Домой ЖАҢАЛЫҚТАР Астанада «Наурыз-2025» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі өтті

Астанада «Наурыз-2025» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі өтті

0
39

Бейбітшілік және келісім сарайында ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған республикалық «Наурыз-2025» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі өткізілді.

 

«Наурыз-2025» сыйлығы биыл 5-ші рет өтіп жатыр. Ең алғаш 2021 жылы ұйымдастырылған болатын. Биылғы байқаудың жаңалығы —  «Қайта жаңғырған ұлттық музыка», «Ұлттық құндылықтарды насихаттаған үздік суретші», «Ұлттық этнографияға қосқан үлесі үшін» номинацияларының қосылуы болды.  Бұл ұлттық жобада қатысушылардың санынан гөрі сапасына көңіл бөліп жатырмыз. Бұрын номинанттар бұдан да көп болса, қазір оның санын азайттық.

Біз қазылар келісіп алдық. «Мына өңірден біреу болсын, мына өңірден  біреу болсын деп емес, жұмыстың сапасына ғана қараймыз» деп. Өйткені әділеттілік принципінің болмауы қазақтың өнерін төмен тартып келгені белгілі. «Тіпті бір аймақтан үш адам озып тұрса да, лайықты бағасын беру керек, ал лайықты болмаса, жүлде бермейміз» деп шештік. Ал биыл жеңіп алған жүлдегер келесі жылы қайтадан биіктен көрінсе, оған қайтадан жүлдесін беруге тура келеді. Биыл әр номинацияға алты-жеті адамнан түсіп отыр.

Сондай-ақ жұмысымызда ұлттық құндылықтарымызды шет елдерге насихаттау мәселесіне де аса көңіл бөліп отырмыз.

Бұған дейін бұл ұлттық құндылықтарымыз ешкімге керек болмаған. Мысалы, ұлттық киімді алайық. Қазір Наурызнаманың тұжырымдамасын жасаған соң, жұрт оған енді көңіл бөле бастады. Бұрын адамдар шапанды алба-жұлба қып  иықтарына іле салатын, ал бұған көңіл бөлінген соң дизайнерлер де жұмысын жандандыра бастады. Ұлттық аспаптар, ұлттық музыка, сурет өнері де солай жаңғырып келеді.

Міне, Наурыздың мән-маңызын ашу үшін осындай байқаулар дами түсуі керек. «Наурыз-2025» байқауы қалалық әкімдіктің Мәдениет басқармасы тағайындаған сыйлық болғанмен, оны мемлекеттік деңгейге шығаруға болады. Біздің ұлттық құндылықтарымызды түгендеу ісінде бұл байқаудың өзіндік орны бар», — деді «Наурыз-2025» байқауының қазылар алқасының бас төрешісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарды белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ұлттық өнер мен мәдениеттің танымал өкілдері марапаттады.

Байқау нәтижесі бойынша «Үздік ұлттық этнокиім дизайнері», «Үздік ұлттық тағам өндіруші», «Үздік әнші»,«Үздік жырау», «Үздік қолданбалы өнер шебері»,«Үздік ұлттық музыкалық аспаптар шебері», «Қайта жаңғырған ұлттық музыка», «Ұлттық құндылықтарды насихаттаған үздік суретші», «Ұлттық этнографияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Сонымен қатар салтанатты кеш барысында ұлттық өнер мен мәдениет саласындағы жетістіктер баяндалып, үздік туындылар таныстырылды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь