Елордада көпқабатты үйдің шатырында жүрген 7 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінен мәлім етті.
Ведомство мәліметінше, полицияға көпқабатты үйдің шатырында қыз баланың жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген құқық қорғаушылар 7 жасөспірімді ұстаған.
«Жасөспірімдер шатырға көтерілетін есіктің ашық тұрғанын көріп, төбеге шығуға шешім қабылдағаны анықталды. Олардың заңды өкілдерінің көзінше мобильді құрылғылары тексеріліп, қауіпті ойындарға қатысу фактісі анықталған жоқ. Балаларға дұрыс бақылау жасамағаны үшін олардың заңды өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін тұрғын үй кешендері мен үйлердің шатырына шығатын есіктерді жабуға бағытталған іс-шаралар қабылдап жатыр», — деп атап өтеді департаменттен.
Осы орайда полиция интернет пен әлеуметтік желі арқылы қауіпті іс-әрекеттерге тарту қатерінің артып тұрғанына байланысты ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне жіті бақылау жасауға шақырады.