Домой ЖАҢАЛЫҚТАР Қазақстандықтардың бір тобының жалақысы көтерілетін болды

Қазақстандықтардың бір тобының жалақысы көтерілетін болды

0
186

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кешегі 4-ші отырысында ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтып, үлкен мән берді.

 

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіге, танымал сервистерге қазіргі заманғы Қазақстан туралы қандай да бір сурет немесе видео әзірлеуге тапсырыс берсеңіз, көбінесе шындыққа жанаса бермейтін өнім ұсынады.

Қазақ деп басқа ұлттардың жүзін бейнелейді, қазақтың ұлттық костюмі орнына бөтеннің киімін ұсынады және сол сияқты.

«Әзірге интернет кеңістігінде Қазақстан туралы әлемнің кең таралған тілдеріндегі, әсіресе, ағылшын тіліндегі ақпараттар көп емес. Үкімет қолда бар орасан зор деректерді, соның ішінде мұрағаттар мен анықтамалық мәліметтерді, ғылыми зерттеулерді, иллюстрациялар мен фотосуреттерді, музыкалық шығармаларды және өнер туындыларын цифрлық форматқа көшіру жұмысын бастап кетті. Ұлттық цифрлық мұрағат құрып, оны еліміздегі және шетелдердегі нейрожүйе жасаушылардың еркін пайдалануына мүмкіндік беру керек», – деп тапсырды Президент.

Бұл істің көш басында «Ғылым ордасы» жүруге тиіс еді. Кезінде мемлекет «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК-сін құрып, оның құрамына бірден 8 мәдени ұйымды берді.

Нәтижесінде, оның құрылымдық бөлімшелеріне Орталық ғылыми кітапхана, 4 мұражай, соның ішінде Қазақстанның тарихы музейі, Ғылыми музейі, Археология және Табиғат музейлері, Қазақстанның ғылыми мұрағаты, Қалпына келтіру және консервациялау орталығы кіріп, соның басшылығымен жұмыс істеуде.

Ресми дерек бойынша бүгінде оның кітап қоры 5,8 миллионға жеткен. Соның ішінде ерекше тарихи-мәдени құндылығы бар сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры 150 мың данадан асыпты.

Осының үлкен бір бөлігі цифрландырылса, интернетке ашық орналастырылса, ағылшын тіліне аударылса, онымен лезде танысқан жасанды зерделер Қазақ елі туралы толығырақ құлағдар болар еді.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, ғылыми, ғылыми-техникалық және ғылыми-педагогикалық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын республикалық бюджеттен «Ғылым ордасына» тұрақты қаражат бөлінеді.

Ел қаржысы Орталық ғылыми кітапхана қорының, ғылыми мұрағаттың, 5 музейдің экспонаттарының, сирек кездесетін кітаптарды, басылымдарды, қолжазбаларды қалпына келтіру және консервациялау орталығының, сондай-ақ кітапхана мен мұрағат қорын цифрландыру кешенінің сақталуын қамтамасыз етуге шығындалады.

Вице-премьердің мәліметінше, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте «Ғылым ордасына» жалпы сомасы 1 миллиард 946 млн теңгеге шығыстар бөлінді.

Жылдар бойынша тарата айтқанда, 2025 жылға – 651 млн теңге, 2026 жылға – 647 млн теңге, 2027 жылға – 648 млн теңге қарастырылған.

«Осы сома аясында «Ғылым ордасының» қызмет көрсетуші және әкімшілік персоналының 214 қызметкерінің еңбекақысын төлеуге арналған шығыстар, жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден асатын кешеннің коммуналдық шығыстары, байланыс қызметтері, іссапар шығыстары, шаруашылық, кеңсе және басқа да тауарларды сатып алуға арналған шығыстар, сондай-ақ кешеннің және негізгі құралдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін түрлі қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу көзделген. Ал, кітапхананың журналдар мен газеттерге жазылуына, сондай-ақ кітап сатып алуына жыл сайын 30 млн теңге берілді», – деді Ермек Беделбайұлы.

Оның айтуынша, «ШЖҚ РМК» деген ұйымдық нысанына байланысты Президенттің «азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022 жылдан 20%-ға арттыра отырып, 2025 жылға қарай 2 есе ұлғайту» тапсырмасы дәл осы «Ғылым ордасы» қызметкерлеріне таралмапты.

Вице-премьер «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес, «Ғылым ордасының» еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі белгілейтінін жеткізді.

Министрлік 2025 жылы еңбекақы төлеу қорын 411,9 млн теңге деп бекітіпті. Мұны әлгінде айтылған 214 қызметкерге бөлгенде, әрқайсысына орта есеппен жылына 1,9 миллион теңгеден ғана келеді.

Бұл ретте еңбекақы төлеу қоры шегінде «Ғылым ордасы» әрбір қызметкерге төлейтін лауазымдық жалақының мөлшерін, сыйлықақы беруді және өзге де сыйақы жүйесін өз бетінше, дербес айқындайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь