Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жауапсыз құрылыс салушылардың жұмысын заңмен қадағалау туралы сауал қойды.
Ол жауапсыз құрылыс салушыларды заңмен реттелетін тізімге енгізсе деген ұсынысын айтты.
«Сапасыз немесе рұқсат етілмеген жерге тұрғын үй салатын құрылыс салушылардың реестері жасалса деймін. Мәселен, елордада бұл мәселе өткір тұр. Қазірдің өзінде бас қалада жауапсыз құрылыс салушылардың ресми емес тізімі бар. Бірақ құқық қорғау орындарымен реттелмеген. Бұған Астана, Алматы, Шымкент қалалары қызығушылық танытады деп ойлаймын. Дегенмен біз, депутаттық корпус, бұл мәселе жөнінде үнемі Үкімет тарапынан қарсы шешімге тап келеміз. Мысалы, басқа жұмыс тобында арам пиғылды құрылыс салушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылса деген ұсынысымызды да айтқан болатынбыз. Сондай-ақ пәтерге қолма-қол емес ақы төлеуді енгізгіміз келді. Енді осы жауапсыз құрылыс салушылардың реестерін жасауға бола ма? Бұл жағдайда олар 5 жылға дейін құрылыс жүргізуге рұқсат ала алмас еді. Осыны заңмен реттеуге бола ма?», — деп сауал қойды ол.
Серік Жұманғарин бұл мәселені мақсатты топпен, екіжақты пікірлерді ескере отырып, талқылау қажет екенін айтты. Сонымен қатар пәтерге қолма-қол емес ақы төлеу мәселесі жөніндегі сауалға қатысты мәселелер реформа аясында қарастырылып жатқанын айтты.