1990-жыл Моңғолия Қазақтары үшін тарихи жыл ретінде ел есінде қалды
*
1990 жылының сәуір айында Моңғолиядан арнайы қазақ ағайындар Қазақ Еліне келіп, Атажұртқа оралудың жолын ашты.
*
1990 жылы Қазақстан Моңғолиядағы қазақтарға алақанын ашты, қамқорлығына алды арнайы еншісін алдарына салып берді. Сол сәттен бастап Моңғолия қазақтары «атасында көрмегенді ботасында» көре бастады, алдары ашылып, өздерін бақытты сезінді. Сол жылы Моңғолия қазақтарына берген көмегі (еншісі) мыналар болды:
*
1990 жылдың 18 мамырында Моңғолия қазақтары үшін Баян-Өлгей аймағына Қазақстаның ұлттық арнасы және Шалқар радио хабары тарады.
*
18 шілде де Баян-Өлгей аймағы алғаш рет Алматы арқылы халықаралық телефон-телеграф байланысына қосылып, халықтың әлем елдерімен тікелей сөйлесуіне мүмкіндік туды. Бұған дейін тек хат арқылы хабар алысқан қазақтар енді өз үйінде отырып-ақ Қазақстанмен және өзге елдердегі ағайын туыстарға, шетте оқитын балаларына айында, жылында емес, әпсәтте сөйлесе алатын жағдайға жетті.
*
1990 жылдың қырықүйек айында Алматыдан Баян-Өлгейге алғашқы әуе рейсі ашылып, бұл бағытта тұрақты ұшақ қатынасы басталды.
*
Сондай-ақ, қазақстандық тұрақты басылымдар, газет журналдар Ресейдің Қосағаш ауданы арқылы Баян-Өлгей аймағына тегін жеткізіліп, ақпарат алмасу арнасы кеңейді.
*
1990 жылы мамыр айында Қазақстанның Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың бастамасымен Моңғолия қазақтарынан 100 баланы Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берілді. Бұл шешім қандастар үшін үлкен үміт пен болашаққа жол ашқан игі қадам болды.
*
1990 жылдың 27 қырықүйекте Қазақстан мен Моңғолия арасына алғаш рет еңбек шарты бойынша көшіп келушілерге байланысты көш-қон шартына қол қойылды.
*
1991жылдың 27 наурызында алғашқы көш басталып, Талдықорған облысы, Кербулақ ауданына Моңғолиялық қазақтары атбасын тіреді.
*
1991 жылдың 31 желтоқсанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша шетел қазақтарына арнап ақ тілек хатын жолдап, олардың ата жұртқа оралуына үндеу тастады. Бұл сәт қандастардың жүрегіне ерекше сезім оятып, көптеген отбасы көз жасын тыя алмады, ал жастары бөріктерін аспанға атып мәре-сәре болды, арты той, тілеуге жалғасты. Осылай Ұлы көш басталып, әлем қазақтарына Атажұртына оралудың жолы ашылды.
*
Алайда қаншама қандастарымыз Отанға оралғанымен ешқайсысының тиісті заңды мәртебесі жоқ еді. Осының мәселені шешу мақстатында 1997 жылдың қаңтарынан – желтоқсанға дейінгі аралықта яғни бір жыл бойы келе сала Көші-қон департаментін таратып жіберген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Н.Коржова дегенмен күрескен, қазақтың Атажұртына оралуына заңды жол ашып берген, «Көшіп келу деген не?», «Көшіп келуші кім?», «Тұрақты тұруға арналған рұқсат ол не?», «Оралман (қазірше қандас) деген кім?» деген толып жатқан сұрақтар жауабын ғана емес, тұңғыш қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңын ұсынып және оны ҚР Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңесте, Парламентте дәлелдей білген, «Арнайы өкілетті орган керек!» деп тікелеі Президентке қарайтын Көші-қон және демография агенттігін, облыстарда көші-қон басқармаларын құрғызған Парламент депутаты Әкім Ысқақ екенін біреу білсе, біреу білмейтіні хақ.
*
1997 жылы 13 желтоқсанда Президент қол қойған осы тарихи заңның нәтижесінде бүгіндері шамамен 2 миллионға жуық қандастар өз еліне оралды. Бұлардың өсімі, және ықтияр хат арқылы жүргеннің барлығын қоса есептесе келген қандастардың саны 3 млннан асып, 4 миллионға жуықтады. Оралған қандастар елдің дамуына айрықша үлес қосты: кәсіпорындар ашты, өнеркәсіп пен мәдениет саласында белсенді еңбек етті. Ең бастысы — олар қазақтың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін сақтап, қайта жаңғыртты.
*
Қандастар өздері келген ортаға тез бейімделіп, қарын тазалай, малын жая, егінін сала жүріп мебель, үй бұйыдарынан бастап қажетті тауарлардың түр түрін өндірді, ақыры ірі кәсіпорындарын, өндіріс фабрикаларын салды. Еліміздің өркеніне өлшеусіз үлестерін қосып, балаларын оқытты, ұрпақтарының жолын ашты. Көптеген жас ұрпақ еліміздің зиялы қауымының қатарын толықтырды. Қазақ елі үшін бұл ұлы көші-қон тек демографиялық емес, рухани жаңғырудың да бастамасы болды.
*
Келген қандастарына Мемлекетіміз үнемі қолдау көрсетіп, әлеументтік барлық көмектерді жасап отыр. Соның арқасында қандастарымыз емін еркін ешбір үрейсіз тірлік кешіп, елінің еркесіне де серкесіне де айналды.
*
Шеттегі қандастардың өз Отанына оралуы Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда ерекше рөл атқарды. Келген қандастар елбірлігін нығайтуға, береке бірлікте болуға, ішімізден бөлініп жарылмауға, халықты Мемлекетпен әрдайым бірге болуға, біртұтастықты сақтауға шақыру арқылы Тәуелсіздігіміді баянды, адамдарын бай бақытты етуге бар күш жігерін арнай беретінін көрсетті. Бұл-елдің болашағына деген сенім мен бірліктің белгісі.
*
Осы тұрғыда мемлектіміздің де, халықтың да, қандастардың да жақсылығын айту тұрғысында «Әлем Қазақтары» журналын ашып, ДЖҚ-ның басын қосқан, ДЖҚҚ-ғын құрған көрнекті жазушы, мемлекет қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың атымен атап отырмыз.
*
Журналымыздың алғашқы саны Қалдарбек Найманбаевтың өзіне арналды. Ал келесі саны мемлекет, қоғам қайраткерлері Шайсұлтан Шаяхметовке, Әбіш Кекілбайға, Алғаш көш бастаған Сағат Зақанқызына, Өмірзақ Озғанбайға, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы Әкім Ысқаққа арналды. Сонымен қатар журналымыз тарихымызды толықтыруға, тіл, әдебиетімізді жетілдіруге де өз үлесін қосары сөзсіз. Журналдың өткен сандарында Қазақ деген атаудың қашан пайда болғанын пайымдады, алғаш Қазақ жерінде Жошы бабамыз құрған алғашқы ұлыс бүгінгі мемлекетіміздің басталуы екеніне тоқталды. Тұранды да Түркістаның төрінде алғаш құрғандардың бірі, солардың бірегйі екенімізді де журнал бетіне түсірдік.
*
Бүгінгі өзекті мәселе ұлы көшке 35 жыл толуына байланысты болып отыр. Елге ел қосылса ырыс дейміз ғой, бұлда жақсы, дегенмен Тәуелсіздігіміздің арқасында Қазақ Елінің қазақ балалары өз шаңырағына оралды, дәлірек айтсақ өз ата-анасын тапқанмен бірдей болды. Қазақ Елі де алыстағы ағайындарымен қауышты, ортасын толтырды, кеткенін келтірді, енді бар қазақ жиналып елін, мемлекетін жау-жардан, пәле жаладан бірге қорғап, Елін мәңгілік жасатудың жолын ашты. Сол үшін келген ағайындар жан-жаққа тартпай, береке мен бірлікті ғана ту етіп, ортаға үлгілі, қауымға ұйытқы болуды өздеріне мақсат тұтады.
*
Осы тұрғыда қандастарға үнемі қамқорлық танытып, тұңғыш рет көш-қон заңын Парламенте қабылдатқан, Мәжілістің алғашқы шақырылым депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақтың “ӨМІРІМНІҢ МӘНІ ЖОҚ, СЕНСІЗ МЕНІҢ ҚАЗАҒЫМ” атты сазды сырласу кешін өткізіп отырмыз. Журналымыз дәл осы тақырыпты кеңінен әңгімелей келе алдағы уақытта шеттегі қалған 6 млн қазақтың тең жартысын оралту арқылы халық санын аз жылдың ішінде 30 млн-ға жеткізудің жолдарын кеңінен әңгімелейді және жақсы тірліктің көзі адамдардың бір біріне деген қайырымдылығы мен мейірімділігіне, өзара жылы қатынасуына, бірін бірі жақсы көруіне байланыстырған Әкім Ысқақтың ой, ұсынысы Мемлкет саясатымен ұштасып отыр. Әкім Ысқақ көшті Ұлы көш деп атауының да себебі бар болды. Өйткені бұл көш сол замандағы елім-айлап ауа көшкен, жансауғалап үріккен, қорқыныш үрей билеген, зарзаман көші емес Қазақ елі Тәуелсіздігін алған, қандастарын ата-жұртына шақырған бейбіт заманның көші болғандықтан Ұлы көш деп атаған.

“Әлем Қазақтары” журналының Бас редакторы
Үзбен Құрманбайұлы


