Мейірімді қоғам

Аймауытовтың ұлы Бектұр Баянауылға не үшін келді

Биыл Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Алаш ардақтысының ұлы Бектұрдың туған жерін аңсап келіп, ата-бабасының басына тәу еткен сәтінен еш жерде айтылмаған оқиғаларды жариялауды ұйғарды.

Жүсіпбек Аймауытов пен жары Евгения Қарабатырқызы екеуінің отбасында Бектұр, Жанақ есімді ұлдары және Мәруа атты қызы болған. Асылдың соңында қалған тұяғының үлкені — Бектұр Жүсіпбекұлының өмірі азапқа толы өткенін екінің бірі біле бермейді. Ол Орынбордағы мектепте Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған.

Фото: Рамазан Нұрғалиевтің жеке архивінен

Жүсіпбек Аймауытұлының үлкен ұлы Бектұр 1996 жылы Баянауылға келіп, ата-бабасының рухына тағзым етті. Сол сапарда жергілікті өлкетанушы, Жүсекеңмен бірнеше атадан қосылатын туысы, өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев асылдың сынығына жол көрсетіп, Дәндібай өңіріне бастап апарған.

Фото: Рамазан Нұрғалиевтің жеке архивінен

Осы бір оқиға жөнінде Рамазан Дінісұлының аузынан жазып алған едік.

— 1996 жылы тамыз айында Бектұр Жүсіпбекұлы Қарағанды қаласына келді. Жанында қызы Рима мен одан туған үш жиені бар. Бұған дейін Бектұр ағамыз Ресейдің Кемер облысы Прокопьев қаласында ерікті түрде қоныстанып (вольное поселение) тұрған ғой. 1994 жылы қарашада Татарстан Республикасы прокуратурасының қаулысымен ақталып, Қазақстанға келіп, Алматыда біраз тұрып, бәйбішесі Ресейге қайта алып кеткен. Кейін атамекеніне қайта бет бұрады. Қазақстан үкіметі Алматыдан пәтер берген.

Ол уақытта Қарағанды қаласында Жүсіпбектің туған інісі Жақыпбектің немересі Бауыржан Ысқақов тұратын. Бауыржан Ысқақов — медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Аймауытовтың туған інісі Жақыпбектің немересі. Жақыпбек атамыз көзі тірісінде мұғалім болған. Алайда 1937 жылы ол да атылып кеткен. Ал Бауыржан кейін жездесінің тегін алып, сол кісінің тәрбиесін көріп Ысқақов болып жазылған

Мен болсам бұл тұста Баянауыл ауданының «Южное» кеңшарында (қазіргі Жұмат Шанин ауылы) зоотехник болып еңбек еттім. Бірде қаулаған дала өртінің арасында қалып қойып, бет-аузым, қолымның біраз бөлігі күйіп қалды. Сөйтіп, біраз уақыт Қарағанды қаласында емделуге тура келді. Бастауыш сыныпта оқитын үлкен қызым Нәзгүл жанымда болатын. Жалпы, мен – Аймауыт әулетіне бірнеше атадан қосылатын туыспын. Бауыржанмен әуел бастан-ақ жақсы байланыстамыз. Ол менің қалада екенімнен хабардар. Содан бір күні Бауыржан Бектұрдың келе жатқанын, пойыздан түсетінін жеткізді. Қарсы алуға сол уақытта Қарағандыдағы диагностикалық орталықтың бас дәрігері Ерсін Рақышев та бірге барды. Оның да руы күлік, Жүсіпбекпен туыс. Жоғарыда айтқандай, Бектұр жалғыз келмеді. Содан түні бойы Бауыржанның үйінде әңгіме-дүкен құрып, ертесінде Баянауылдың Қызылтауына бірнеше машинамен шықтық. Сол сапарымызда Қарағанды облыстық телеарнасы жақсы бір телехабар дайындағаны да есімде.

Әуелі Аймауытұлы аулында болып, келесі күні аталары жатқан Дәндібай қорымына бардық. Бектұр: «Құлқуалланы үш қайтаруға шамам бар, дұғаны өзім жасайын», деді. Сол дұға арасында әкем мен шешем де болған. Әкем сол жерде қой сойып, ас берді. Бектұр ағамызға костюм-шалбар кигізгені де есімде. Асылдың сынығының көзінде үнемі бір қаяу байқалып тұратын. Ата-бабасының зиратына барғанымызда бір асқақ арманына қол жеткізіп отырғандай көрінді, — деп бір тоқтады Р.Нұрғалиев.

Фото: Рамазан Нұрғалиевтің жеке архивінен

Әңгіме орайында Бектұр ағамыз: «20-жылдардың ортасына таман болуы керек, әкем Жүсіпбек Орынбордағы жоғары әскери-офицерлер мектебiне қызметке орналасып, психология пәнінен сабақ береді. Жанақ екеуіміз Дәндібайда тұрып жаттық. Содан бір күні әкеміз бізді алып кетпекке ауылға келді. Мынау зираттың (Дәндібайдағы Аймауытұлының ата-анасы жатқан қорым) сыртында қорған-дуал болатын. Соның құлап қалған жерлерін кірпішпен қалатты. Жанақ екеуімізді ат арбаға отырғызып, Қызылшырпы қаласына (қазіргі Ақсу) алып жөнелді. Ол жерден кемеге отыратын болдық. Бізді арбамен апарған ағаға кеме тоқтайтын жердегі жайма базардан ши барқыт, ақ мата, ұлтан, былғары, насыбай жапырағын сатып әперді. Әлгі кісі мылқау еді, екеуі ыммен сөйлеседі. Біз кемеге отырғанда әлгі аға жылап тұрды. Әкеміздің айтуынша, ол бізге жақын туыс болған», — деп есіне алған екен.

Фото: e-history.kz

Жүсіпбектің әлгі туысы Төлеубек Байділдәұлы деген ауыл тұрғыны болған екен. Жастайынан сөйлеу тілі жетілмеген, тек «атау» деген сөзді ғана айта біледі екен. Соған орай ауылдастары Атау атап кеткен. Жүсекең ұсталып, елде жаппай кәмпеске жүріп жатқанда Төлеубек отбасымен Кемер облысының Кольчугино деген теміржол стансасына көшіп кеткен. Содан 1959 жылы ғана елге қайтып келеді. Ер балаларының бәрі қайтыс болған, соңында Орынбасар деген қызы қалды. Ол көп жылдар Екібастұз қаласында өмір сүріпті.

Фото: e-history.kz

«Әкеміз Жүсіпбек қудалауға түскенде оның бір танысы, татар келіншегі бізді Уфаға алып кетті. Себебі Қазақстанда бізге «халық жауының баласы» деп күн бермейтін. Ержете келе Қазан қаласындағы Горбунов атындағы құпия авиациялық зауытқа электрик болып жұмысқа тұрдым. Бұл 1936 жылы еді. Мұнда тәуір жалақы алып, тұрмысым түзеліп қалды. Әттеген-ай, көп ұзамай қырсық шалды. Жыл өтпей үстімнен арыз түсті. «Бұл кеңес өкіметінің жауы Жүсіпбек Аймауытұлының баласы, жабық зауытта жасырын жұмыс істеп, өкіметке қастық жасағалы жүр» деген жаламен мені арнайы органдар тексеріп, ақыры айдатып жіберді. Ақтеңіздегі түрмеге жабылып, 10 жылымды темір тордың ар жағында өткердім. Шыққан соң, паспортыма «мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылды. Амалсыздан Кемер облысының Прокопьев қаласына барып, жергілікті шахтаға электрик болып орналастым. Ұзақ жыл сонда еңбек еттім. Сол жерде отбасын құрып, бір ұл, бір қыз көрдім. Ұлым Виктор Қиырдағы Владивостокта кеме капитаны болған, аса араласа қоймаймыз. Бар үмітім – қызым Рима», — деп толғанған еді жарықтық деп әңгімесін жалғастыра түсті Рамазан аға.

Фото: e-history.kz

Бектұр бірде Прокопьев қаласындағы базарда жүргенде қазақ жігітіне кезігеді. Қазақ азаматы сауда жасап тұрып, қалған ақшасын бермекші болып қалтасынан сомдармен қоса саудыратып теңгелерді алып шығады ғой. Әлгі ақшалардың арасынан Абылай ханның суретін көріп: «Бұл – Абылай хан, қазақтың басын қосқан әйгілі хан, Кенесары ханның бабасы. Бала кезімде әкем мұның бейнесін рамкаға салып, үйдің төріне іліп қоятын», деп айттым», — деп күлген екен Бектұр Жүсіпбекұлы.

Бектұр Жүсіпбекұлы кейін Қарағандыға қайтқан соң, Ресейге жол жүріп кетеді. Ол жақта ұзақ тұрған соң, 2006 жылы туған еліне оралды. Содан араға екі жыл салып 92 жасында дүние салды.

Exit mobile version