Мейірімді қоғам

Дәулет Тұрлыхановтың ұлын уақтылы есепке қоймаған ҚАЖ комитеті қызметкерлері жауапқа тартылды

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатты пробация қызметіне уақтылы тіркемеген Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерін тәртіптік жауапқа тартты. Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Процестік тәртіпті бұзғаны үшін бірқатар кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.

Айта кетсек, таяуда әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта емін-еркін жүрген видеосы тараған еді.

Істің мән-жайын Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен сұрағанымызда: «Н. Болатқа қатысты үкімді орындау пробация қызметіне (тіркелген мекенжайы бойынша) биыл 14 тамызда келіп түсті. Заңнамаға сәйкес пробациялық бақылау сотталған адамды есепке алған сәттен бастап жүзеге асырылады», — деген жауап алдық.

Еске сала кетейік, 2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.

Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласпайтынын айтты.

Ал, өткен жылы 2 шілде күні ол мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын.

Кейін көп өтпей табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді.

Алматы гарнизоны бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2023 жылы 9 қазанда Дәулет Тұрлыхановтың ұлына сот үкімі шықты.

Прокурор сотталушы Б-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Биыл мамырда Жоғарғы сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлына кесілген үкімді өзгертті.

Содан соң Дәулет Тұрлыханов ұлының сот үкіміне қатысты пікір білдірді.

Exit mobile version