Шахмат мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізіле ме

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары жүзеге асып жатыр. Оның бір бағыты – шахматты мектеп бағдарламасына вариативті компонент ретінде енгізу. Былтыр пилоттық жоба ретінде еліміздің 7 өңіріндегі 42 мектептің оқушылары шахматты меңгере бастаған.

Ал қазір 750-ден астам мемлекеттік мектеп басшылығы шахматты оқу бағдарламасына енгізуге дайын екенін жеткізген. Бірден айтайық, пән ретінде емес. Қазір білім беру жүйесінде қолданылып жүрген вариативті компонент деген термин бұрынғы факультативті сабақ деген ұғымды білдіреді. Яғни, таңғы ауысымда оқитын оқушы түстен кейін мектепке барып шахмат үйірмесіне қатыса алады деген сөз.

 Қазақстан шахмат федерациясы
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Жоба шеңберінде 1-4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілген. Оқу бағдарламасы шеңберінде шахматты бастауыш сынып педагогтары үйретеді. Бұл туралы Астанада өткен «Білім берудегі шахмат» халықаралық конференциясы барысында айтылды.

Іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) қолдауымен және Freedom Holding Corp. бас әріптестігімен KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Конференцияда АҚШ, Еуропа, Азия және ТМД елдерінің халықаралық сарапшылары, сондай-ақ Қазақстанның білім беру жүйесінде еңбектеніп жүрген 200-ден астам педагог бас қосты.

 Қазақстан шахмат федерациясы
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Конференцияның мақсаты – білім беру саласына шахматты енгізудің тәжірибесі мен үздік практикасын алмасу. Екі күндік панельдік пікірталас барысында халықаралық және қазақстандық сарапшылар бүгінгі таңда жаһандық трендке айналған білім беру шахматының дамуы, цифрландыру және жасанды интеллект қарқынымен дамып жатқан зияткерлік ойынның адам дағдыларының дамуына тигізетін әсерін талқылайды. Сондай-ақ шахматты мектеп пен жоғары оқу орындарына енгізудің тәжірибесі мен үздік практикасын бөліседі.

«Бұл конференция – FIDE өкілдерімен және шахматшылар қоғамдастығымен «сағатты салыстырып тексеру» үшін ғана емес, сонымен қатар осы саладағы озық тәжірибе мен үздік практиканы алмасудың жақсы мүмкіндігі. Қазірдің өзінде Қазақстанның бөлісетін және қабылдайтын нәрсесі бар. Білім беру саласының үздік сарапшыларының, қазақстандық педагогтар мен шахматшылардың басы қосылатын бұл алаң барлық қатысушыларға пайдалы болады деген үміттеміз», — деп атап өтті KazChess президенті Тимур Турлов.

KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов қатысушылармен шахматты мектепке енгізу барысындағы федерацияның негізгі жетістіктерін бөлісіп, елімізде шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу мен қабылдаудағы Қазақстанның тәжірибесін айтып берді.

«Бүгінде Қазақстан шахмат федерациясы осы зияткерлік ойынды білім беру саласына енгізу үдерісінің негізгі драйвері болып отыр. Оқу-ағарту министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп күш-жігер салудың нәтижесінде өткен оқу жылында Қазақстанның жеті аймағындағы 42 мектепте 1000-ға жуық бірінші сынып оқушысын қамтыған шахматты вариативті компонент ретінде ендіру жөніндегі пилоттық жобаның бірінші жылы сәтімен іске асырылды. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен мақұлданды», — деді Д.Сәдуақасов.

«Білім беру шахматы жаһандық тренд ретінде» атты панельдік пікірталас барысында Джерри Нэш шахматты мектеп бағдарламасына енгізу оқушылардың сыни және стратегиялық ойлау қабілетін дамытып, басқа пәндер бойынша үлгерімі жақсартатынын атап өтті.

 Қазақстан шахмат федерациясы
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Айта кетейік, 2024 жылдың сәуір айында 1-сынып оқушыларына арнап әзірленген оқу-әдістемелік кешен бекітілген. Қазіргі уақытта екінші сынып оқушыларына арналған оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, оны жақын арада белгіленген процедура бойынша келісуге ұсыну жоспарланып отыр.

2024-2025 оқу жылына дайындық мақсатында аймақтардың білім басқармаларымен бірлесе отырып шахматты вариативті компонент ретінде енгізуге дайын екенін растаған 767 мектептің тізімі анықталған. Қазіргі уақытта мектептердің тізімі жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері және бір адамға шаққандағы қаржыландыру көлемі ескеріліп, білім беру басқармалары деңгейінде нақтыланып жатыр.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *