Home ӘЛЕУМЕТ ЖӘРДЕМАҚЫ, МАРАПАТ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ: Қазақстанда аналарға мемлекеттен қомақты ақша беріледі

ЖӘРДЕМАҚЫ, МАРАПАТ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ: Қазақстанда аналарға мемлекеттен қомақты ақша беріледі

0

Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, біржолғы және ай сайынғы төлемдер, «Алтын» және «Күміс алқа» марапаттары – және бұл көмектер демографияға шынымен әсер етіп жатыр ма?

Қазақстанда бала тууға берілетін жәрдемақы көлемі қанша? Көпбалалы отбасылар қандай қолдау алады? Ал бұл көмектер елдегі демографияға шынымен әсер етіп жатыр ма? BAQ.KZ тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті Ана мен баланы қолдау басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызы жауап берді.

Фото: спикердің жеке мұрағатынан

BAQ.KZ: Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Елімізде ана мен балаға мемлекеттен қолдау барын білеміз, бірақ нақты қандай жәрдемақылар бар екенін және олар қалай жіктелетінін айтып бере аласыз ба?

Гүлмира Жәкенқызы: Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда балалы отбасыларды қолдау үшін бірнеше жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Жәрдемақылар негізінен республикалық бюджеттен төленеді және олар белгілі бір жағдай туындағанда ешқандай қосымша шартсыз тағайындалады.

Мысалы, отбасында бала дүниеге келген кезде бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері баланың туу ретіне байланысты белгіленеді. Бүгінде бірінші, екінші және үшінші бала туған жағдайда 164 350 теңге төленеді. Ал төртінші және одан кейінгі балалар үшін 272 475 теңге мөлшерінде біржолғы жәрдемақы қарастырылған.

Бұдан бөлек, бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Егер анасы жұмыс істемеген болса, жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді. Оның мөлшері де бала санына байланысты әртүрлі болады.

Мысалы:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге,
  • екінші балаға – 29 454теңге,
  • үшінші балаға – 33 952 теңге,
  • төртінші және одан жоғары балаға 38 493 теңге ай сайын төленеді.

Ал егер анасы бала тууға дейін жұмыс істеген болса, онда төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Бұл жағдайда төлем мөлшері анасының декреттік демалысқа шыққанға дейінгі орташа айлық табысына байланысты есептеледі.

Сонымен қатар егер отбасында мүгедектігі бар бала тәрбиеленсе, онда ата-анасына сол баланы күтуге байланысты ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Қазіргі таңда оның мөлшері 81 871 теңгені құрайды. Бұл төлем мүгедектігі бар бала 18 жасқа толғанға дейін беріледі.

BAQ.KZ: Ал көпбалалы отбасыларға қатысты қолдау шаралары бар?

Гүлмира Жәкенқызы: Егер отбасында кәмелетке толмаған 4 және одан да көп бала болса, ол көпбалалы отбасы ретінде есептеледі. Сонымен қатар 4 баланың бірі жоғары оқу орнында немесе магистратурада күндізгі бөлімде оқып, жасы 23-ке толмаған болса, ол да отбасы құрамында есептеледі және мұндай отбасыларға тиісті жәрдемақылар тағайындалады.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының мөлшері бала санына байланысты белгіленеді. Мысалы:

  • 4 балаға – 69 330 теңге,
  • 5 балаға – 86 673 теңге,
  • 6 балаға – 104 017 теңгеден астам,
  • 7 балаға – 121 360 теңгеден астам төленеді.

Ал 8 және одан да көп бала болған жағдайда, әр балаға 17 300 теңгеден жәмдемақы беріледі.

Сонымен қатар 6 бала тәрбиелеген аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туған аналарға «Алтын алқа» мемлекеттік наградалары беріледі. Мұндай аналар «наградталған аналар» санатына жатады және оларға өмір бойы, балалардың жасына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді.

Қазіргі таңда:

  • «Алтын алқа» иегерлеріне – 32 005 теңге,
  • «Күміс алқа» иегерлеріне – 27 680 теңге ай сайын төленеді.

Жалпы, бұл — мемлекет тарапынан ана мен баланы, сондай-ақ балалы отбасыларды қолдау мақсатында көрсетілетін әлеуметтік көмектер.

BAQ.KZ: Қазіргі таңда осы жәрдемақыларды алушылар бойынша нақты статистика бар ма?

Гүлмира Жәкенқызы: Иә, бар. Мысалы, биыл 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы 72 664 адамға төленді.

Бала күтімі бойынша, яғни жұмыс істемейтін аналарға арналған ай сайынғы жәрдемақы 129 703 адамға төленді.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, яғни наградталған аналар саны – 247 984 адам. Олардың барлығы ай сайын жәрдемақы алады.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар саны – 117 031, олар да тиісті ай сайынғы жәрдемақымен қамтылып отыр.

Ал көпбалалы отбасылар саны жыл басынан бері орта есеппен 631 086 отбасы.

Жалпы алғанда, 1 сәуірдегі жағдай бойынша шамамен 1,2 миллионнан астам отбасы түрлі әлеуметтік жәрдемақылар алып отыр. Бұл жерде бір отбасы немесе бір адам бірнеше жәрдемақы түрін қатар алу мүмкіндігіне ие, құқылы екенін атап өткен жөн.

BAQ.KZ: Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қолдау деңгейі қандай деп бағалайсыз?

Гүлмира Жәкенқызы: Жалпы алғанда, Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі, әсіресе ана мен балаға қатысты төлемдер, өңірлік деңгейде алғанда жаман емес. Егер Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдермен салыстыратын болсақ, Қазақстандағы әлеуметтік қолдау деңгейі әлдеқайда жоғары деп айтуға болады. Бұл тек жәрдемақы мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар қолдау түрлерінің ауқымына да қатысты.

Жалпы елімізде қалыптасқан әлеуметтік қолдау жүйесіне халықаралық сарапшылар да оң баға беріп отыр.

BAQ.KZ: Мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақылар Қазақстан демографиясына әсер етіп жатыр деп айтуға бола ма?

Гүлмира Жәкенқызы: Иә, белгілі бір деңгейде әсері бар деп айтуға болады. Мысалы, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылар 2020 жылдан бастап енгізілді. Сол кезеңде елімізде шамамен 252 мың көпбалалы отбасы болса, бүгінгі таңда олардың саны 631 мыңға жетті. Яғни шамамен 2,5 есеге артқан.

Бұл мемлекеттік қолдаудың демографиялық жағдайға оң ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар бала туу және күтіміне байланысты жәрдемақылар бойынша да оң өзгерістер байқалады. Мысалы, 2010 жылы 4 және одан кейінгі бала туған аналардың жәрдемақы алушылар ішіндегі үлесі шамамен 12 пайыз болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 32 пайыздан асты. Яғни бүгінде әрбір үшінші бала көпбалалы отбасында дүниеге келіп жатыр деуге болады.

BAQ.KZ: Өзіңіз де ана ретінде осындай жәрдемақы ала алдыңыз ба?

Гүлмира Жәкенқызы: Жоқ, мен көпбалалы ана емеспін. Оның әр отбасыға байланысты түрлі себептері бар.

Жалпы, айта кету керек, қазіргі әлеуметтік жәрдемақылар жүйесі 2003 жылдан бастап енгізіле бастады. Мысалы, менің балам 2001 жылы дүниеге келген, сол кезде мұндай жәрдемақылар болмаған.

Сондықтан қазіргі жағдайды бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда қолайлы деп айтуға болады. Дегенмен мемлекет тек жәрдемақымен ғана өмір сүруді көздемейді. Бұл қосымша қолдау ретінде қарастырылады.

Бүгінде әлеуметтік төлемдерден бөлек, басқа да қолдау түрлері бар. Мысалы, көпбалалы отбасылардың балалары мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, түрлі спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысу мүмкіндіктері қарастырылған. Сол себепті жалпы алғанда басқа мемлекеттерге қарағанда біздің елдегі мемлекеттік қолдау жақсы деңгейде.

Конституцияда да әр ата-ананың баласын тәрбиелеу және қамқорлық жасау міндеті нақты көрсетілген. Сондықтан мемлекет пен ата-ананың жауапкершілігі қатар жүреді.

BAQ.KZ: Жалғызбасты ата-аналарға қандай қолдау көрсетіледі?

Гүлмира Жәкенқызы: Жалпы, жәрдемақыларды тағайындау кезінде ата-ананың мәртебесіне қаралмайды. Яғни отбасында бала болса және белгілі бір жағдайлар туындаса, барлық отбасыға бірдей негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Ал отбасының табысы төмен болып, қосымша көмек қажет болса, онда атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған. Бұл көмек жергілікті атқарушы органдар арқылы тағайындалып, төленеді және табысы төмен, қиын жағдайдағы отбасыларға беріледі.

BAQ.KZ: Жәрдемақылар автоматты түрде тағайындала ма, әлде ата-аналар құжат жинауы керек пе? Жәрдемді алуы үшін не істеуі керек?

Гүлмира Жәкенқызы: Әр жәрдемақының өзіне тән тағайындау тәртібі бар. Дегенмен қазіргі таңда олардың басым бөлігі проактивті, яғни автоматты түрде тағайындалады.

Мысалы, бала дүниеге келген кезде оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы жүйеде тіркеледі. Осыдан кейін анасының телефонына SMS-хабарлама келеді. Онда жәрдемақы тағайындау мүмкіндігі туралы ұсыныс жасалады. Егер анасы 3 күн ішінде келісім берсе, банк шотын таңдап, жауап жібереді. Сол сәттен бастап жәрдемақы тағайындалады.

Яғни бұрынғыдай құжат жинап, ХҚКО-ға барып өтініш берудің қажетті жоқ.

Сол сияқты «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» наградалары берілген жағдайда да ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде хабарлама жіберіледі. Анасы келісімін бергеннен кейін жәрдемақы тағайындалады.

Бұрын мұндай жағдайда ана алдымен награданы алып, содан кейін ғана ХҚКО-ға барып өтініш беретін. Қазір бұл үдеріс толықтай жеңілдетілген.

Жалпы, бүгінде мемлекеттік жәрдемақыларды проактивті форматта тағайындау жүйесі толық енгізілген деп айтуға болады.

BAQ.KZ: Көпбалалы отбасыларға берілетін «Алтын алқа», «Күміс алқа» сияқты марапаттар көбіне аналарға беріледі. Әкелерге қатысты осындай марапаттар бар ма?

Гүлмира Жәкенқызы: Негізінен бұл марапаттар аналарға беріледі. Себебі баланы дүниеге әкелу, оны алғашқы кезеңде күтіп-баптау, әсіресе сәби кезінде тамақтандыру мен өсіру анаға тікелей байланысты.

Сондықтан мемлекет ең алдымен ананың еңбегін бағалауға басымдық береді. Бұл – баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, оны тәрбиелеп өсірудегі ананың рөлін мойындаудың көрінісі.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» тек аналарға тағайындалады, әкелерге мұндай марапат қарастырылмаған. Дегенмен, отбасы толықтай көпбалалы отбасы ретінде есептеледі.

Қазіргі таңда бұл мәртебе цифрлық жүйелерде де көрініс табады. Мысалы, анасы жәрдемақы алушы ретінде тіркелсе, әкесі мен балалары көпбалалы отбасының мүшелері ретінде көрсетіледі. Яғни отбасының барлық мүшесі мемлекеттік әлеуметтік қолдаумен қамтылған деп айтуға болады.

BAQ.KZ: Алдағы уақытта осы салада қандай өзгерістер немесе жаңашылдықтар күтіледі?

Гүлмира Жәкенқызы: Жалпы, балалы отбасыларды қолдау бойынша жәрдемақылар жүйесі тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Жыл сайын жәрдемақы мөлшері өсіп отырады. Бұл республикалық бюджетке, айлық есептік көрсеткішке және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.

Мысалы, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақылар көлемі шамамен 10 пайызға артты. Бұл – инфляция деңгейіне байланысты жүргізілетін жоспарлы индексация.

Соңғы жылдары да оң өзгерістер байқалады. Мысалы, былтыр 4 баласы бар отбасы шамамен 63 мың теңге алса, ал қазіргі таңда 69 мың теңгеге дейін өсті. Ал 2024 жылы бұл сама 59 мың теңге болатын. Мұндай өсім жыл сайын жалғасып келеді.

Жалпы әлеуметтік қолдауды одан әрі арттыру елдің экономикалық және саяси жағдайына тікелей байланысты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан енгізіліп жатқан жаңа бастамалар да бар. Соның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл – бағдарлама барлық баланы қамтитын ауқымды қолдау шараларының бірі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды балалар мен балалы отбасыларды қолдауға басымдық беретін мемлекеттердің бірі деп айтуға болады.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version