Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР» – 2024 ұлттық бәйгесіне өтінімдерді қабылдау басталды.
Медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар байқауға қатыса алады.
Өтінімдер 13 тамыздан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
Конкурстық жұмыстар 2023 жылдың 7 тамызы мен 2024 жылдың 11 тамызы аралығында республикалық, өңірлік және халықаралық баспа және интернет-басылымдарда жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады.
Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:
- Жылдың үздік сұхбаты;
- Жылдың үздік репортажы;
- Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал;
- Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
- Жылдың үздік аналитикалық материалы;
- Радиостанциядағы үздік жоба;
- Жылдың үздік фотосуреті;
- Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
- Үздік өңірлік БАҚ;
- Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал (баспа, радио, интернет-журналистика саласында);
- Үздік подкаст;
- Үздік YouTube каналы.
Жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайтын болады.
Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның жеңімпазына «ҮРКЕР» – 2024 естелік мүсіншесі мен 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.