Мейірімді қоғам

Ата-аналар наразы: Қызылордада неліктен лицейдің жанынан кешен салынып жатыр

Қызылорда облысының әкімдігі облыс орталығындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының жанындағы жер теліміне қатысты бір топ ата-ана көтерген мәселеге түсінік берді.

Аталған аумақта «Қызылорда арена» көпфукнционалды кешенін салу жоспарланып отыр.

Осыған орай Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов лицей-интернат ұжымы және ата-аналармен арнайы кездесті.

«Бұл жер телімі мемлекет меншігінде. „Білім-инновация“ лицей-интернатының жалпы аумағы — 4,6 гектар. Ал спорт кешеніне қажетті жер көлемі — 2,1 гектар. № 9 (244 оқушы) және № 10 (239 оқушы) лицейлердің жобалық қуаты 500 оқушыға арналған. Елімізде „Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер“ ережесіне сәйкес, оқушы саны 500 және одан көп болған жағдайда, жер 1 оқушыға 40 шаршы метрден келуі қажет. Лицей-интернаттың 500 оқушысына 2 гектар жер тиесілі болуы тиіс. Кешенге бір бөлігі алынғаннан кейін қалған 2,5 гектар жер лицей қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қолданыстағы заңнама талаптары еш бұзылмастан сақталады. Ең бастысы, салынатын көпфукнционалды кешен лицейдің оқу-тәрбие процесіне, білім сапасына әсер етпейді», — деп мәлім етті облыс әкімдігінен.

Фото: Қызылорда өңірлік коммуникациялар орталығы

«Білім-инновация» лицей-интернатының ғимараты ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 473 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, діни білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне» сәйкес келеді.

Стандарт бойынша білім нысанындағы спорт залы дене шынықтыру пәнінің өтуіне жеткілікті, сыртқы спорт алаңының болуы талап етілмейді.

«Екіншіден, ата-аналардың алаңдаушылығын тудырған мәселе — қазіргі қолданыстағы оқушылардың сабақтан бос уақытта серуендеп, тынығуы үшін лицей түлектері есебінен салынған шағын спорт алаңы, беседка, орындықтар ғимараттың артқы жағындағы бос алаңқайға көшіріледі. Яғни, мектеп мүлкіне ешқандай материалдық шығын келтірілмейді. Үшіншіден, салынуы жоспарланған „Қызылорда арена“ — түрлі бағыттағы шараларды өткізуге арналған көпфункционалды кешен. Бұл нысан қаланың қарқынды дамып келе жатқан жаңа орталығы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасады. Ғимараттың жалпы алаңы 14 000 шаршы метр, 3 қабатты болады. Кешенде 2 000 көрерменге арналған әмбебап арена, 50 метрлік олимпиадалық стандартқа сай бассейн және сыйымдылығы 600 көрерменге арналған зал, жекпе-жек жаттығу, құрылтай өткізетін және хореография залдары қарастырылған. Аренаның инфрақұрылымдық жүйелері мен автотұрақ мәселесі де оңтайлы шешіледі. Бұл бюджет есебінен жұмсалатын қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кешеннің жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Төртіншіден, бұл жер бұған дейін 10 жылдан астам уақыт бойы бос жатты», — дейді әкімдіктен.

Жалпы осы жердің таңдалуының басты себебі — «Саяхат», «Сырдария», «СПМК-70» мөлтек аудандары, Тасбөгет кенті, Ақсуат ауылдық округі мен «Сабалақ» саяжайы жақын.

Аталған мөлтек аудандар тұрғындарын спорттық нысанмен қамтамасыз ету, шалғайдан қала орталығына қатынап, үйірмелерге қатысатын мектеп жасындағы 30 мың оқушының мәселесі осылайша тиімді шешілмек.

Өңірдің ауа райы ерекшелігін ескеретін болсақ, қысы суық, жазы ыстық Қызылорда қаласы үшін бұл кешен тұрғындар мен балаларға жайлы орта қалыптастыратыны сөзсіз.

«Айта кету керек, кешеннің лицей ғимараты жанында орналасуы оқушылар мен білім ошағы ұжымына да тиімді. Себебі, алдағы уақытта спорттық, мәдени-көпшілік шараларды осы кешенде тегін өткізуге мүмкіндік беріледі. Қазіргі таңда облыс көлемінде тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында саябақтар мен аллеялар, скверлер, спорттық нысандар жаңғыртылып, абаттандырылуда», — деп толықтырды әкімдіктен.

Exit mobile version