Қауіпсіз қоғам — арман емес, мемлекет пен халықтың міндеті

0
50
Бүгінгі қоғамда өмір сүріп отырып, кейде еріксіз заманның ақыры келген жоқ па?»-деп ойға батасың.
Әлеуметтік желіні ашсаң болды бірінен кейін бірі жағадан алатын, жан түршіктіретін қылмыстық жаңалықтар. Есіңді жия алмай қаласың.
Бірде кәмелетке толмаған жас қызды алып қашып, зорлады дейді.
Бірде әйелін өз қызының көзінше пышақтап өлтірген дейді.
Келесі күні қызды алып қашып көнбегені үшін өлтіріп кетіпті.
Тағы бірде туған күйеу баласы бір үйдің төрт бірдей адамын қырып салған.
Тіпті 82 жастағы қарияның өз шөбересін зорлағаны туралы ақпаратты оқығанда, адам баласының ақыл-есіне сенуден қаласың.
Құдай сақтасын!
Қазақ бұрын соңды мұндай сұмдықты естімеген еді. Бүгін біз балаларымызды “ешкімге сенбе, өз-өзіңді қорға” деп тәрбиелеуге мәжбүр болдық.
Бұл қоғамның ауыр дертке шалдыққанының белгісі.
Қатыгездік қайдан шықты?
Мәселе бір-екі қылмыскерде емес.
Мәселе тұтас қоғамда.
Құндылықтар әлсіреді, тәрбие екінші орынға ысырылды.
Адам өмірінің қадірі арзандап барады.
Заң бар, бірақ ол қылмыскерді қорқытпайды. Өйткені ең ауыр қылмыс жасаған адам да өмір бойы түрмеде отырамын, бірақ тірімін деп ойлайды.
Ал сол адамды мемлекет өмір бойы асырайды.
Тамақ, киім, жылу, күзет бәрі салық төлеушінің мойнында.
Ал жәбірленуші ше?
Оның үзілген өмірі, күйреген отбасы, жетім қалған балалары кімнің есебінен өтеледі?
Өлім жазасы қатыгездік пе, әлде әділет пе?
Аса ауыр қылмыс жасаған азғын, хайуаннан төмен адамдарға ең қатал жаза қолдану керек деген пікір қоғамда күннен-күнге күшейіп келеді.
Бұл қанқұмарлықтан туған ой емес, қорқыныштан, шарасыздықтан, әділет іздеуден туған талап.
Адам өз өмірі үшін қорыққанда ғана ауыр қылмысқа бармайды.
Өлім жазасы кек алу емес, қоғамды қорғау тетігі ретінде қарастырылуы керек.
Зорлаған, аяусыз өлтірген, бірнеше адамның қанын мойнына артқан адамды түзеледі деп күту , ол өз-өзімізді алдау.
Мемлекетті тонағандарға да, адам өмірін қиғандарға да заң бірдей қатал болуы тиіс. Бірақ адам өлтіру мен ар-намысты таптау барлық қылмыстың ең ауыры.
Бірақ жаза ғана жеткіліксіз
Шындықты мойындау керек.
Тек жазаны күшейту бәрін шешпейді.
Алдын алу болмаса, қылмыс тоқтамайды. Қауіпті отбасылармен жұмыс, психикалық ауытқуы бар адамдарды бақылау,
зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерінде әрекет ету бәрі кешенді түрде жүзеге асуы тиіс.
Ең бастысы қоғамда әділет бар екеніне сенім болуы керек. Заң қылмыскерді емес, қарапайым адамды қорғауы тиіс.
Бүгінгі қоғамда адам өз жаны үшін, баласының қауіпсіздігі үшін қорқатын күйге жетті.
Бұл қауіпті белгі.
Қауіпсіз қоғам айқаймен емес, нақты әрекетпен, әділетті әрі қатал заңмен, мықты тәрбиемен ғана қалыптасады.
Егер біз бүгін үнсіз қалсақ, ертең бұл сұмдық кез келген үйдің есігін қағуы мүмкін.
Қауіпсіз қоғам арман емес, міндет.
Ал ол міндетті орындау мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, көп балалы ана.
Меруеш Башайқызы
21-қаңтар 2026 жыл

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь