АҚ БАТАНЫҢ ҚАСИЕТІ

Біздің елде шежіреші, әңгімеші Сапар Бердіғожин деген ақсақал болды. Тоқсанға тақап  қайтты. Топырағы торқа болсын! Мекені жәннат болсын!Қара сөзді келістіріп сөйлейтін, өткен тарихты терең білетін, әзілге де жүйрік қария еді жарықтық. Сол әкеміздің мына әңгімесі есіме түсіп отыр.

«…Менің берген батам негізі, кері қайтпайды, балалар» деп бізге қарап қуақылана күліп алды Сапекең.  «Бірден қабыл болады десем тағы күлесіңдер-ау. Оған дәлелім көп. Бір-екеуін айтып берейін алдымен. Анау байлаусыз бұзық Қасан қатын әкелгенде той үстінде келін екеуіне батаны мен бердім. Көпшіліктің қалауымен. «Жұптарың жазылмасын,  араларың ажырамасын!» деп қайырдым соңын.  Жұрт осы күнге дейін таң қалады ғой. «Сапеке әулие екенсің» деп. Бұзықтың аты бұзық емес пе! Қасанды айтам. Кейде қолы қышып әйелін сабағанда, ол байғұс  қашудың орнына  оның өзіне қарай  құлай береді екен. Ұрған сайын төркініне қашудың орнына өзіне қарай құлай бергесін Қасан да шаршағанға ұқсайды. Сөйтіп жынды Қасанның өзі жуасып, тәп-тәуір жанұя болып кетті ғой» деп бізді бір күлдіріп алды. 

«Бірде» — дейді Сапекең:  -Сонау  Торғайдың түкпіріндегі ауылдан бір адам арнайы іздеп келіп жағдайын айтты.  Тоқетер сөзі:  атадан жалғыз екен.  Ұлы да жалғыз. Сол ұлы үйленбекші.  Сол тойға келіп жастарға ақ батаңызды берсеңіз?- деп қиылды.  Біреулерден естіген ғой  мен жайлы.  Жарайды дедім. Кейін дүркіреген тойға барып екі жасқа ақ батамды беріп қайттым.  Батамның аяғын: 

… Қуатты бол, белді бол, 

Саған айтам, ей, бала!

Келін бала жыл сайын,  

домалатсын бір қара» деп тәмамдадым. 

Бірнеше жылдан кейін ел іші  гу-гу.  Бес-алты жыл өтпей әлгі шаңырақ (Алла көп көрмесін) шүпірлеген бала-бақшаға айналды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған жігіттің әкесі үй алдындағы желіге  бір тайды әкеліп байлап кетті. Алғысын айтып, қона жатып әңгімелесіп құмарынан шығып кетті 

«Бәрі батаны берген адамға, ақ ниетке байланысты ғой. Аузы дуалы адам берген батаға  не жетсін,  шіркін.  «Батамен ел, жауынмен жер көгерер» деп  қазақ атамыз бекер айтпаған шығар» деп Сапекеңнің айтқаны есімде қалыпты. 

— Жақында бір ағайынның ұлының үйлену тойында болдым.  Бір қария бата берді.  Батасы тост тәрізді. Ұрып жатыр.  Батасының соңын » Бақытты болыңдар,  бақыттың ішіне бәрі сияды» деп аяқтады.  Есіме Сапекең түсті.  Батасы қандай!  Айбары қандай!

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *