Елордадағы № 7 «Аққу» балабақшасы көрісу күнін ерекше атап өтіп, ата-аналармен бірге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, қазақтың бай мәдениетін танытуға үлес қосты.
Көрісу күні — қазақ халқының ең маңызды мейрамдарының бірі. Бұл күннің негізгі мақсаты адамдарды бір-бірімен кездесуге, жылы сөздер айтып, ізгі тілектер білдіруге шақыру. Қазақ халқы бұл күні бір-бірімен көрісіп қуаныштарын бөліседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұмытылып кеткен бұл мейрамды жаңғырту және оның маңызын түсіндіру мақсатында «Аққу» балабақшасы ерекше шара ұйымдастырды.
Ата-аналар мен балалар дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін еске түсірді. Олар ұлттық киімдерін киіп, көрісу күнінің тарихын көрсетіп, көрініс қойды. Дәстүр бойынша, ақ сақалды қария бата беріп, ақтан ауыз тиді. Сондай-ақ көрісу күнінің мәні мен маңызы терең түсіндірілді.
«Біз жыл сайын осы мерекені асыға күтеміз. Ата-аналармен көрісу күнін балабақшада атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Бүгінде еңбектеген баламыздан еңкейген қариямызға дейін береке мен бірлігімізді көрсетіп, амал мерекесін қуанышпен атап өттік», — деді балабақшаның ата-аналар комитетінің төрағасы Айдана Қайратқызы.
Бұл іс-шара балаларға қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін танытуға мүмкіндік берді. Ата-аналар арасындағы бірлікті нығайтып, бір-біріне деген құрметтерін арттырды.