Пенде көп.. Бірақ адам жоғалып барады. Жүрек бар… Бірақ жан өліп барады.
Ұлт бар… Бірақ ұят қайда?..
Кейде мені қарапайым бір сұрақ өзегімді өртейді:
Адами қасиеті жоқ – адам ба өзі?..
Иә, бет-әлпеті адамға ұқсайды, бірақ беті – бет емес, бетперде. Сөйлегені – сөз емес, қалайда жағыну.
Күлгені – қуаныш емес, мысқыл.
Жақсылыққа қайтарымы – реніш.. Шындыққа жауабы – ащы шапалақ…
Мұндайлар – ортамызда өріп жүр. Көңілден орын сұрайды, бірақ жүрекке пышақ сұғады.
Рулы екен деп, танымал екен деп, тентегін тыймай, ақысын қорғайды.
Арамын ақтап, адалды аяқасты етеді. Сосын не дейді?
«Руымызды айтып кеттің, ренжідік…»
Жоқ!
Мен руға тиісіп отырған жоқпын,
Мен – рудың атын жамылып жүрген арсызға тиісіп отырмын!
Рулық – ол қараңғылықтың бір түрі. Осы рушылдықтың кесірінен бодан болдық емес пе?
Бірінің кегін бірі орыстың қолымен қайтарды..((
Ұлт деген жанды ешкім де өз еліне қарсы қоя алмайды. Ал ру деп, дау бастаушыларды айтақтап жіберу оп-оңай.
Қазір де сол – жас та, кәрі де өз руын ұлықтауда, ұлт деп емес. Бас-басына би болып, оңашаланып өмір сүруде.
Руды білу – жауласу үшін емес, жайқалып өніп өсу үшін еді.
Атам қазақ ру сұраған. Неге?
Қан тазалығы үшін. Қыз алысып, қыз берісіп, тектілікті сақтау үшін.
Бұл – шежіре, үлкен жауапкершілік еді. Руға қарап жек көрмеген, Руға қарап жараспаған. Бірақ ешқашан руымен басынбаған.
Тектіні тентекке теңемеген.
Бүгінгі кейбір рушылдардың тірлігіне қарап, Қазақтың шежіресін шірітіп жатқанына күйінем.
Қараңыз, әр рудың өз чаты бар.
Оның ішінде аталастардың чаты, аталастардан – әулет чаты.
Бір-біріне бәсекелес, бір-бірінің батырын теріп, мақтан үшін тарихты бұрмалап жатқан жоқ па..
Бұның аты – трайбализм.
Бұл – рухани құрдым.
Бұл елге жанашыр адамның ісі емес, жоқ жерден жауластырып отыру. Тарихты тек батырмен емес, бітіммен де өлшеген халық едік ғой.
Қазір сол бітім жоқ,
Рух жоқ..
Ұят жоқ…
Біліп жүріңіздер:
Рушылдық – тектілік емес.
Тектілік – кісі ақысын жемеу.
Тектілік – арды аяққа таптамау.
Тектілік – ру атын малданып, ұлтқа зиян келтірмеу.
Кешіріңдер,
мен бұрыннан адамды руымен бөлмеймін – пейіліне қараймын.
Адамды атағына емес – жанының иісімен танимын.
Кімде жүрек бар – соған сенем, кімде жалғандық бар – одан безем.
Біреулер «біз көппіз» дейді.
Жоқ.
Көп болу – сапа емес.
Адами қасиеті жоқ мың адамнан – бір шыншыл, бір адал, бір текті жан артық!
Қазақты құртатын дұшпанның оты осы, жүзге руға бөлшектеу.
Ол – рушылдықтың етегінде,
қызғаныштың төсегінде,
екіжүзділіктің құшағында жатып алғандар.
Ал енді сұрақ:
Адами қасиеті жоқ – адам ба өзі?..
Осы сұрақты әр қазақ өз жүрегіне қойсын!
Жауапты әркім өз жүрегінен іздесін..
Сөзіміз жетсе – көңіл оянар,
Көңіл оянса – қоғам өзгерер!
Бірақ шын шындық іздесе –
Ұяты оянады! Рухы тазарады!
Ұлты тіріледі!
Айгүл Құрманбек



