Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Вейптердің таралуына қарсы күрес аясында қылмыстық істерді тергеу барысында тәркіленген шамамен 400 мың бірлік электронды құрылғылар жойылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
«Биыл 20 маусымда вейптарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салатын заңнамалық түзетулер күшіне енгенді. Содан бері ҚМА вейптардың, хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымының 25 фактісін тоқтатты. Көрсетілген кезеңде заңсыз айналымнан шамамен 22 мың электронды құрылғы, сондай-ақ 7 мың хош иістендіргіш, картридж және буландырғыштар тәркіленді», — деп жазылған хабарламада.
Агенттік таратқан мәліметке сүйенсек, елордада вейптар мен оларға арналған сұйықтықтарды өндіру, сақтау және сатумен айналысқан ірі астыртын цехтың ұйымдастырушысы ұсталды.
«Қылмыстық топ қолдан жасалған әдіспен глицерин, никотин және жасанды хош иістендіргіштерден тұратын сұйықтықты өндірген. 5 мыңнан астам темекі қоспасымен толтырылған дайын вейптар, 235 литр химиялық заттар — глицерин және пропиленгликоль, хош иістендіргіштер, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрылғылар анықталды. Астыртын цехтың өндірістік қуаттылығы ай сайын 7 мыңнан 10 мыңға дейін электронды құрылғыны құрады. Қолдан жасалған барлық өнім республика бойынша вейпшоптарға таратылып отырған. Сот үкімімен аталған азамат сотталды. Вейптардың барлық партиясы мен өндіріс жабдықтары жойылды», — деп жазылған хабарламада.
Электронды құрылғыларды шегу барысында бөлінетін буларда 30-дан астам қауіпті заттардың бар екені анықталған. Ал қыздырылған кезде бөлінетін канцерогендердің концентрациясы едәуір ұлғаяды. Бұл жасөспірімдердің денсаулығына, зейінін шоғырлануына және оқу қабілетіне зиянды әсер етеді.
«Құрметті ата-аналар! Балаңыздың қызығушылықтарына, ортасына және сатып алған заттарына ерекше назар аударуларыңызды сұраймыз», — деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.