Домой ЖАҢАЛЫҚТАР Астанада жас жұптар «Бәйтеректе» некелерін қиды

Астанада жас жұптар «Бәйтеректе» некелерін қиды

0
52

Бүгін Астанада “Бәйтерек” монументінде Наурызнама онкүндігі аясында Шаңырақ күніне арналған салтанатты рәсім өтті. Жас жұбайларға неке куәліктері табысталып, алтын тойын атап өткен жұптардың есімдері “Жылдық мерейтой иелері кітабына” енгізілді. Бұл шара ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.

 

Елорданың «Есіл» ауданы әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы өз құттықтау сөзінде отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталып өтті.

“Құрметті жас жұбайлар, құрметті мерейтой иелері! Жыл сайын біз осы “Бәйтерек” шаңырағының астында жас жұбайлардың неке қию рәсімінің қуанышына куә боламыз. Бүгін бұл шараға біз бәрімізге үлгі көрсететін, 50 жылдан астам бір шаңырақтың астында өмір сүріп келе жатқан ата-әжелерімізді арнайы құттықтау үшін де жиналдық. Бұл – отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін ұйымдастырылған өте маңызды шара. Жас жұбайлар, сіздер өз өмірлік серіктеріңізді тауып, Қазақстан Республикасының ең басты символдарының бірі – «Бәйтерек» шаңырағының астында некелеріңізді ресми түрде қидырып жатырсыздар. Құтты болсын!”, — деді аудан әкімі.

Астана қаласы бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиалының қызметкері Гүлмира Смайлова елордада некеге тұрушылар санының жоғары екенін атап өтті.

“Астана қаласында жыл сайын 17-18 мыңға жуық неке қиылады. Бүгінгі шара – олардың арасында ерекше орын алатын маңызды оқиға. Әрбір отбасына қуаныш, береке мен бақыт тілейміз!”, — деп лебізін білдірді мемлекеттік корпорация қызметкері.

Жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Жұмагүл және Оралбек Құрманғалиевтер жас жұптарға ақыл-кеңестерін айтып, баталарын берді.

“Неке құрғанымызға 50 жыл болды, алтын тойымызды атап өттік. Үш қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірдік, немере-шөберелеріміз бар. Отбасы берік болуы үшін ең бастысы – төзімділік, сыйластық және еңбекқорлық. Ерлі-зайыптылар – екі жарты, бір бүтін, сол себепті барлық мәселені сыйластықпен шешу керек. Міне, біз 50 жыл бойы бақытты ғұмыр кешіп келеміз”, — деді астана тұрғындары.

Кейін жас жұптардың некесін қию рәсімі өтті. Оларға неке куәлігін табыстау үшін ортаға «Есіл» ауданы әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, комиссия хатшысы Қарлығаш Сәркенова және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Динара Қуанышева шақырылды.

Жас жұбайлардың бірі — Аят Аманкелді бұл күннің маңыздылығын ерекше атап өтті.

“Бүгін – Қазақстан Республикасында Шаңырақ күні ретінде бекітілген ерекше күн. Дәл осы күні неке қиюымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл шара отбасының құндылығын дәріптеуге бағытталған деп ойлаймын. Қазір мен 24 жастамын, келіншегім – 25 жаста. Мен әскери ұшқышпын, жұбайым – дәрігер. Біз Астана қаласының тұрғындары ретінде еліміздің дамуына өз үлесімізді қосамыз”, — деді елорда тұрғыны.

Жас жұптарға естелік сыйлықтар табысталып, құттықтаулар айтылды.

Шаңырақ күніне арналған бұл шара отбасылық құндылықтарды қолдап, ұрпақтар байланысын нығайтуға бағытталған. Жас жұбайлар үшін бұл жаңа өмірге қадам басқан ерекше күн, ал 50 жыл бірге болған жұптар үшін өткен жылдарын тағы бір еске алудың мүмкіндігі. Мұндай шаралар отбасын нығайтып, қоғамда тұрақтылық пен татулықтың сақталуына үлес қосады.

Арайлым Серқанова

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь