КЕЙДЕ БІР ҒАНА БАЛАҒА КӨМЕКТЕСУ ЖЕТКІЛІКТІ

0
46

1980 жылдардың басында Кениядағы шағын ауылдардың бірінде Крис Мбуру есімді бала жарқын болашағынан айырылудың алдында тұрды.

Ол мектептің үздік оқушыларының бірі еді. Кеш сайын жарықсыз балшық үйде керосин шамының әлсіз жарығымен сабағын оқитын. Кітапты қадірлеп, білімге ынталы болатын. Бірақ отбасы оқу ақысын төлей алмай қалды. Ақша жоқ болғандықтан, Крис мектепті тастап, кофе плантациясында жұмыс істеп, армандарын ұмытуға мәжбүр болмақ еді…

Сол кезде әлемнің арғы бетінде, Швецияда Гилде Бак есімді 80 жастағы мұғалім қашықтан білім беруді қолдау бағдарламасының жарнамасын кездейсоқ оқып қалады. Ол Кенияның қайда екенін де, Крис деген баланы да білмейтін. Тек тізімнен Крис Мбуру деген есімді көреді.

Сөйтіп Гилде 15 доллар жібере бастайды.

Ешқандай толық ақпаратсыз, суретсіз, алғыс күтпестен, үнсіз ғана ақша аударып тұрады.

Осы 15 доллар бәрін өзгертті.

Крис оқуын жалғастырды. Екеуі хат жазысып тұрды. Гилде оның мұғалімдері, армандары, болашақ жоспары жайлы сұрайтын. Крис үшін ол алыстағы демеуші емес, сенімді жанға айналды.

Крис оқуын жалғастырып, Найроби университетінің заң факультетін үздік бітірді. Кейін Фулбрайт шәкіртақысын алып, Гарвардта оқыды. Ол БҰҰ-да адам құқықтары жөніндегі заңгер болып, геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша жұмыс істеді.

Алайда бір ой оны мазалай берді: өмірін өзгерткен жанға шын жүректен алғыс айта алмаған еді. Тіпті оның кім екенін де толық білмейтін.

2001 жылы Крис өзі сияқты дарынды, бірақ мүмкіндігі шектеулі студенттерге арналған шәкіртақы қорын құрды. Қорды Гилденің атымен атауды ұйғарды. Кениядағы Швеция елшілігінің көмегімен олар Гилдені тапты.

Ол тірі еді.

Крис беделді, бай қайырымды жанды көремін деп ойлаған. Бірақ қарапайым, кішіпейіл әйелді көрді. Гилде тіпті жасаған ісінің ерекше саналатынына ұялатындай еді.

Гилде 1922 жылы Германияда еврей отбасында туған. 16 жасында нацистік қуғын-сүргін салдарынан білімінен, еркіндігінен айырылды. Жақсы адамдардың көмегімен Швецияға қашып құтылды. Әкесі лагерьде қаза тапты, анасы хабар-ошарсыз кетті.

Гилде бейтаныс адамдардың мейірімі арқасында Холокосттан аман қалған еді.

Арада 50 жыл өткенде, ол дәл сондай мейірімділікті әлемнің екінші шетіндегі бір балаға көрсетті. Ал ол бала өмірін отбасын күйреткен зұлымдық – өшпенділік пен әділетсіздікке қарсы күреске арнайтынын Гилде білмеген еді.

Крис бұл оқиғаны естігенде жылаған деседі. Ал Гилде кезінде қолдаған жастың халықаралық соттарда геноцид пен кемсітушілікке қарсы күресіп жүргенін тіпті естімеген.

2003 жылы Гилде Бак өз атымен аталған білім қорының ашылуына Кенияға ұшып барды. Оны ұлттық қаһарман ретінде қарсы алды.

2012 жылы 90 жас мерейтойын сол қор арқылы өмірі өзгерген жүздеген балалармен бірге атап өтті.

Гилде Бак 2021 жылғы 13 қаңтарда 98 жасында өмірден өтті.

Бүгінде оның атымен аталған қор Кениядағы мыңға жуық студенттің білімін жалғастыруына көмектеседі. Көпшілігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттерді тәмамдады. Енді олар өздері де өзгелерге қолдау көрсетіп, жаңа студенттерге көмектесіп, кедейлік шеңберін үзуге атсалысып жүр.

Бір әйел.

Он бес доллар.

Бір бала.

Сол бала қор құрды.

Қор жүздеген адамға көмектесті.

Олар басқаларға көмектесуде.

Крис бір сөзінде: «Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз. Кейде бір ғана балаға көмектесу жеткілікті», – деген екен.

Гилде бір ғана балаға көмектесті.

Ал сол мейірім толқыны көлге түскен тамшыдай кеңейіп, жалғасып келеді.

Бұл туралы тамаша деректі фильм де бар екен. Тауып көріңіздер.

Аударған Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь