Бір қарағанда қас-қағым сәттей болып зымырап өткенімен, көлеңкесі де, күншуағы да көп жиырма жыл өтті. Өткен күннің естеліктерін еске алып, терең ойлардың құшағында отырған көрікті әйел Мәскеу әуежайына қонғаны жайлы екі тілде айтылатын ұшақ жолсерігінің хабарламасымен селт етіп оянғандай болды. Бет-әлпетін реттемек болып, қол сумкасынан айнасын алып қарады. Ол бір сәтке қазіргідей ажарына көркі сай, қоғамдық істер мен бизнес саласында айтарлықтай табысқа жеткен Алия ханымды емес, тағдырдың тауқыметін недәуір тартқан бойжеткен қыз Әлиямен бетпе-бет жүздескендей болды…
Сонау бір бейбіт жылдары Шудың бойында қазақ отбасында үш ұлдан кейін дүниеге келіп, “бір қызымыз болды” деп ата-анасын қуантып, батыр болсын деп Әлия есімін меншіктенген оның Алия болып өзгеріп кетуі өзге үшін маңызды болмаса да, өз өзегін өртейтін өрлі-қырлы жол еді. Дүниеге келген сәбиге берілген есім оның тағдыр тағылымына азды-көпті әсері болатын көрінеді. Ол әйгілі Әлия апасындай майдан даласында соғыста болмаса да, өмір өткелдерінде өзіндік күреспен өтті. Жеңіс пен жеңілістер сан мәрте алмасты.
Анасының қамқорлығында кенжесі болып өскен оның алаңсыз күндері орта мектепті тәмамдауға екі жыл қалғанда аяулы анасының дәрігерлердің жауапсыздығынан аяқ асты дүниеден өтуімен бақытты күндер аяқталғанды. Ол кезде үш ағасы да өз отбастарын құрып, бір-бір отау иесі болған. Ұлдар қой аузынан шөп алмас момын нағашыларына тартты ма, әлде “бұрын бір ауылды бастайтын азаматтардың енді бір әйелден аспайды” деген халық даналығының дәлелі болды ма, әйтеуір бір түрлі ынжық еді.
Онсыз да үйде болмай, үнемі командировкада жүретін әкесі белгілі бір уақыт шаңырағында болды да, Әлияны ағаларының қолына қалдырып, қызметіне байланысты тағы да Алматыға кетіп қалды.
Жеті жеңгең болса да, бір анадай қайдан болсын… Қатал жеңгенің қас-қабағына қараған қаршадай қыз таң сәріден сиыр сауумен басталып, аула сыпыру, от жағуға дейін күн ұзаққа ұласатын бағалаусыз еңбегі күн сайын қосыла берді. Ауылдағы ауыр тұрмыс кешегі ерке-тотай кенже қызды өз тезіне бағындырды. Көбіне арақкеш үлкен ағасының қабағы қатулы әйелі Күйкентайдың үйінде тұратын Әлия анасы берген есімнен де айрылып, “тұлжетім” лақабына ие болды. Қиналған сәттерінде анасының жылы дауысын есіне алатын.
Анасы барында: “Алматыға әкемнің жанына барып оқуымды жалғастырам”, — дейтін еркелеп.
— Құлыным-ау, Алматыға барсаң, ақ нанды жатып жейсің, — деуші еді анасы шашынан сипап.
— Неге жатып жеймін, анашым? Төрде отырып жемеймін бе? — деп сұрайтын кішкентай Әлия сонда.
— Жоқ, ботам… Оқу мен жұмыстан сондай шаршайсың, тіпті отыруға да шамаң келмей қалады, — деп күлетін анасы мұңды жанарын жасырып. Мүмкін ғұмырының қысқа болатынын іштей сезіп, қаршадай құлынын қасынан шығарғысы келмеді ме екен?! Еһ, тағдыр-ай десеңізші, үш жеңгесінің бірінен соң бірі жұмсайтын таңнан түнге дейінгі бітпейтін шаруасынан қара нанды жатып жеуге де мұршасы келмейтін.
Біреу әкесін бай болмады деп налитын болса, Әлияның әкесі өмірде бар болса да жоқ. Себебі сол кеткеннен қайта үйге оралмады да, бір орыс әйелмен үйленіп алғаны туралы ғана хабардар болды. Анасынан бір айрылып, қанатсыз қалған торғайдай жетім қыз енді әкесінен алшақтап, тірі жетім болып, қанатынан қайрылғандай болды.
Ол айнаға қарай отырып, өткен күннің елесіне сүңгіп кетті. Оның көз алдына ауылдағы ауыр күндер, жеңгесінің қатал дауысы келді.
Ауыл адамдарына сыртай ашық жарқын ақ көңіл болып көрінетін Күйкентай жеңгесі Әлияға өзгеріп шығы келетін. Әлияның қолына бос шелекті ұстатып жатып, қабағын түйе сөйлейтін:
— Әй, «тұлжетім», неге мелшиіп тұрсың? Сауын басталды, сиырлар өкіріп жатыр! — деді ол дауысын көтеріп.
— Жеңеше, сабағымнан кешігіп жатырмын… Бүгін емтихан еді, — деді Әлия дауысы дірілдеп.
— Сабақ дейді ме? Сенің сабағың — осы қора мен ошақ қасы. Әкең Алматыда орыс қатынымен сайран салып жүргенде, біз сені тегін асырап отырған жоқпыз. Көз жасыңды тый да, тездет! — Күйкентайдың бұл сөздері жетім қыздың жаралы жүрегіне оқтай қадалатын.
Осылайша күні мен түні белгісіз тәуліктер бірінен соң бірі алмасып, екі жылды да артқа тастап үлгерді. Той-мерекелер мен басқосулар басқаларға асыға күтетін қуаныш болғанымен, Әлия үшін маңдай тері мен көз жасы төгілетін қасірет күндері болғалы қашан. Күйкентай жеңгесінің тепкісінен сәл босағанда, торғайдай қыздың барып паналар бұтасы — көп жылғы көршісі жалғызбасты қарт ана еді.
Ол үйдегілер тойға кеткенде жеңгесінің қарғысы мен тепкісінен жаны жараланған Әлия көз жасын сүрте салып, көрші үйдің есігін ақырын ашты. Төрдегі ескі төсекте отырған кейуана оны көре салысымен құшағын жайды:
— Келе ғой, ботам… Келе ғой, қарлығашым, — деді қария Әлияны бауырына басып. Оның маңдайынан ұзақ иіскеп, шашынан сипады. — Тағы да солай болды ма?
Әлия еңкілдеп жылап жіберді:
— Жеңшем мені адам құрлы көрмейді, әже… Менің бұл үйге неге керек екенімді де білмеймін. Анашым болғанда ғой…
— Жылама, қарағым. Анаң Гүлбану нағыз тектінің тұяғы еді, — деді қария дауысы дірілдеп. — Есіңде ме, ауылда аштық па, жоқшылық па болғанда, анаң қолындағы соңғы нанын өзгелерге үлестіріп жүруші еді. «Адамның күні адаммен, балам, біреуге жақсылық қылсаң, алдыңнан шығады» деуші еді жарықтық. Сен сол анаңның ақ сүтін емгенсің, Әлия. Тағдыр сені бүгін сынайды, бірақ ертең еркелетеді.
Әлия көз жасын сүртіп, қарт ананың қолдарын уқалады:
— Әже, мен сіздің кір-қодарыңызды жуып келейін, үйіңізді реттейін. Сіз тек сөйлей беріңізші… Анашым туралы тағы айтыңызшы…
— Айтайын, айналайын… Сенің есімің орынсыз қойылған жоқ. Әлия деген — биік, асқақ деген сөз. Сен де сол есіміңе сай биіктейсің. Мына таршылықтың бәрі уақытша. Тәңір тілеуіңді берсін, құлыным! Маңдайың ашық болсын! — деп қария алақанын жайып бата берді.
Әлия осылайша қарт ананың жылы сөздерінен соң бойына рух бітіп, үйіне қайтатын. Ол үшін бұл бата — қараңғы түндегі жалғыз шамшырақтай еді. Алайда сол шамшырақ та бір ай бұрын мәңгілікке сөніп қалды… Тағдыр бір сүріндірсе, мың сүріндіреді демекші, өкінішке орай, жетім қыздың жоғалтуының соңы бұл болмады.
Бірде жеңгесінің төркінінен қонақ келіп жатқанды. Әттетегідей бұл басқаға ән күйге толы, әңгімн дүкен құратын көңілді сәт болғанымен оған толассыз қарбалас қана. Аулада қонақтардың дабырлаған дауысы естіледі. Күйкентай ас үйден атып шығып, Әлияға тап берді:
— Әй, не істеп жатырсың мұншама? Қонақтар аштан өле ме? Қазанды неге тездетіп аспайсың? — деді ол көзі аларып.
— Қазір, жеңеше… Отын дымқыл екен, тұтанбай жатыр, — деді Әлия қолы дірілдеп.
— Маған сылтау айтпа! Қазір тамақ дайын болмаса, өзіңнен көр! — Жеңгесінің зәрлі сөзінен қорыққан Әлия отты тезірек лаулатпақ болып, пешке жақындай бергені сол еді, абайсызда қазандағы шыжғырылып тұрған май отқа лап етіп төгілді.
— А-а-а! Бетім! — ащы айғай ауланы жаңғыртты. Қап-қара түтін мен қызыл жалын Әлияның сол жақ бетін шарпып өтті.
Тапшанда түнімен ішіп енді қор ете түсіп ұйықтап жатқан ағасы атып тұрып, қолына ілінген ескі көрпемен Әлияны қымтай салды. Өрт сөнгенімен, Әлияның жаны өртеніп бара жатқандай еді. Ол есінен танып бара жатып, жеңгесінің суық дауысын естіді:
— Ойбай-ау! Көрпе күйді-ау! Мына оңбаған пештің қасындағы жаңа орамалдарды да өртеп жіберіпті-ау! — Күйкентай қыздың бетіне емес, күйіп кеткен шүберектерге қарап безектеп жүрді.
Ағасы зорға тілге келді:
— Сен не айтып тұрсың? Қыздың беті кетті ғой! Дәрігер шақыртсаңшы! — деді ол Әлияның басын сүйеп.
Жеңгесі бетін басып, налығансып:
— Несіне дәрігер шақырамын? Өзінің ақымақтығы. Енді мынадай бетімен елге қалай көрінеді? Жұрттан ұят болды-ау, бетімізді жерге қаратты…— деді Әлияға жиіркене қарап.
Әлия көзін зорға ашып, жеңгесіне телмірді. Оның жанындағы ауырсынудан гөрі, «бетімізді жерге қаратты» деген сөз жүрегін қаттырақ күйдіріп бара жатты. Ол өзінің сұлулығымен емес, анасынан қалған ең соңғы белгімен — нұрлы бейнесімен қоштасқанын сонда ғана сезінді Бірақ ешкім оның бет-әлпетіндегі күйігін емдетуге назар аудармады. Кейін оның бет-әлпеті тыртық болып қалғандықтан, “келген қонақтардан ұят, балалар қорқады” деп Әлияны үйден алшақ ұстады.
Бір күні ол сыртта отын жинап жүріп, үй ішіндегі ағасы мен Күйкентайдың қаттырақ шыққан дауысын естіп қалып, еріксіз тоқтай қалды.
— Менің төркінімнен келген хабарды естідің бе? — деді Күйкентай күйеуіне зекіп. — Ауылдағы Кәрім шал Әлияға құда түсіп отыр. Беті күйсе де, қолы епті, үйге үйір қыз ғой дейді. «Малымды бағып, шәйімді береді, қалың малын артығымен беремін» депті.
Ағасы күмілжіп, темекісінің түтінін будақтатты:
— Әй, Күйкентай, ұят болады-ау… Әлия әлі бала ғой. Әкем білсе, бізді тірідей сояды. Кәрім шалдың жасы жетпіске тақап қалмады ма?
— Ұят? — Күйкентай қарқылдап күліп жіберді. — Оның мынадай түрімен кім алады? Көрші-көлем «келбеті бұзылған, бағы байланған» деп сыртынан күледі. Көрген адам шошынады. Сенің арағыңа ақша керек пе? Міне, дайын олжа!
Әлияның қолындағы отын жерге түсіп кетті. Жүрегі атқақтап, үйге атылып кірді.
— Ағатай! Жеңше! Мен ешқайда бармаймын! Мені ол шалға сатпаңыздаршы! — деп өксіп жіберді.
Күйкентай мырс етті де, Әлияның жаулығынан тартып қалып, бетіндегі тыртыққа саусағын шошайтып:
— Ендеше, Алматыға құры! Онда жаңадан ашылған мақта-мата фабрикасына жұмысшылар жинап жатыр екен. Жатақханасы бар, күніңді көресің. Ауылдан қараңды батыр! Мына түріңмен біздің де, балаларымыздың да бағын байлап біттің. Ағаңның көзіне де көрінбе, ол сені Кәрімге беруге келісіп қойған! — деді өтірікті шындай соғып.
Ағасы үнсіз жерге қарады. Сол сәтте Әлия өзінің бұл үйге мүлде бөтен екенін, тіпті туған ағасының да оны қорғай алмайтынын түсінді.
— Жарайды… Кетемін. Тек ол шалға бермесеңіздер болды, — деді Әлия дауысы суық шығып.
Осылайша, Әлияның қолына кішкентай түйіншегін ұстатып, күздің қара суығында Алматыға кететін жүк машинасының қорабына мінгізіп жіберді. Туған ауылының шаңы артында қалып бара жатқанда, Әлия өзінің балалық шағымен, үмітімен және Әлия деген есімімен де қоштасқандай еді…
Ол кезде фабрика жұмысшыларына өкімет тарапынан түрлі қамқорлық бар еді. Әрі жемісті еңбек еткені, әрі үш айлық қысқа маусымда орыс тілін толық меңгергені үшін болар, Әлия Мәскеуге жіберілетін жұмысшылар қатарына қосылып кетті. Бұл 1985 жылғы Октябрь мерекесінің қарсаңы еді. Күнкөрісі қанша ауыр болса да, сары күзбен бірге келген туған жерге деген сарғайған сағынышты күндер мен көп жылға созылатын Алия деген жаңа атаудың басталуы еді.
Бөгде жер мен түсі өзгеше, бір түрлі суық адамдардың арасына тап болды. Негізінен түнгі кезектегі жұмысқа шығатын ол үнемі тұнжыраған аспаннан ай сәулесін көріп қалам ба деп көк жүзіне телміргені сияқты, сан мыңдаған мәскеулік адамдар арасынан бір қазақ кез болып қалар ма екен деп үміттенетін. Расында, сондай үміттер жақсы бір жаңалықтың алдын ала хабаршысы іспетті ғой. Аптада болмаса да, айда бір барып қайтуды әдет еткен Арбат көшесінде өзбек, қырғыз құрбыларымен серуендеп жүріп, бір күні тап бір уәделескендей бір жылы жүзді қазақ азаматымен кездесіп қалды.
Арбаттың суық желі бетін қарып бара жатқанда, Әлия өзінің тыртық бетін орамалымен жауып, төмен қарап келе жатқанды. Кенет біреу қазақша тіл қатты:
— Қарындас, кешіріңіз, сіз қазақсыз ба? — деді жылы дауыс.
Әлия селт етіп, басын көтерді. Қарсы алдында еңгезердей, жанары мейірімге толы жігіт тұр екен.
— Иә… Қазақпын, — деді Әлия ұялып, бетіндегі тыртығын жасыруға тырысып.
— Мен Айдынмын. Осында оқимын.
Мына суықта жалғыз Қазақ қызы не істеп жүр екен? Көзіңізден туған жердің сағынышы көрініп тұр екен…
— Мен мұнда жұмыс істеймін. Есімім — Әлия, — деді ол сыбырлап.
— Әлия? Қандай көркем есім! Шығыстың қос жұлдызының бірі ғой. Сіздің мұңайып тұруыңызға болмайды, — деді Айдын жымиып. Бұл кездесу оның өміріндегі алғашқы жылулық еді.
Олардың жақын танысуы үйірінен бөлініп қалған құлындай құлазып жүрген қаршадай қызға сәттілік әкелді. Осылайша Ленинград қаласы тұрғыны, Мәскеуде медицина саласында білім алып жүрген мейірімді азамат Айдын оны қаладағы оқып, еңбек етіп жүрген қазақ жастарының ортасына қосты. Бұл кездейсоқ кездесу Жаңа жыл қарсаңында “елге қайтып кетсем, енді Мәскеуге қайта оралмаспын” деп ойлайтын Әлияның үлкен қалада өз орнын тауып орналасып қалуына нақты себепкер болды. Таныс дәрігерлері арқылы Алияның бет-әлпетіне бірнеше рет ота жасатып, қазақтың сұлу қаракөз қызының келбетіне қайта қауышуына қолғабыс жасады. Қазақ зиялыларымен болған кездесулер мен мәдени шараларға бірге барады. Айдын екеуінің Арбатта кездейсоқ жолыққанына дәл бір жыл болғанда, Алматыда “Желтоқсан” оқиғасы бұрқ ете қалды.
Осыдан он күн кейін Жаңа жыл қарсаңында қазақтың бір ұлтжанды ақын, жазушы азаматымен мәскеулік қазақ жастар арасында бір рухани кеш ұйымдастырылған еді. Қайдан мәлімет алғаны беймәлім, Айдын елден келген ақын ағаны “Алматы алаңындағы көтеріліске байланысты” деп Мәскеу милициясы тұтқындау ниетінде екенін біліп, жазушы-ұйымдастырушыларға құпия түрде асығыс мәлімдеді. Кеш тоқтатылып, ақын, жазушы ағаны мейрамхананың артқы есігінен шығарып, абыр-сабыр Алматыға аттандырып жіберді. Кешікпей қазақтың атпал азаматын жазықсыз жазадан құтқарып қалған Айдын өзі тұтқындалып, қудалауға ұшырады.
Осылайша желтоқсанның ызғарлы желі әзірге бір-біріне сезімдерін енді ғана білдіріп жүрген екі жасты да шарпып өтіп, Әлия қиын күндері сүйеу болған сүйіктісінен көз жазып қалды. Бір күні ол қайта оралар деген үмітпен Әлия да Мәскеуде табысты еңбегін жалғастырумен қатар оқуға түсті. Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдарда оқуы аяқталмағандықтан, Ресей азаматы болып жалғасты тұра берген ол табысты бизнес ашты. Өзінің көп жыл бұрын Мәскеуге алғаш келгендегі ауыр күндерін бір сәт есінен шығармаған ол қайырымдылық істерге белсене араласып, “қазақ студент жастары ана тілі мен мәдениетін ұмытпасын” деген ниетпен қоғамдық қорды үнемі қаражатпен қамтамасыз етті. Осындай бір жиынға қатысқалы Санкт-Петербург қаласына барғанында, көп жыл үмітпен күткен Айдынды жолықтырды. Бес жыл бойы түрме ауыртпалығын тартып, Сібірге жер аударылған ол Кеңестер одағы ыдырағаннан кейін де сол жақта тұрып қалып, көп жылғы жазалау мен суықтың әсерінен болып, сол аяғын алдырған екен. Осында ота үшін келген беті еді. Ол оның әрі жүрегінде, әрі аяғында жасалатын күрделі ота үшін шетелдік дәрігерге төленетін қомақты қаражатты берген қайырымды жан — бір замандар өзі қамқор болған Әлия деген ханым екенін білген де жоқ еді. Өзі қолұшын созған адамдар жайлы ұлты мен қанша қаржы қажет екенін ғана анықтайтын қайырымды жан олардың аты-жөнін ешқашан сұрамаушы еді. Тек науқастың отасының сәтті болғанына бола жағдайын біліп құттықтайтын.
Бұл жолы Айдынды таныған кезіндегі көңіл-күйі әлем-тапырақ болды.
Арада жылдар өтседе Алия ханым алғашқы махаббатын мүгедектер арбасында отырған шаршаңқы науқас адамның болып алдына келеді деп күтпеген. Ол Айдын екенін бірден таныды, бірақ Айдын оны танымады.
— Жағдайыңыз қалай? Ота сәтті өтті, дәрігерлер енді бәрі жақсы болады дейді, — деді Алия дауысы дірілдеп.
— Рақмет, ханым. Сіздің қайырымдылығыңыз шексіз екен. Бірақ мен түсінбеймін… Неге маған көмектестіңіз? — деді Айдын шаршаңқы дауыспен.
Алия еңкейіп, оның қолынан ұстады:
— Айдын, есіңде ме? Арбат… 1985 жылдың күзі… Тыртық бетті қазақ қызы…
Айдынның жанары сонда ғана оттай жанып, таңырқай қарады:
— Әлия? Сен бе?! Осынша жылдан кейін… Мен сені Мәскеудің қалың жұртынан жоғалтып алдым ба десем…
— Мен сені таптым, Айдын. Енді ешқайда жібермеймін, — деп Алия жылдар бойы ішінде сақтаған өксігін жасқа айналдырды.
Анасынан айрылғаннан кейін алғаш рет көз жасына ерік берді. Бірақ бұл — қуаныштың көз жасы еді. Өмірінің қыстай қатал күндерінің көктем болуына көмегі болған азаматына осылай қайта қауышып, жаздай жадыраған маусымы басталды. Мүмкін, сол баяғы өзі батасын көп алған кейуананың тілегі қабыл бола бастағандай.
Олар Наурыз мерекесі қарсаңында мәскеулік қазақ қауымдастығы мәдени шаралар ұйымдастыратын үлкен залда той жасады. Зере есімді анасынан аумайтын сүйкімді қыздары болды. Осылайша тек Айдынның денсаулығы сыр беріп, арбада отырып қалғаны болмаса, еш алаңсыз күндері жалғасып, табысы тасқындаған бизнеспен айналысқан жылдар жылжып өтіп жатты. Алия ханым сол баяғы ұлт рухына демеушілік жасаған қайырымдылық істері жалғасын тауып, Ресейдің түкпір-түкпіріндегі мәдени шараларға қалт жібермей қатысып жүрді. Астана мен Алматыға барған іссапарларында қазақстандық көп шенеуніктің шетелде туып-өскен қазақтар құрлы тіліне құрметі жоқтығы мен мәңгүрттігі жанын жегідей жеп, “туған елге оралсам” деген ой туындайтын. Әрі қиын күндері жанына жар болған өмірлік жолдасының жанында, оның туып-өскен жерінде бірге болуы керек сияқты.
Бірақ оның ендігі тек уайымы — жалғыз қызы Зеренің келешек тағдыры, оның теңін дұрыс тауып, қазақ жігітімен тұрмыс құруы болатын. Қазақстанға барған әр сапарында қызына тек қана қазақ киімдері мен ұлттық нақыштағы сыйлық әкеліп беретін. Бұл жолы ол Мәскеуге отбасы мен көзінің қарашығы — қызы үшін ең үлкен сыймен оралды. Ол — “туған жерге ораламыз, Қазақстан азаматы боламыз, атамекенге көшеміз” деген маңызды шешім еді. Себебі осы жолғы жиында танысқан қазақ журналисі Қасым Қайыровтың дәлелдеп айтқан баяндамасы бойынша, қазақ тіл-мәдениетін сақтаудың, ұрпақ тағдырының оңынан болуының ең тура жолы — туған жерге, Отанға оралу болмақ. Әрі мағынасыз Алия деген есімнің Әлия болуының тек жолы осы еді.
Тілек ҚАЙЫРДЫНҰЛЫ



