МЕН-ҚАЗАҚПЫН, МЕНІҢ ТАРИХЫМ…

0
113

Мен-ҚАЗАҚПЫН. Менің қилы тарихым төмендегідей  жіктеледі:

Нақты ақиқаттар жазылған әр заманның жұлым-жұлым, үзік-үзік тарихым…

Шығыс пен Батыстағы көршінің өңін айналдырып өзгертіп, өздеріне бейімдеген құрастырма тарихым…

Жақсы достардың «жақсартып» жазған мадақ тарихым…

Өзін «ұлы» санайтын ғалымсымақтардың  өңдеп-жөндеп айтқан ертегі тарихым…

Көркем әдебиетті тарих ретінде қабылдаған қияли тарихым…

Отандық және шетелдік саяси партиялар, ҰҚК-тің тапсырысы мен рецептісі бойынша дайындалған  арнайы үлгідегі жалған тарихым…

Ғылыми дәреже, атақ алу үшін ресми идеологияға сәйкес жалған нәрселерді де «дәлелдеген» жасанды тарихым…

Партия жетекшілері жазып жасыл жарықпен кіріп кеткен  уағыз бен  үндеулерден құралған өтірік тарихым…

Ата жаулар мен дұшпандардың жаман сөздерге толтырып, сілекейлеп түкіріп жазған қоқыс тарихым…

Бабалардың ерлікке толы дәуірлерін еске алып кек қайтару үшін дұшпандар жазған қарғыс тарихым…

Азып-тозғанымызды көріп табалап, мазақ етіп,  менсінбей  жазылған келемеж тарихым…

Тарихты кері айналдыру мүмкін емес. Тарихты «егер олай болса, бұлай болар еді, олай болмағандықтан солай болды»-деп түсіндіруге болмайды. Тарих болуы тиіс болған жолымен болып өтеді. Тарих-тарих болып қала береді.

Тарих дегеніміз келер заманды дұрыс бағамдайтын сабақ, мақтанышың және трагедияң. Осы тағлымды меңгеру арқылы, алдағы жолыңды дұрыс бағдарлау үшін тарих шынайы қалпы қалып, келер ұрпақтың көзін ашуы тиіс.

«Тарихыңды білмесең, саған тарих жасап беретін адам табылады»,-деп жазыпты екі мың жыл бұрын Цицорен. Шындықтан ауытқыған тарихты жаттаған адам болашағын дұрыс елестете алмайды. Тарихтың маңыздылығы дәл осы болып табылады.

Жалпы, ілім-білім ми ілімі және жүрек ілімі деп  екі-ақ түрге бөлінеді.

Ми ілімі деп үйренген даналығын білім ретінде ғана пайдалануды айтады. Яғни, жоғары ғылыми дәрежеге ие, әрі көптеген тілде сөйлей алатындығына қарамастан, адамшылығы жоқ адамдар көп. Міне соларды тек  ми ілімі ғана бар адамдар деп атайды.

Жүрек ілімі деп үйренген даналығын бойына сіңіру арқылы өзін жақсы жаққа өзгертуді айтады. Ілім-ғылымның соңына түспесе де, қайырымды, мейірімді  болса жүрек ілімі бар адам болмақ.

Ми ілім тек ғылымда ғана бағаланады.

Адам ретінде дамып өзгермеген, сөйте тұра білімге ұмтылып, басқаларды таң қалдырып, «менің ғана қолымнан келеді», «мен ғана білемін» деп танауын көтеретін қуыс кеуде адамдар да аз емес. Дәл сондай ғалымды «бір тұтам ғалым» деп атайды.

Себебі құлақ пен ауыздың арасы бір-ақ тұтам. «Бір-ақ тұтам ғалым» деп ұққан, білген, үйренген ілімін жүрегіне сіңіріп болмай жатып басқаларға доқ көрсету үшін аузынан шаша  салатын жеңілтек адамды айтады.  Сондықтан өлшемі бір тұтамнан аспайтын «ғалымдардың» көбейюі жақсы емес…

Ал ілім-білімді жүрегіне сіңірген адамның пейілі кең, әрі тіптен кішіпейіл  болады.

Ал әдебиетті түсіну арқылы адам өмірді тануға тиіс. Өмір өте кең ұғым. Бұл ұғымның ішінде өлім де  бар. Ақиқатында көркем әдебиетті оқымайтын адам өзінің кім екендігі туралы ойланбауы да мүмкін.

Мен кіммін?.. Сен кімсің?.. Біз нақты қандай мақұлықтармыз?..

Біздің табиғатымыздың негізі неде?..

Бұл философиядан гөрі, көркем әдебиеттің  мәселесі.

«Қазақ әдебиетінің әлеміне менен гөрі мықты жазушылар пайда болған күні мен қаламымды тастап, үн-түнсіз кетіп қаламын.»  Әрбір жазушы өзіне осы талапты қоя білуі керек. Әдебиетте: «Не ең үздігі бол, не құлағын кескен иттей бол!»-деген бір ғана қағида бар!

«…Алға, Жаса, Көрсет, Жырт, Ұш», — деп әлдебіреу жалындатып-жалаулатып  басқаларды қайрап жатады. Шындығында, ол барлық адамға сәйкес келетін дұрыс жол емес. Үлкен нәрсе армандап, атақ-даңқтың шыңына шығып басқаларға танымал болу деген соншалықты қажетті нәрсе емес.  Өз жолыңмен ешкімге бөгет болмай жай ғана қарапайым өмір сүруді қазіргі заманда білім мен өнер деп көреді.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь