Астанада баланы мектепке дайындау қанша тұрады

Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Бұл ретте, ата-аналар балаларына мектеп формасын, кеңсе тауарларын және өзге де заттарды сатып алуға кірісіп кетті. Әдетте, мұндай тауарлардың түр-түрі мектеп жәрмеңкелерінде ұсынылатыны белгілі. Биыл елордада мектеп жәрмеңкелері аз ұйымдастырылып жатқан жоқ. Оның бірі ЕХРО халықаралық көрме орталығының алаңында өтіп жатыр. 

Астана тұрғыны Әсем Құрманғалиеваның екі баласы биыл 5-сыныпқа барады. Ол жыл сайын мектеп шығындарының сметасын жасауды әдетке айналдырған.

«Кеңсе тауарлары рюкзакпен бірге бір балаға 15-16 мың теңгеге шығады. Дәптерлердің бағасы әртүрлі, бір жерде 5 теңгеден, тіпті, 50 теңгеден сатылуда. Рюкзактардың бағасы 6 мың теңгеден басталады. Балалардың жасы ұлғайған сайын заттарды таңдап, жаңартуды өтінеді, — дейді Әсем Құрманғалиева.

школьная одежда

Оның айтуынша, биыл кеңсе тауарларының бағасы өткен жылдың деңгейінде екен. Бірақ, мектеп формасы айтарлықтай қымбаттаған.

«Бір балаға, мейлі ұл, қыз болсын, бір мектеп формасының жиынтығы 25 мың теңгеден басталады. Оған көйлек, юбка, шалбар кіреді. Киімнің бағасы 5-6 мың теңгеге өскенін аңғарып отырмын», — деді ол.

Мектеп киімдерін Түркиядан жеткізетін сатушылар да бағаның өскенін растап отыр. Мұны доллар бағамының өзгеруімен байланыстырады.

«Бағалар сәл көтерілді, себебі, доллар бағамы бізде де, Стамбулда да өсті. Десе де, біз заттардың бағасын қолжетімді қылуға тырысамыз. Кейбір отбасыда бірнеше оқушы бар болғандықтан ата-аналарға қиын. Сондықтан жеңілдіктер жасауды естен шығарған емеспіз. Бағалар ең көп дегенде 2 мың теңгеге өсті. Әдетте ата-аналар дүкенге келіп, баланы 50 мыңға киіндіреді. Мұндай жағдайда біз рюкзакты тегін береміз, — дейді Динара Мұқаш.

Ол биыл аяқ киім әлдеқайда арзан екенін алға тартып отыр. Мәселен, былғары аяқ киімді 15-18 мың теңгеге сатып алуға болады екен.

Мектеп киімін Түркияден жеткізетін тағы бір сатушы Наталья Мельникова мамыр айында тауардың бағасы арзан болған кезде сатып алыпты. Сондықтан бағаны тек 500-1000 теңгеге ғана көтерген.

«Егер мектеп тауарын, жалпы кез келген затты сұраныс төмен кезде сатып алсаңыз тиімді болады. Мен тауарды мамырда сатып алдым. Ол кезде доллар бағамы қалыпты болған еді. Қазіргі доллардың бағамымен есептесек, белгілі бір заттарға 500-1000 теңге ғана қосылып отыр. Мысалы, былтыр жейделер 6 мың теңгеден, ал биыл 6,5 мың теңгеден сатылып жатыр. Бірақ қыркүйекке таяу сатып алсаңыз қымбатқа түседі. Себебі, біз доллар бағамына тәуелдіміз», — деп түсіндірді Наталья Мельникова.

Өз кезегінде отандық өндірісті ұсынып отырған сатушы-кеңесші Елена Кирьякова оның компаниясы биыл бағаны көтермегенін айтты. Ол көбіне баласын бірінші сыныпқа беретін ата-аналар тұрақты клиентке айналғанын, бір балаға мектеп формасының толық жиынтығы шамамен 38 мың теңге шығатынын жеткізді.

«Бірінші сынып оқушысы үшін юбка — 9600 теңге, жилет — 9600 теңге, бомбер — 12 900 теңге, галстук — 1300 теңге және көйлек 4500 теңгеден сатылады. Барлығы – 37 900 теңге. Біз, көбіне, бірінші сынып оқушыларына киім ұсынамыз», — дейді ол.

Отандық өндіруші аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ үш немесе одан да көп баланы киіндіретін ата-аналарға 20% жеңілдік ұсынатынын айтты. Биыл су тасқынынан зардап шеккендерге де 20% жеңілдік қарастырылғанын атап өткен жөн.

Айта кету керек, Елорда әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 40 оқушыға рюкзактар тегін берілді. Мұндай көмекті үш бала тәрбиелеп отырған Рахия Нұрлыбаева алды. Оның айтуынша, бір баланы мектепке даярлауға мектеп формасы мен оқу құралдарын қоса алғанда шамамен 60 мың теңге жұмсалады. Үш балаға жыл сайын шамамен 150-160 мың теңгесін санап береді екен.

Астананың тағы бір тұрғыны Құралай Ілиясова жыл сайын баласын мектепке дайындауға 100 мың теңге жұмсайтынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 1-31 тамыз аралығында Астананың әр түкпірінде мектеп жәрмеңкелері өтуде. Атап айтсақ:

— «Аймақтау» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-20:00 аралығы;

— «Тұлпар» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-21:00 аралығы;

— «Magnum» супермаркеті (Тұран даңғылы, 55Д), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін тәулік бойы жұмыс істейді;

— «Анвар» супермаркеті (Тұран даңғылы, 45), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-22:00 аралығы;

— «Тұмар» СҮ (Сығанақ көшесі, 1Б), 1 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;

– «Сарыарқа» ОСО (Тұран даңғылы, 24), 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;

— «Рахмет» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;

— «Джафар» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;

— «Көктал» ОСО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;

— «Әсем» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;

— «Astana Mall» ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы;

— «Аружан» ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы.

Сондай-ақ, Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жетім балаларды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауға көмек көрсетуді мақсат еткен «Мектепке жол» акциясы жалғасатынын атап өткен жөн.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *