Петропавлдағы су тасқыны: 400 отбасы әлі уақытша пунктте тұрып жатыр

Петропавлда 1 қазанға дейін тасқынның салдарын жою міндеті тұр. Осы күнге дейін баспанасыз қалғандарға 925 пәтер алынды, 289 жаңа үйдің кілті тапсырылды. Жұмыс әлі жалғасады, қазір 400 тұрғын уақытша орналастыру пункттерін паналауға мәжбүр.

Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев қала халқы алдында есеп берді. Негізгі тақырып – тасқынның салдарын жоюға қатысты.

«Тасқын кезінде Петропавлда 2407 үйді су басты. Оның ішінде 1650 үй тұруға жарамсыз деп танылды, 757 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 381 тұрғын үйлерін өздері жөндейді. Механикаландырылған бригадалар 88 баспананы қалпына келтірді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге тұрғын үй беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Пәтер сатып алуға 1085 шарт жасадық. 925 пәтердің кілті және «Бірлік» шағын ауданында салынған 289 үй тұрғындарға берілді, Ауданда қазір автобустар жүретін көше-жолдар жөнделіп жатыр», — деді Серік Мұхамедиев.

Қала әкімінің айтуынша, 100 АЕК мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмекті 7455 адам алды, берілген сома 2 млн 752 мың теңге. Оның ішінде 4 838 адам 1 млн 786 мың теңгені саяжайы үшін алған. Бұдан бөлек, 2038 тұрғынға 150 АЕК – барлығы 989 мың теңге берілді.

«1300-ден астам апатты үй бұзылды. Қазірдің өзінде 115 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Зақымдалған коммуникациялар да қалпына келтіріледі, қазір арықтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саяжай учаскелерінде тұрақты тұратын азаматтардан келтірілген залалды өтеуге 112 өтініш түсті. 35 ғимарат апатты деп танылды, 59 саяжай үйі жөнделеді. Комиссия жұмысы аяқталған жоқ. 11 адамның өтініші кері қайтарылды, өйткені олардың саяжайдан басқа тұратын үйлері болған, ал кейбірі учаскеде үй тұрған деп өтірік айтқан», — дейді Петропавл әкімі.

Ал тасқын кезінде бірінші қабаты су астында қалған Ю. А. Гагарин атындағы №14 орта мектепте жөндеу жұмысы 30 тамызға дейін аяқталмақ.

«Қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, қасбет пен іргетасты нығайту, бірінші қабаттағы оқу кабинеттерінің ішкі қабырғаларын ішінара орнату, еден жабынын ауыстыру, жылыту, электрмен жабдықтау және ішкі сумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру жұмысы атқарылады. Жалпы осы уақытқа дейін үлкен жұмыс орындалды. 1 қазанға дейін су тасқынына қатысты барлық жұмысты аяқтау міндеті тұр. Бүгінгі таңда уақытша тұру пункттерінде 400-ге жуық адам бар екенін атап өткім келеді. Олар қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлер мен пәтерлерге қоныстанады. Оған дейін осы арнайы орындарда тұрады», — деді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *