Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады — деген ауыздан шыққан әр лебізге жауапкершілікпен қараған бабаларымыз: «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман» деген.
Сөз өнерін халқымыз аса жоғары бағалаған. Сөзді киелі деп түсінген. Әлдекім «әлдене туралы жақсы айтсаң да, жаман айтсаң да, айтқаның айналып келіп, өзіңді табады» дейді.
Қазақ мақалы адамға келер он бәленің тоғызы тілден деп сақтандырады. «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндіре көрме» деген тілекті айтушы да ата-бабаларымыз.
«Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады» деген мақалдың мазмұны – «Кеткенді келтіріп, кемтігіңді толтыратын да тіл» дегенді аңғартпай ма?!
Тілді аса жоғары бағалағанын, сөзді құдіретті деп танығанын халықтың осындай қазыналы сөздерінен де аңғаруға болады.
Халық даналығынан бейхабар адамдар сөз қадіріне жете алмайтыны рас. Қазіргі жаһандану заманында адамзат қоғамын озық технология билеп-төстеп барады. Бір қорқыныштысы – рухани даму артта қалып келеді.
Екеуінің арасындағы алшақтық ұлғая берсе, адамзат әлеміне төнген аса зор қауіпке айналады. «Ойы айқынның сөзі айқын», «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» дегендей, рухани дүние қоғамда, жеке тұлғада тек тіл арқылы ғана орнығып, адал әрекет-іспен ғана көктеп-көгереді.
Өмірің болсын дәулетті,
Үйің болсын сеулетті,
Болаттай мықты сынбайтын,
Мінезің болсын қайратты,
Арыстандай айбатты,
Корғап жүрер әулетті.
Алып шығар жарыққа,
Білімің болсын жан-жақты.
Көтеріп жүрер бақытты,
Мысын болсын салмақты.
Деніне берсін саулықты.
Қолдап жүрер қасында,
Жарың болсын жаулықты.
- Басты жауың – жалқаулық, сорлататын жаныңды.
- Осалдығың – аңқаулық, соқтыратын саныңды.
- Жасқаншақ болсаң, ұры алар қоралап қойған малыңды.
- Жалатқызбас жасықтық, аузыңдағы балыңды.
- Өтірік айтсаң өңмеңдеп, жоғалтасың арыңды.
- Өсек терсең телмеңдеп, суға кетірер салыңды.
- Көпірме босқа мақтан ғып, түкке тұрмас барыңды.
- Көрінгенге жалпақтап, бола алмайсың жағымды.
- Біреуді алдап арбаумен, аша алмайсың бағыңды.
Даурен Муса
