Алматы қаласы мектептерінің медициналық кабинеттерінде 30 қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинациялау, сондай-ақ 12, 13 жастағы қыздарға вакцинация жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, қала бойынша АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 4682 қыз вакцинацияланған, оның ішінде 11 жаста — 1909 және 12-13 жаста — 2773 қыз вакцинацияланды.
— Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері, егілетін адамдарды қарап-тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан не заңды өкілдерінен келісім алғаннан кейін жүргізеді. АПВ-ға қарсы вакцинация Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сертификатталған, 6 ай аралығымен 2 дозадан тұратын, Қазақстан Республикасында тіркелген АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолданады. Бұл вакцина АПВ 6, 11, 16 және 18 түрлерінен қорғайды. Вакцинада тірі вирустар жоқ, инфекцияны тудырмайды және репродуктивті функцияға әсер етпейді, — деді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.