақ халқы үшін ешбір қиындықсыз жетеміз. Сол үшін бәрін «жақсы орта» қалыптастырудан, береке мен бірлікті ту етуден, бір бірімізді жақсы көруден бастасақ Жаратушының берген жақсылығы сол болмақ. Сол үшін қазақ қоғамында адамдар бір бірін жамандау, жек көру болмау керек. Сонда адамдардың қолы бірігеді, ойы бірігеді, пыйғылдары кеңейеді, белсенділіктері артып, ырысы тасыйды. Қысқасы құт қонып, қыдыр дариды. Бұл бізге таусылмайтын, сарқылмайтын асыл қазына. Сол үшін өткендерді қазбалап, жамандап марқадам таппаймыз. Арғы жағы Қазақтың хандарын айтпағанның өзінде соңғы ханымыз Кенесарының өзіне мың сақа жүгіртіп қойдық. Өткен асылдарымызды алуға келгісіз ету ақылға сыймайды. Бүгін бәріміз білгір, данышпан, тарихшы, шежіреші, сөз тыңдамайтын «көсем» болдық. Содан жүрген жерімізге шөп шықпауға айналды. Енді ойлануымыз керек, Мемлекет Басшысының сөзіне құлақ асатын, әмір тұтатын кезіміз дәл осы.
Күллі адам баласының жаман қасиеттерінің бірі – пенделік сезім. Пенделіктің ішінде өз басына, өз мүддесіне ешқандай қатысы жоқ, әлдекімнің мінез құлқындағы болымсы жамандықты қазбалау. Дәл осы «дертке» қазақтар біздер басқа ұлттардың біразынан артық шалдыққанға ұқсаймыз. Біз өзгенің бойынан жамандық іздеуге ерекше құмармыз. Қарапайым мысал келтірейік. Бүгіндері рухымызды асқақтатар ұлттық өнерді емес, батыстың дарақы эстрадасына әуесдеп жатамыз. Алайда көп әншінің әні емес, олардың өміріндегі келеңсіз жайлар, оғашқылықтары қызықтыратыны жамандыққа жанымыз құмарлықтың дәлелі болса керек. Өмірі болғанның өзінде үлгілі жақтары емес, көлеңкелі тұстары қызықтыратыны тіптен қызық. Мәселен олар жайлы сөз бола қалса әніне тамсанған кеңес айтудың орнына неше байдан (күйеуден) айырылғаны, қайда қандай дарақылығымен жұртқа масқара болғаны, ұрысқандары, төбелестері, қызғаныштары жайлы тамсанып тұрып айтамыз, түймедейді түйедей етіп жеткіземіз. Бірақ олардың өмірдегі жағымсыз қылықтарының өсек айтып отырған адамға еш қатысы жоқ. Сонда не үшін тамсана әңгімелейміз? Бұл жерде әншілердің оғаш қылықтары пенделік болса, өзіне еш қатысы жоқ сол жайды тамсана әңгімелеу барып тұрған өсекшілдік, бишаралық.
Осы аурудың асқынған түрі – ұлтымыздың ұлағатты зиялыларының болымсыз бір кемшілігін, пендешілігін жіпке тізіп, бетке басу, сол бір түкке тұрғысыз болмашы кемістігінен ләззат алу. Ұлы Абай көңілдегі бар қайғысын өлеңмен жеткізгенде де сақ болған. «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» дейді.
Бірақ аруақ сыйлаған қазақ бұрын өлгендер жайлы жаман сөз, өсек айтпайтын. Бұған дәлел – «өлгендердің ішінде жаманы жоқ, тірі жүрген адамның өсектен аманы жоқ» дейтін халық мақалы.
Бүгіндері заман азды, енді өлгендердің өзін сілікпесін шығарып жамандайтын болдық. Оны біз «тарихи шындық» немесе «ашығын айту» деп аңғал елді адастырып жүрміз. Әлдекімнің ауыз толтырып, жек көріп айтып отырған өсегі, кемістігі шын мәнінде түкке тұрмайтын пенделіктен кеткен болымсыз қателік екенін аңғармаймыз. Өйткені сол жамандап отырған адамымыз халқына таудай жақсылық істеген адам болса, тарыдай ғана пенделігі таудай жақсылықтың жанында не тәйірі. Алайда тыңдап отырған тағы бір мондыбас бендеге мүлдем теріс ой туғызатынын қаперге ілмейміз. Қазақтың қайраткерлерін жақсы білетін басқа ұлттың, елдің осы қылығымызға етегін ашып күлетінін, бетіміңзге басататынын білмейміз. Ой парасатын әлем мойындаған ұлы ақын Абайдың өзін сан саққа жүгіртіп, кезінде сол тұлғаға қамшы көтерген топастардан асып түстік. Ол ол ма, осындай ұлы тұлғаны өмірге әкелген әкесі Құнанбай қажның өзіне жала жаптық. Бұдан не ұттық, тек қазақ деген халықтың алауыздығын, пәтуасыздығын басқа ұлттарға дәлелдедік. Өйтсе адамның бойындағы болмашы пенделікті үлкейтіп көрсету, ақты қара етіп күйе жағу береке-бірлігімізді бордай тоздырмаса, ағайындық татулыққа жік салмаса, жақсылыққа бастамайды.
Бүгінгі ақпарт құралдарын қарап отырсақ,ұлтымыздың бетке ұстар, маңдайға басар бір туар тұлғаларының өзінен өсекке ілінбеген пенде жоқ деуге болады. Атақты қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, тіпті елім, жерім, ұлтым дегенде ертедегі батырлардай дұшпанына қасқайып қарсы тұрған Жұмабай Тәшеновты, ақыл парасатымен, көркем мінезімен халықтың жүрегін бауыраған Дінмұхамед Қонаевты, қазақ тілін қызғыштай қорғаған Шайсұлтан Шаяхметовты, көркем әдебиетіміздің кемел тұлғалары Мұхтар Әуезовты, Сәбит Мұқановты, Сәкен Сейфуллинді, қазақ өнерінің өрен жұлдыздары Күлаш Байсейтованы, Роза Бағланованы, Асанәлі Әшімовты, Фарида Шәріпованы аузы мұрны қисаймай жамандайтын найсаптарға не айтарсыз. Қазақтың дүл-дүл ақыны Жамбыл атамызды, Мағжандай тұлғаларымызды, Ыбрай Алтансарындей ұлы ағартушыларымызға аузымыз барып, қалайша жамандаймыз. Бүгінгі Әлем мойындаған, бірауыз сөзіне тоқтаған Президнетіміз Қасым Жомарт Кемелұлының біліктілігін, сабырлығын, халқым деген жүрегін, салиқалы саясатын неге түсінгіміз келмейді, неге орынсыз жамандауға дайын тұрамыз. Қазақстан экономикасы жағынан әлемнің алдынғы 50 елдер қатарына жетті. Быйылғы жағдаймен ішкі өнімнің өсуі бойынша әлемдегі алдынғы бес елдің қатарындамыз. Түсінген адамға халық Президентімен бірге болса, қолдап отырса сонда ғана жақсылыққа жете беретіні хаһ. «Бағы қайтқан халық патшасының аяғынан шалатыны»- ның кебін кимеуіміз керек.
Иә, олар да жоғарыда айтқанымыздай періште емес пенде еді. Мүлт кеткен тұстары болғаны шындық шығар. Бірақ олардың бірде-бірі мен білемдікке, өркөкіректікке салынып,халқын ренжіткен жоқ. Өмірде жаза басқан болымсыз қателіктерін дер кезінде түзей білді. Әсіресе, халықтың тауқметін көтеріп, жұмыс жасаған тұлғалар болсын, мейілі ақын жазушылар болсын барлығында да қателіктер болып жатады, олардың ең жақсылығы қателіктерін түзей білгенін де. Сөйте тұра біз олардың жаһанға жар салуға жарарлық жақсылықтарын асырудың орнына, болмашы қателіктерін жерден жеті қоян тапқандай айғайлап тұрып айтуға құштармыз. Ол бізге не үшін керек. Әрине, ұзында өші, қысқада кегі кеткен біреу болса бір сәрі. Аяулы сол бір ағаларымыз бен аталарымыздың көбінің сүйегі бүгінгі айтқыштар мен жазғыштар тумай тұрып қурап қалған әулиелер. Ендеше, несіне ақ тер, көк тер боламыз. Бұл біздің қазақ деген ұлттың ұяттан безіп бара жатқанының айғағы.
Біреудің бір пенделігін көріп, оны айтқысы келіп аузы қышыса, жамандамай жайлап қана жеткізетін жол бар екенін Қадыр Мырза-Әлі ағамыз «Иірім» кітабында көрсете білді емес пе. Бірақ «ол таз еді», «ол ақсақ еді, тоқсақ еді» деп айтпай-ақ тұспалдап жеткізеді.
Сондай-ақ жоғарда тілге тиек еткен бүгін жазғыштар жеріне жеткізе жамандап жүрген кемеңгер жазушы Сәбит Мұқановтың небір мықтылықтарын, адамгершілік қасиеттерін нақты дәлелімен әсерлі баяндайды. Әрине, болмашы педеліктерін де айтқанымен орынын тауып, зілсіз,шынайылықпен жеткізіп, оқырманының да Сәбеңе деген көңіліне кірбің ұялатпайды. Міне бүгінгі жазғыштар, жамандағыштар осыдан неге үлгі алмайды? Адам өзі оқымаған, қулағымен естімеген, көзіммен көрмеген бірдеңелерді «жерден алтын тапқандай» етіп жеткізуге асығады. Осыдан болып ағаттықтар кетеді, ағайындар арасында түсінбеушілік пайда болады, реніштер туады. Ақыры өмір бойы өшпейтін даққа айналуы әбден мүмкін, осыны ойланайық ағайын! Қазақ халқы бірін бірі жамандамайтын ел атанайық!
Жаратушы адам баласына бәрін біліп туатын, ешбір қателеспейтін ақыл бермеген. Онда олар мүмкін құдаймен бақ таласар еді. Сондықтан біз өмірде қателеспес үшін жақсылардың да бойына дарыған болымсыз пендешіліктерімен алыспай тек Алланың күллі дүниені шапағатына бөлеген мейірімін сүйіспеншілікпен қабылдауымыз керек. Жүрегімізде мейірім болса, жамандықты қазбалап, жар салмас едік. Барлығымызға тән болмаса да сырт көз үшін ұлттық менталитетімізге айналып бара жатқан бұл мәселе мені көп ойландырды. Мейірім деген ұғымның, соның ішінде Алланың мейірімін түсінбеу салдарынан бақталастық, көралмушылық, қызғаншақтық, алауыздық сияқты ант атқан пиғылға бой алдырғанымызды терең түсіндім десем артық айтқандық болмас еді. Өйткені мен мұны дін мен ғылымнан, жаратушы мен жаратылыс заңдылықтарынан, пәлсапа мен әпсанадан іздедім. Күрмеудің ұшығын тапқандай болдым. Өз пайымымды пәлсапалық кітап жазғандарға да ұсындым, ортаға салдым. Ұсынысыма ой бөлгендер де аздау. Бұл да жақсы дүниеге елең етуден гөрі бір-біріміздің жамандығымызды қазуға құмар пендешілігіміз, пендешілік емес, хакім Абай айтқан қазақтың «етінен өткен, сүйегіне жеткен надандығы» бишаралығымыздың белгісіне айналмасын деген ізгі ниет! Қамшының сабындай ғана азғана ғұмырымызда бір бірімізді жамандамайық, керісінше тату болғанға, бір бірімізді демеп, қолдап жүргенге жетер болмайды.

Өркен Нәсібекұлы, Түйе палуан, Журналист

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь