Мейірімді қоғам

Ендігі үміт тек Нұрбек Оралбайда — Мырзағали Айтжанов

 Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Нұрбек Оралбайдың жеңісінен кейін бас бапкер Мырзағали Айтжановтан алынған сұхбат.

— Мырзағали Құланұлы, бүгін Нұрбек Оралбай финалға шықты. Барша қазақ елі қуанып жатыр. Шәкіртіңіздің жартылай финалдағы айқасы туралы айтып берсеңіз?

— Бәрі де мүмкін. Бұл Олимпиада ойындары. Оңай қарсылас жоқ. Осында әлемдегі ең мықты боксшылар іріктеліп келді. Әрбір кездесу оңайға соқпайды. Осыған дейін доминикандық қарсыласымыздың жекпе-жектерін көрдік. Мықты деген боксшылардың барлығын қоғадай жапырып, жартылай финалға шықты. Ол қандасымыз Тоқтарбекті де жеңді. Бірақ, Нұрбек жартылай финалда оның жолын бөгеді.

— Нұрбек қандай тактиканың арқасында жеңіске жетті?

— Біз оның қарсыласын жақсылап зерттедік. Нәтижесінде Нұрбекке тапсырма бердік. Қарсыласына шабуылдамай, керек кезде соққы жұмсап отыру керек екенін айттық. Тапсырманы толық орындап шықты.

— Бокстан ерлер арасында барлық үміт Нұрбек те қалды. Енді финалға қаншалықты дайынсыздар?

— Біз әр жекпе-жекке үлкен дайындықпен шығамыз. Бұған дейін де, барлық боксшыларымыз барын салып жұдырықтасқанын білесіздер. Алайда, кейбір боксшыларымыз түсініксіз жағдайда ұтылып қалды. Кімнің қалай жұдырықтасып, қалай жеңілгенін бүкіл әлем көріп отыр. Біздің міндет әр боксшыны дайындап, рингке шығару. Ал бағаны беретін, жеңімпаздың қолын көтеретін төреші. Сондықтан, біз басқа жұмысқа араласпаймыз. Өз міндетімізді өтеп жатырмыз. Финалға да жақсылап дайындаламыз. Нұрбек финалдағы қарсыласын өзі де жақсы біледі. Енді онымен қалай жұдырықтасуда, қандай айла-тәсіл қолдануды пысықтайтын боламыз.

— Ал Нұрбек қазақ боксшыларынан ерлер арасында өзі ғана қалғанын қалай сезініп, қалай қабылдап жатыр?

— Нұрбек барлық үміт өзінде ғана қалғанын жақсы біледі. Енді, ол біраз жігіттердің кеткен есесін қайтарады деп ойлаймын. Қазақ боксшыларының намысы тек Нұрбек Оралбайда қалды. Басқа ешкім қалмады. Бұл Нұрбекке ең үлкен сын. Енді ол шешуші сында жан барын салуы керек. Ол соңғы мүмкіндікті уысынан шығаруға қақысы жоқ. Ендігі үміт тек Нұрбекте.

— Әңгімеңізге рахмет!

Exit mobile version