«Астана — есірткісіз қала!» акциясы аясында профилактикалық іс-шара өтті

0
635

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу мақсатында 26 қараша күні сағат 16:00-де С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің акт залында «Астана — есірткісіз қала!» акциясы аясында ерекше форматтағы профилактикалық кездесу өтті. Шараға еліміздің белгілі спортшылары мен медиялық тұлғалар қатысып, студенттермен ашық диалог жүргізді.

Кездесуге бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас, спорт шебері Василий Тахтай, Олимпиада чемпионы Илья Ильин, сондай-ақ Алибек Ермағамбетов, Нұрсұлтан Алиакбаров құрметті қонақ ретінде шақырылды. Танымал тұлғалар жастармен еркін форматта сөйлесіп, есірткінің зияны, өмірлік мақсаттың маңызы, спорт пен пайдалы ортаның адам болашағына әсері жөнінде ой бөлісті.

Спортшылар мен медиа тұлғалар жеке тәжірибелерінен мысал келтіріп, шыңға жету жолының тек талмай еңбектену, тәртіп, ерік-жігер және жауапкершілік арқылы қалыптасатынын атап өтті. Олар жастарды белсенді өмір салтын ұстануға, өз болашағын спортпен, біліммен, пайдалы істермен байланыстыруға шақырды.

Шара барысында есірткіге тәуелділік мәселесінің елімізде бар екендігі де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға нашақорлықтың адам денсаулығына, психикасына, қоғамдағы рөліне тигізетін зияны туралы ақпарат беріліп, құқықтық жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Спортшылар есірткі кез келген талант пен мықты болашақтың тамырына балта шабатынын нақты мысалдармен жеткізді.

Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, студенттер қонақтардан мотивация, спорттағы қиындықтар, өмірлік мақсат қою, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану сияқты тақырыптар бойынша сауалдар қойды. Жастарға пайдалы кеңестер беріліп, табысты болудың нақты қадамдары ұсынылды.

Шараның мақсаты тек үгіт-насихат жүргізу ғана емес, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру. Ұйымдастырушылар спортпен шұғылдану, шығармашылықпен айналысу, пайдалы ортаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтеді.

Университет әкімшілігі мұндай шаралар болашақ мамандардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, дұрыс шешім қабылдауына және қоғам алдында жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. «Астана — есірткісіз қала!» акциясы аясында өткен бұл кездесудің студенттерге рухани серпіліс беріп, салауатты өмір салтын сақтауға ынталандырғаны сөзсіз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь