Көсегемізді көмір көгертпейді

Мүмкін отарлықтың кесірі шығар, мүмкін менталитетіміз солай шығар, қазақ халқы біз қашаннан жайбасарлау жұрт екенімізді несіне жасырайық. Сол жайбарақттықтан білім ғылымға тым кеш бой ұсындық. Кезінде кемеңгер ақын Ақыт Үлімжіұлы жастарды өнер, білімге шақырып:

Ұйқыдан көтер басыңды,

Ғылымға көндір жасыңды,

Сенен өзге халықтың,

Ұйқысы шайдай ашылды,

Ұйқы ашатын дауаны,

Көршілес елден сұралық.

Дауа берер себебі,

Онымен тату тұралық,

Өнерлі тұрған әр жұрт бар,

Біз де содан бу алып,

Талаптың жолын қуалық,

Мәнісін талдап ұғалық,-деп ой тастаған еді. Сол

ғибрат бүгін де өзектілігін жоймаған сияқты.

Құдайға шүкір, тәуелсіздікке қол жеткіздік, өркениетке енді жетерміз деген тұстың өзінде мемлекеттің басқаруындағы Ғылым Академиямызды қоғамдық ұйымға айналдырып тағы опық жегеніміз бар. Ал бүгінгі таңда технологияның жоғарғы деңгейі – АІ саласын меңгеру, сандық жүйе, жасанды интелекті саласында Орта Азияда озық елдердің қатарында алға ұмтылып келе жатқанымыз көңілімізді марқайтады. Бүгінгі АЭС салу жөніндегі бастамамыз да ғылымға деген ыждаһатымыздың белгісі екенінде күмән жоқ. Мен өз басым халқымыздың игілігі үшін ауадай қажет осы бір істің шешімін халықтан әдейі сұрап, ақылдасып жатуының өзі кемеңгерлік деп түсінемін. Тіпті сұрамай-ақ мемлекет, үкімет, қауіпсіздік органдары ақылдасып  тура шешсе де болмайтын несі бар. Тек ел игілігіне жараса, тапшылық көріп отырған энергияның көзін ашса неге жаман болады. Әрине, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» нағыз демократиялық ел болдыру үшін реперендум өткізгелі  отырғаны айтпаса да түсінікті. Демократия дегеніміз көптің көңілінен шығатын пікір.  Бұл пікрдің халықтың басым көпшілігінің ойынан шығатынына сенімдімін. Күні кеше еліміздің 17 облысы мен Республикалық маңызы бар Атана, Алматы, Шымкент қалаларының жасы 18-ден асқан  1200-дей азаматы қатысқан сауалнамада АЭС салуды 73 пайызы қолдағанын телехабардан тыңдағанда көзім жетті.

Бұл бастамаға қарсы уәж айтатындардың да жөні бар екенін білеміз. Кеңестік дәуір халқымызды «Атом» дегенде ат-тонымызды ала қашатындай зәрезеп қалге жеткізді. Алайда бүгінгі заман басқа, заң басқа екенін де түсінуіміз керек. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді қазақ. Қорыққанның, қауіптенгеннің жөні осы деп ғылыми жетістікке қол артпай, баяғыдай көмір жағып, күл шығарып отыра берміз бе. Ондай күлді көмеш өмір бүгінгі таңда өркениеттен ада, артта қалған елдердің тірлігі екенін түсінеміз. Жылу электр станцияларының көк аспанымызды көлегейлеп, өзімізге ғана емес күллі әлемге апат әкеле жатқанын экологтарымыз айтып отыр.

Бүгінгі таңда бүкіл әлемде көмір мен мұнайдың дәурені бітуге жақын екеніне адамзат баласының көзі жетіп отыр. Сол мұнаймен халқын көл-көсір тіршілікке жеткізіп, үлде мен бүлдеге бөлеген Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірлігі сияқты елдердің өзі табысты ғылымның басқа саласынан табуға бет бұрғалы қашан. Ал энергия өндірудегі ядролық қуаттың мың есе артық тиімділігіне ешкім шүбә келтірмейді. Оның үстіне ядролық отынды басқа елден сатып алатын болсақ мәселе бір басқа. Біз уран өндіруден әлемдегі жетекші орында тұрып, қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмасақ, нағыз алтынға арқамызды сүйеп отырып қайыр тілеген ақымақ қайыршыға айналар едік.

АЭС салудың ғылыми тұрғыдағы тиімділігі,қажеттілігі, ел әлеуеті, кадр мәселесі жайлы білгір мамандар кеңінен түсіндіп жатқандықтан білімдарсуды жөн көрмедім.  Көз алдымызда тұрған шындықтың дәлелі ретінде АЭС арқылы экономикасы қарыштап дамыған елдер емес, өз бауырласымыз Түркия мен Өзбекстан елдерінің батыл қадамын айтар едім. Экономикамызды ғана емес, бейтарап ел ретіндегі саяси бағытымыз, ұстанымызға да АЭС-ың зияны  тимейтіндігін осы екі ел тәжірибесі дәлел бола алады деп ойлаймын. Мұндай станцияның қауіпсіздік мәселесі жан-жақты қарастырылғанын түсінетін жағдайға жеттік, енді нәтижесін көргеніміз дұрыс.

 

 Байболат Бүткей, 83 жастағы қария, қоғам қайраткері

 

By meirim

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *