Бүгін – қазақтың ағартушы, философ, бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні.
Соған орай елордадағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, ұлт перзентіне құрмет көрсетілді. Оған Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов, AMANAT партиясының Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, сондай-ақ Жазушылар одағы мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ардагерлер және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Абай шығармашылығы тәрбие, еңбекқорлық тәрізді құндылықтармен үндес екендігін айтты.
«Бүгін – еліміз үшін жарқын күндердің бірі. Бұл күн жыл сайын атап өтіледі. Президентіміз айтқандац, Абай – рухани реформатор. Әр заманның қиындықтары бар. Одан Абайдың даналығымен, айтқан ой-парасатымен шығуға тиіспіз. Білім, ғылым , қоғамдағы рухани қозғалыстар кемелдікке қарай бағыт алуы қажет. Абайдың «Толық адам» деген тамаша концепциясы бар. Соған біз ұмтылып келе жатырмыз. Ол үшін білім жүйесі, қоғам, ата-аналардың парасаты бір жерге үйлесуі керек. Сол кезде ғана нәтиже шығады, — деді Дихан Қамзабекұлы.
Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының айтуынша, айтулы мерекеге орай Абай шығармаларын насихаттау мақсатында аудан әкімдіктерінің, білім, мәдениет салалалары мекемелеренінің ұйымдастыруымен 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
«Жыл сайын 10 тамыз күні дәстүр бойынша Абайдың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болады. Абай күні тек бір күнмен шектелмейді. Алдағы 2 аптада ақынға арналған түрлі танымдық іс-шара өткізіледі. Мәселен, бүгін Есіл өзенінің жағалауында Абай әндерін насихаттау үшін «Домбыра party» және Арбатта ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты викториналық ойындар ұйымдастырылады» — деді Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.