Дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында «Болашақ» халықаралық стипендиясы 2026 жылдан бастап «бакалавриат» бағдарламасын іске қосуда.
Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясына өтінімдер қабылдау науқаны басталды. 2026 жылдан бастап бағдарламаға айтарлықтай өзгерістер еніп, дарынды жастар үшін бакалавриатта оқу мүмкіндігі қайта ашылды.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында жас дарындарды қолдаудың стратегиялық жоспары бекітілді.
Басты жаңалық — халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздары енді «Болашақ» стипендиясы арқылы әлемнің үздік университеттерінде бакалавр дәрежесін ала алады.
Кімдер стипендиат атана алады?
Комиссия шешімімен бакалавриат бағдарламасына қатысуға мүмкіндік беретін беделді халықаралық додалардың тізімі бекітілді. Оған 7 пәндік олимпиада және 2 ірі ғылыми жоба конкурсы енді.
Халықаралық пәндік олимпиадалар тізімі:
Математика (International Mathematical Olympiad – IMO);
Физика (International Physics Olympiad – IPhO);
Химия (International Chemistry Olympiad – IChO);
Биология (International Biology Olympiad – IBO);
География (International Geography Olympiad – iGeo);
Информатика (International Olympiad in Informatics – IOI);
Лингвистика (International Linguistic Olympiad – IOL).
Ғылыми жобалар конкурстары:
ISEF Regeneron — мектеп оқушыларына арналған дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрме;
FIRST Global Challenge — робототехника бойынша халықаралық чемпионат.
Жаңа бастаманың маңызы қандай?
Мамандардың пікірінше, бұл қадам еліміздегі «интеллектуалды элитаны» ерте жастан қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық деңгейде өз білімін дәлелдеген жастардың әлемдік оқу орындарында тәжірибе жинақтауы Қазақстанның кадрлық әлеуетін нығайтпақ.
Бұл бастама дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды қадам болып табылады және халықаралық деңгейдегі білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді, – делінген Халықаралық бағдарламалар орталығының хабарламасында.
Айтай кетейік, «Болашақ» стипендиясы оқу ақысын, жол шығындарын, медициналық сақтандыруды және ай сайынғы шәкіртақыны толық өтейді.



