Грекияның төрінде өткен оныншы «Афродита кубогы» халықаралық турнирінің жеңімпаздары анықталды.
Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің спортшылары 9 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Жүлде үшін халықаралық аренада топ жарып жүрген үздік спортшылар таласты. Астаналық гимнасшыларымыз байрақты бәсекеде АҚШ, Италия, Болгария спортышларымен бәсекелесіп, айқын жеңіске жетті.
Көпсайыс нәтижелері бойынша, Жайлауова Эрика мен Ерекешева Ақмарал алтын медаль иеленсе, Мейіржанова Айым қола медальға қол жеткізді.
Топтық жаттығу бойынша «Фурор» командасы Андорра мен Англия елдерін артта қалдырып, алтын медальды қанжығасына байлады.
Ерекешева Ақмарал доп және лента жаттығуларында 2 алтын, ал шеңбер мен шығыршықтан 2 күміс медальға ие болды. Жайлауова Эрика доппен күміске, лентадан алтынға қол жеткізді. Мейіржанова Айым лентадан күміс медаль алды.
«Фурор» командасы лента және 3 доп + 2 шеңбер жаттығуларында 2 алтын медаль жеңіп алды. Ал «Виктори» командасы шеңбер жаттығуынан қола медаль иеленді.