Су тасқыны: Ақтөбенің Қобда ауданында 100 үй берілді

Қобда ауданында бүгін 100 үй қолданысқа берілді. Ауданы 80 және 100 шаршы метр болатын үй құрылысы үш айда аяқталып тұр.

Көктемгі су тасқынынан кейін баспанасыз қалған қобдалықтар бүгін қоныс тойын тойлады. Бұған дейін эвакуациялық пунктте, кейін тума-туыстарының үйінде тұрған олар бүгін өз үйінің кілтін алып, көшті. Тасқыннан кейін барлығы 147 үй салуға шешім қабылданған болатын. Қобда ауданының орталығында құрылысы жүргізілген 130 үйдің 100-і бүгін қолданысқа берілді. Өзгесі Жарық ауылында.

үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Су 28 наурыз күні келіп, бізді эвакуациялады. Қазір мұның бәрі артта қалды. Жаңа үйде 4 жан тұрамыз. Балам, немерем жанымда. Тасқыннан кейін 150 АЕК көлемінде материалдық шығын да өтелді», — деді Амангелді Жұбанкен.

Қобдадағы үйлерді салуға «Болат Өтемұратов» қорынан қаржы бөлінді. Құрылысты 13 мердігер жүргізді.

«Құрылыс мамыр айынның басында басталды. Бөлек-бөлек бригада келіп, салды. Алғашында құрылыс жұмысын өз қаржымызға бастап, іргетасы мен қабырғасы қаланғанда қордан ақша бөлінді. Мұндағы құрылыс материалдары, кірпіш, шатыр жабындысы жергілікті өнім. Құрылыс кезінде тұрғындар келіп, қарап жүрді. Біз барлығы 8 үй мен мұндағы жолды, жаяу жүргіншілер жолын салдық», — деді «Бабек құрылыс» ЖШС-нің басшысы Көбеген Уразов.

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде Қобда ауданында 288 үй суға кетіп, 155-і жарамсыз деп танылды. Ал қалған 133 үй қайта жөндеуге жатады. Оларға бағалау комиссиясының шешімімен қаржы аударылды. Сонымен бірге зардап шеккен тұрғындардың таңдауы бойынша 8 дайын тұрғын үй сатып алып берді.

үй
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

«Биыл оңай жыл болмады. Қыста қарлы боран, көктемде су тасқыны басталды. Соған қарамастан бәрі ауызбіршілік көрсетіп, бір үйдің баласындай көмектесті. Тек облыс емес, еліміздің өзге де өңірінен көмек келді. Болат Өтемұратов қоры қаржы бөліп, құрылыс жүрді. Қанша қиындық болса, артынан жақсылық болады. Еліміз тыныш болсын. Ең қуантарлығы — бір үйдің баласындай бірге болып, сабырлық таныттық. Лайым солай болсын! Ол үшін бірге жұмыстанып, жобаларды бірге анықтап, бірге жұмыс істеуіміз керек», — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап 500-ден астам үй салуға шешім қабылданған. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *