Мейірімді қоғам

Биыл базалық медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптастырылады

Биыл базалық медициналық көмектің бірыңғай пакеті қалыптастырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Мемлекет басшысы міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруға бағытталған қаражатты жұмсау тиімділігіне ерекше назар аударды. Сондықтан осы міндетті орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін базалық медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру жұмысын аяқтасын. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамалық түзетулер енгізіп, олардың жыл соңына дейін қабылдануын қамтамасыз етуі керек», — деді Олжас Бектенов.

Бұдан басқа, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрліктері бірыңғай медициналық ақпараттық жүйенің құрылуын қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты.

«Денсаулық сақтау және білім беру саласына жеке инвестициялар тарту үшін Ұлттық экономика министрлігі Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалану жөніндегі қағидалардың жобасын әзірлесін», — деді Премьер-Министр.

Exit mobile version