Ағылшындық «Челси» клубы футболдан Конференция лигасында қатарынан төрт жеңіске қол жеткізіп, 12 ұпаймен көш бастап келеді.
Италиялық маман Энцо Маресканың шәкірттері соңғы кездесуінде Германияның Хайденхайм қаласында жергілікті клубты 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Екінші таймда 51-минутта Кристофер Нкунку есеп ашса, 86-минутта Михаил Мудрик ойынның нүктесін қойды – 2:0.
«Хайденхайм» да бұған дейін жеңілмей келе жатқан еді.
Лондондық клубтың Англия чемпионатында да жағдайы жаман емес, 22 ұпаймен турнир кестесінде 3-орында тұр.
Атақты ағылшын клубтарының бірінен саналатын «Челси» Конференция лигасындағы келесі кездесуін 12 желтоқсанда Алматыда «Астанамен» өткізеді.
Астаналықтар Конференция лигасында 4 ұпаймен әзірге 23-орында тұр. Жарысты жалғастыруға мүмкіндік беретін 24 команданың қатарына ілігу үшін Григорий Бабаянның шәкірттері қалған екі матчты барынша сәтті өткізуі керек-ақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Конференция лигасында «Астананың» португалиялық «Витория» командасымен тең тарқасқанын жазған болатынбыз.
https://kaz.inform.kz/news/agilshindik-chelsi-konferentsiya-ligasinda-katarinan-tort-zhenske-kol-zhetkzd-195fab/