Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астанада жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мақсатында түрлі саланың үздік мамандарын анықтайтын «Үздік» жобасы өтіп жатыр. Осы жолы елордада «Үздік механизатор – 2025» және «Үздік жүк техникасы жүргізушісі» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Үздік» жобасы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, кәсіби шеберлікті дамытуға және жастардың аграрлық әрі техникалық салаларға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Байқаудың ұйымдастырушылары – «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен.
«Бұл жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Соның аясында қаланың кәсіпорындары арасында «Үздік» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жолы біз коммуналдық кәсіпорын – «Астана Тазалық» аумағында механизаторлар мен жүк техникасы жүргізушілері арасында байқау өткізіп отырмыз.
Үздіктің үздігін таңдаймыз. Байқауға кәсіпорынның 20 қызметкері қатысуда. Біз жастар саясатын жүзеге асыратын орган ретінде бұл байқауға 35 жасқа дейінгі, тәжірибесі бар, біліктілігі және мұндай техникада жұмыс істеуге рұқсаты бар жүргізушілерді қатыстырдық», – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ыбыраев.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдын ала рейс алдындағы тексерістен өткен соң қатысушылар маневр жасау және артқа жүріп орналасу дағдыларын жылдамдықта орындауы керек болды. Сондай-ақ олар шұғыл тоқтауды, шағын алаңда бұрылуды, эстакадаға шығуды, жүкті ұстап тұруды және баллон түріндегі кедергілерді айналып өтуді көрсетті. Соңында қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу бойынша теориялық тест тапсырды.
Байқауға қатысушылардың бірі Данияр Сейілов елорданың Алатау ауданы атынан өнер көрсетті.
«Мен «Астана Тазалықта» бес жылға жуық жұмыс істеймін, кез келген техниканы басқара аламын. Бұл байқау дағдыларды жетілдіруге көмектеседі, жаңа нәрсе үйренеміз. Болашақта қалада жүру кезінде бұл білімдер қажет болады», – деді ол.
Жеңімпаздар желтоқсан айында елорданың басқа да кәсіпорындарында өтетін осындай конкурстар аяқталғаннан кейін марапатталады.
