Ия, «Әлем қазақтары» журналының кезекті нөмірі «ӨЗ ЕЛІНІҢ ТУЫН БИІККЕ КӨТЕРГЕН ДАЛА ДАРАБОЗЫ» деген тақырыппен әйгілі тарихшы, көрнекті жазушы, шебер аудармашы, білгір шежіреші, этнограф Зейнолла Сәніктің 90 жылдығына арналды.
«Отанына келіп туын көтеріскен дара дарабоз жазушы Зейнолла Сәнікті таныңыз, біліңіз, ізгі істерін ұрпақтан ұрпаққа жалғаңыз! Жақсы адамдарымызды танып, бағалай білу Ата баба аманаты! Осылай жақсы адамдардың жасаған ізгі істерін ізгілік жолына айналдырған мемлектіміздің саясатына, ҚЖО-на, Зейнолла Сәнік қорына, асыл жары Шәмшабану Хамзатқызына, артындағы қос қанаты Қанат пен Жанатқа, көзінің қарашығы балалары мен немерелеріне елі разы»депті редакция алқасы.
Журнал Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауымен ашылған. «Мәуелі бәйтеректей тамыры тереңге кеткен сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің бір саласы- қытай қазақтарының әдебиеті ерекше маңызға ие. Үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толып отырған cындарлы жазушы, тарихшы-этнограф, баспагер Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік қытай қазақтары әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі. Зейнолла Сәнік жат елде саяси қуғын, түрлі қыспақ көре жүріп, ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген тау тұлғалы қаламгер. Әсіресе бабадан жалғасқан ұлттық руқаниятымызды ұрпақтарға жалғастырған этнографиялық еңбектері мен «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты ұлт жанды азаматтарымыздың ерлік істерін дәріптеген туындыларының орны бөлектігі» аталып өткен.
Сәнік атындағы мәдениет қорының Астана филиалы өкілі Мирас Мұқаштың, журнал бас редакторы Үзбен Құрманбайұлының «Зейнолла Сәнікті тану – Қазақты өзін-өзі тануы», тарихшы Қажымұрат Нәсиұлының «Ұлтымыздың тарихи санасын жетілдіруге өшпес еңбек еткен дарабоз тарихшы» атты, «Зейнолла Сәнік экспедициясы қазақ даласын шарлап жүр» деген тақырыпта экспедиция жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың жолжазба күнделігі, Әкім Ысқақтың «Есімі халықпен бірге», Жәди Шәкенұлының «Ұстаз рухына шәкірттік ескерткіш», Қайрат Айдарханның «Ағаны еске алу» өлеңі, белгілі тұлғаның жары Шәмшәбану Хамзақызының естелігі, жазушының шығармаларынан үзінді оқырмандар назарына ұсынылған.




