Бір үзік ШАХТАДА

0
26582
Мен де электровоз машинисімін. Әрі бригадирмін. Жасым жиырмадан жаңа асқанымен, басшылар анау қырық-қырық бестердегі Ақан ағаларым, Анатолий Шабалкин бастаған бес-алты адамға жетекші етіп қойған. Тәрізі, «диірменде туған тышқан дүбірден сескенбейді» демекші, менің кеніш түбінде туып-өсіп, әкемнің де, тіпті, шешемнің де шахтада еңбек етіп, іспен бала кезден-ақ етене таныс екенімді ескерсе керек. Оның үстіне әскер қатарынан оралғаныма көп өте қойған жоқ, берілген тапсырманы тақ-тұқ, тиянақты орындауға тырысатын әдет бар.
Шахта жұмысының реті де әскери тәртіпке ұқсас. Әрбір кезекті іс алдында учаске бастығы мен ауысым мастері бригадалар мен жеке адамдардың күнделікті міндеттерін нақпа-нақ белгілеп береді. Осыдан соң ғана қауіпсіздік ережесін сақтау кітабына қол қойып, киім ауыстырып, фонарь, самоспасатель секілді керек-жарағыңды алуға жөнелесің.
Шамдары самаладай жарқырап, бір іргесі кен-байыту фабрикасымен ұштасқан аумағы ат шаптырым эстакададан қысы-жазы салқын леп ұрып тұрады.
Мен, әдетте, тобымызбен оқпандағы тор көтермеге табан тіреп, шахта шыңырауына заулап түсіп бара жатқан сәтте сонадайдағы аспалы будкада отыратын есепші қыз Шолпанға «сәлем» жолдап үлгеремін. Бес саусағымның ұшын бүріп әкеліп әдемілеп «өбем» де, осы «сезімді» соған қарай серпе «шашып» жіберемін. Сүйемін сені деген сөз. Ақиқатында, мұным әшейін еріккендік немесе кезекті «комплименттің» сиқы. Болмаса жай назар аударудың белгісі ғой. Әйтпесе әкетіп бара жатқан махаббат емес. Өзін жек көрмейтінім де рас. Бірақ жөндеріміз басқа…
Қасымдағы кенші ағаларым әлгі әрекетіме «ай, жыныңды ұрайын-ай!» дегендей, бір-біріне көз астымен қарап, жымыңдасып тұрады.
Шолпан менен екі-үш жас кішілігі бар, аққұба жүзі дөңгеленіп, нәркес көздері мөлдіреп, әрдайым жымиып қана жүретін бір сүйкімді бала. Еліктің асығындай ғана, талдырмаш қыз. «Сәлемдемеме» қозғалақтап, иығынан құлаған білектей бұрымын артқа қарай серпе тастап, төбесіне тымпита тартқан орамалын одан сайын қос қолдап қатайта байлап, үстіндегі шап-шақ қара күпәйкесін қымтана түсіп, ақсия күліп жауап қатады. Осынысы маған бір ауысымға молынан жететін «азық». Күні бойы кеудені шуаққа бөлеп, іш жылытады.
Бірақ осы жолы ол қарындасыммен амандасудың сәті келмей қалды-ау деймін. Тұнжырап жүріп өзін көрген-көрмегенімді аңдамай да қалыппын.
Тетіктері өзара байланысты конвейер ретіне бағындырылған шахта жұмысының өзі артық-ауыс қимылға мойын бұрғыза бермейді. Әсіресе, бірер сағаттай қалыпты ырғаққа түскенше жан-жаққа қарайлауға мұрша жоқ. Түсе сала көп бөгелмей, даяр тұратын бос вагонеткаларды тіркеп алып, жауапты тапсырмаға жөнеген жойғыш зымырандарша бірімізден кейін біріміз электорвозды гу-гу еткізіп, алты-жеті шақырым межедегі лава түкпіріне қарай заулап бара жатамыз.
(МҰҚАШ Қ. Боз жауын. Әңгімелер жинағы. Ант сәтінде ай тұтылады. – Астана: Профи Медиа, 2011. – 22-б.).
Суретте: өзім. Алматы. 1980 жыл.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь