Жазушы Таласбек Әсемқұловтың ерекше дегдар, дарын иесі болған жазушы Асқар Сүлейменов туралы жазған естелік мақаласында Дали туралы мынадай әңгім айтылады:
«…Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған.
– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік. Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр.
Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді.
– Бұл өлген адамдардың бейнесі.
Отырғандар ду күлді.
– Қалай?
– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ, Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.
– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған балалардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.
– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып.
– Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой. Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан.
– Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар…
Арықарай не айтпақ екенімді өздеріңіз ойлай салыңыздар!..
Дайындаған
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ



