Мейірімді қоғам

Ел өңірлерінде аскөк пен ақжелкен қаншадан сатылып жатыр

Жаз келісімен бау-бақша пісіп, көкөніс қолжетімді болады. Оның қатарында тамақтың дәмін келтіретін аскөк те бар. Өңірлердегі ақжелкен, аскөк және рукола бағасына шолу жасаған едік.

Аскөкті көбіне келілеп емес, уыстап оралған түрде сатады, ол шамамен 100-150 грамм тұрады.

Бағасына келсек, базар мен супермаркеттерде айырмашылық бар, бұл жерде көлеміне де байланысты.

Дегенмен жаздыгүні тұтынушылардың дені аскөкті саяжайшылардан тікелей алғысы келеді. Оларда баға арзан болуы мүмкін.

Мысалы, Петропавлда бір уыс аскөк фермерлік базарда 150 теңге тұрады, ал супермаркетте келісі 1 700 теңгеден сатылып жатыр.

Фото: Kazinform

Жалпы өңірлерде Ақтөбе мен Атырауды алмағанда, аскөк бағасы бойынша аса айырмашылық жоқ. Ел аумағында аскөк пен ақжелкеннің бір уысы 100-300 теңге аралығында тұрады.

Ал рукола 100 теңгеден 1200 теңгеге дейін сатылады. Онлайн супермаркеттерде қапталған 125 грамдық аскөк 2 100 теңгеге сатып ала аласыз.

Ең арзан рукола Түркістан мен Оралда — 100-150 теңге. Петропавл, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды және Павлодарда руколаның бір уыс бумасы 300 теңге тұрады.

Тараз, Астана, Семей мен Өскеменде 300-350 теңге, Қостанай, Ақтау, Алматы және Жезқазғанда 400-450 теңге, Қызылордада 500 теңге, Көкшетауда 700 теңгеден сатылады.

Ал Ақтөбе, Қонаев және Атырауда 950, 1000 және 1200 теңге тұрады.

Ақжелкеннің бір уыс бумасы Тараз, Қызылорда, Түркістан, Ақтау, Петропавл, Алматы, Қостанай, Шымкент, Қонаев, Жезқазған, Талдықорған және Көкшетауда 100-200 теңге аралығында сатып алуға болады.

Көкшетау, Орал, Семей, Павлодар, Өскемен және Астанада сәл қымбаттау, бумасы 200 теңгеден басталып, 280 теңгеге дейін жетеді.

Ең қымбат ақжелкеннің бағасы Ақтөбеде — 515 теңге және Атырауда — 700 теңге.

Аскөк — Тараз, Қонаев, Қызылорда, Түркістан, Талдықорғанда 50-100 теңгеден. Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Ақтау, Шымкент, Алматы, Көкшетау, Жезқазған және Оралда 140 теңгеден 200 теңгеге дейін барады.

Семей, Павлодар, Өскемен және елордада бір уыс бума аскөк үшін 230-270 теңге төлейсіз. Ал Ақтөбе мен Атырауда аскөк 500 теңгеден жоғары.

Exit mobile version