Бір адамының жеке басындағы қайбір шешімі, жасаған батыл да оқыс қадамы әулеттің немесе атаның, тіпті рудың қан қыздырар мәселесіне айналып кетіп соңы үлкен оқиғаға соғып жататыны – патриархалды феодалдық қазақ қоғамына тән. Сондай бір оқиға ХІХ ғасырдың соңын ала біздің әулетте өткен «Жұлдыз қыздың дауы» еді. Алтай-Қобда қазағының арғы-бергі тарихынан хабардар көзі қарақты жандардың бәрі білетін, талай-талай кітаптарға арқау болған оқиға болса да, оқырман жадында тағы бір жаңғыртуды жөн көрдім.
Ер Жәнібектің егде тарқан шағында атқа қонған батырлардың бірі ретінде аталатын бесінші атамыз Көбеген батыр қырықты қырқалағанша бір шыр етерге зар болыпты. Сөйтіп жүргенде Алтайға ХҮІІІ ғасырдың басында-ақ мекен теуіп, бауыр басып қалған орыстың бір қызына үйленеді. Ол кездегі орыс кешелі-бүгінгілердей емес, өз күні үшін қазақтың тіліне ағып тұрса керек. Осы анамыздан көрген бес ұлының біреуі жастай өліп, қалған төртеуінен тараған ұрпақтары енді бір жарты ғасыр өткенде етек-жеңі мол, ақар-шақарлы ауылға айналыпты.
Көбегеннің үлкені Ақтай жасынан жалынды болыпты. Бүкіл өмірін әр жерде бытырап-тарап жүрген шеруші руының басын қосып, іргелі ел етуге арнапты. Елдегі жігіттерді жиып, тоғам қаздырып, алқапқа су жіберіп егін салдырыпты. Осылайша Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіндегідей, елі бай болып, «егінші шеруші» атаныпты. Керей жуандары арасындағы көптен бергі бақталастықты, Алтайда жиі болатын түрлі қырғын-сүргінді, ауыр алым-салықты бағамдай келе, Ақтай өмірден өтерінде соңындағы елге Қобда бетке көшуді өсиеттепті. Әке орнын басқан Жылқышы бастаған ел иелері Тәтекеңнің бұл өсиетін орындап, бірер жылда көшіп үлгереді.
Ақтайдың он төрт ұлының бірі Бәйімбай бабам сөзге шешен, әрі жүйрік ат десе ішкен асын жерге қоятын адам болыпты. Алтай, Қобда, Шүйде қайда атшабыс аламан бар, апарып ат қосу, кімде аузымен құс тістеген өрен жүйрік бар, қалап-сұрап баптау – Бәбеңнің басты ермегі екен. Кей-кейде тентектікке де тізгін ұстатып қоятын болса керек. Бәйімбай бабамыз үлкен ұлы Қажыны отыз жетісінде, кенжесі Мінәшті алпыс бірінде көріпті. Ақтай балалары ішінде кенжелеп өскен Бәйімбай әулеті бүгінде аз да емес, көп те емес елу түтін.
Бәбең бабамыз тұла бойы тұңғышы, Жұлдыз атты жалғыз қызын ұл орнына ұстап, еркек балаша киіндіріп өсіріпті. Жұлдыз да жасынан ат құлағында ойнап, садақ ату, теңге ілу сайыстарында қатарлас ер балалардан қалыспапты. Он алты жасында Алтайдың күн бетінде өткен бір ұлы жіңгір асқа жүйрік апарып қосқан әкесімен ере барады. Жұлдыз осы астағы жамбы ату сайысында мергендігімен көзге түседі. Астан соң керейдің төрт орын төрт биінің бірі – байғара жәдік руынан шыққан Өміртай би Жұлдызды інісіне алып бермек болып қарғы бауласып, құдаласады. Тап бермеде сөз бергенімен, болашақ күйеудің өз теңі емес екенін айтып мұңын шағады. Қызының көңілін қимаған Бәйімбай аулына келген соң туыстарымен ақылдаса келіп, Жұлдызды Алтайдың терістігіне, Шүй бойындағы сарғалдақ найман еліндегі сүйген жігітіне ұзатып жібереді. Мұны естіген Өміртай бастаған жәдік руының жуандары «намысымызды таптады» деп Жұлдыз қыздың дауымен Қобда беттегі шерушіге жеті жүз адаммен аттанады.
Өміртай мен Сергекбай бастаған жәдік басшылары жол үстіндегі сәмембет жәнтекей ауылдарына түседі. Шай үстінде Өміртай би: «Шерушінің шаңырағын ортасына түсіріп, ұлын құл, қызын күң қылайын деп бара жатырмын. Қайтар жолда сендерге де бір-бір сіңліңді отыншы-сушылыққа тастап кетейін бе!», — деп осы ауылға келін шеруші қыздарына қаратып, намыстарына тие сөйлепті. Сонда шерушінің үкірдайы Жылқышының қызы Шошахан: «Шеруші де Тәңірі бекер жаратпаған аруақты ел еді. Астамсығанды бір Аллаға тапсырдым. Алдыңғың қақсағанда, артқың ақ сабанда өтерсің осы жермен», — деген екен. Өміртай, Сергекбай бастаған қол шеруші жайлауы Дайынды бетке алғанда, Шошахан да төте жолмен қосарлы атпен жаушы аттандырады.
Жайлаудағы елдің бас-аяғын жиып үлгергенше жәдік қолы да келіп қалады. Жылқышы, Майтақ, Әуке бастаған ел ағалары ақылдаса келе қазіргі Сақсай мен Алтай сұмыны шегінде қарсы алып тұрыспаққа бекінеді. Үш жүз жігітті бір төбеге, қанаттас қалыс ағайын ителі руының жүз қаралы адамын қара көбейтіп айбар қылу үшін қапталдағы келесі төбеге, жүз қаралы әйелдерді ерлерше киіндіріп көзге көрінерліктей алыстау төбеге орналастырады. Және бір топ самдағай жігіттерді күні-бұрын жәдік қолының тылына шығарады. Аяғы ауырып, мініп-түсуі қиындаса да кәрі би Жылқышы да қайратын жиып атына мінеді. Ту ұстаудың жауапкершілігін шөберелес інісі Көрімбайға жүктейді.
Көшпенділердің ежелгі сенімі бойынша қарсылас тараптың туын жығу – жеңістік алудың алғышарты болып саналған. Ұрыс бастала бере жәдіктің «атым – Далай, атуым қалай?» дейтін әйгілі мергені Көрімбайды көздеп атып жібереді. Оқ атына тиіп омақаса құлап бара жатқанда Көрімбай туды құлатпай ұстаған қалпы жерге түседі. Осы кезде уақ Қыдырма деген жігіт Көрімбайға шауып келіп атын түсіп береді. Туы қайта көтерілген шерушілердің айбыны асып еңсере бастайды. Атыс-шабыс қыза түседі. Осы кезде баяғы жіберген бір топ жігіт «Алдыңғы жақ жеңілді, қашайық!», — деп дүрбелең, қобалжу туғызып, асуға қарай шабады. Қалың дүрмекпен ілесіп, келуін келіп алса да, «шыбын жаным не болар» деп жүрген жаны тәтті кейбір сужүректер сытылып қаша бастайды. Саны екі еседен астам көп болса да жәдік қолы осылайша жеңіліп шегінеді. Шерушіден бір кісі, жәдіктен екі кісі оққа ұшып, екі жақтан көп адам жаралы болады.
Жеңіліс тауып еліне беттеген жортуылшылардың алды кешегі сәмембет ауылдарының тұсынан бірер күннен соң өтеді. Ал шеруші тұтқынына түскен жортуыл басыларынан Өміртайды бірнеше күннен соң босатып, Сергекбай бастаған бір тобын күздің соңына дейін ұстайды. Егінін орып, жинап бітіп, бастыратын осы кезді Алтай қазақтары «ақ сабан» деп атайды екен. «Алдың қақсағанда, артың ақ сабанда өтерсің» деген осы болады. Бұл оқиға 1889 жылы өтсе керек. Кіндіктес екі рудың арасында болған сол бір қақтығыстың куәсі – Соғыстөбе. Оққа кеудесін төсеп қасқайып қарсы тұрған Қабанбайұлы Көрімбайдың даңқы Алтай-Қобдаға тарады. Көрімбай батыр есімін тарихқа мәңгі шегелеген – 1912 жылғы «Жалама айдаған» дейтін қанды қырғын еді. Бұл да бір ұзақ-сонар қасіретті әңгіме.
Жоғарыдағы оқиғаға қайта оралсақ, «ананыкі дұрыс, мынаныкі бұрыс» деп баға беру – бүгінгі ұрпақтың мақсат, міндеті емес. Дегенмен, оқиғаның себебіне болжам жасауға болады. Біздіңше, Алтай билеушілерінің Жұлдыз қыздың дауын сыныққа сылтау қылып, көп жылдан бері өздеріне бағынуды қойған Қобда беттегі қазақтарды ықтырып-бұқтырып алуды көздеуінен оқиға осылай ушықса керек. Әйтпесе Өміртай бидің жеті жүз адамдық жасақ жинамай-ақ, «Тәуке ханның жеті жарғысы», немесе өз атасы Құлыбек билер негізін қалаған «Төрт би, төре заңы» бойынша даугерлік жолмен шерушіге түсел түсе отырып, тырп еткізбей құн төлетіп, айып-анжысын алуына толық заңдық қақысы бар еді.
1841 жылы Ажы гүн, Көкен, Топан, Бейсембі, Құлыбек билер бекітіп, ХХ ғасырдың ортасына дейін Абақ елінде қолданыста болған «Төрт би, төре заңында» былай деп көрсетілген: «Құдаласып қалың малы берілген қыз басқа біреумен қашып кетсе, қыздың төркіні жауап береді. Алда-жалда қызды таба алмаса, қашып кеткен қыздың әпеке-сіңілісі болса соны береді, не болмаса қалың малды қайтарады. Ал, қыз ұзатылып барып, босаға аттағаннан кейін қашып кетсе, күйеу жағы жауапты болады. Қыздың төркінінен жауапкершілік қузастырылмайды». Болар іс болды, өтті-кетті. Бұдан болып бауырлас екі ел ат құйрығын біржола кесіскен жоқ. Өзара «сақал күзеу» сияқты көшпелі елге тән «рәсімдер» ретімен орындалғаны бар, әрине.
Алтай-Қобда қазағын дүр сілкіндірген осы бір оқиғаға себепкер болған Жұлдыз қыздың ары қарайғы өмірі түстігіне қараса төркінінің төбесі көрініп тұратын Шүй жазығында өтті. «Елде туып, жауда өлген ерде, үйде туып түзде өлген қызда арман жоқ», демекші, ұзатылып келген елі, жуансіңірлі Бес Отыншы әулетінің сыйлы келіні атанып, ұзақ жасап өмірден өтті. «Алаған қолым береген» дегендей, Жұлдыз апайымыз жол салған Шүйдің қаншама қызы біздің елге келін болып түсті. Атамның анасы да шүйлік екен. Біздің әулеттің үлкендері Жұлдыз ұрпақтарымен өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін қатынасып тұрған еді, бүгінде ол байланыс үзілді.
Біздің бұл баянымыз ру мен руды, ата мен атаны таразының табағына тартып, жылқы жылғыны қаузау емес, өткен тарихты жаңғырту еді.
