Зейнетақы активтерін банктердің облигацияларына инвестициялау тетігін енгізу мәселесі талқыланды. Бұл туралы Ұлттық банктен мәлім етті..
«Экономиканың орнықты өсуі үшін негізгі факторлардың бірі ретінде оның кредиттеудің маңыздылығын түсіне отырып, Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) және қаржы нарығымен бірлесіп, банктердің экономиканы, оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерін кредиттеуді ынталандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде», — деп атап өтті Ұлттық банктен редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Ведомствоның атап өтуінше, экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту аясында өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды синдикатталған кредиттеуді және қоса қаржыландыруды дамыту, астық қолхаттары, жер және жер қойнауын пайдалану құқықтары түріндегі кепіл механизмнің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар, банктер мен кредиттік бюролардың мемлекеттік дерекқорлармен интеграциясы жүзеге асырылуда. Бұл қызметтерді цифрландыруға, банктердің шығындарын төмендетуге, қарыз алушылардың кредиттік тәуекелін бағалау сапасын арттыруға және нәтижесінде кредиттік өнімдердің қолжетімділігін арттыруға әкеледі.
«Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің экономиканың нақты секторын кредиттеудің проблемалық мәселелері бойынша екінші деңгейдегі банктермен кездесулері барысында пруденциалдық ынталандыру, синдикатталған кредиттеуді жандандыру, квазимемлекеттік сектор тарапынан тікелей кредиттеуді шектеу, зейнетақы активтерін банктердің облигацияларына инвестициялау тетігін енгізу бөлігінде ұсыныстар талқыланды», — деді Ұлттық банктен.