Қазақтар сонау заманнан қыз балаларға «Құртқа есімін көбірек берді, тіпті Қобланды батырдың жарының аты Құртқа болғанын бәріміз білеміз. «Құртқа қыз» деген атаудың өзі қандай сүйкімді, құлаққа жағымды. Жалпы адамдарымыздың азан шақырылып қойылған аты өмірде дұрыс айтылып, сақталуы керек. Соңғы кезде қазақтардың аты, есімінің өзі бұрмаланып кеткенініне ішің ашиды. Өйткені адамның өзі өлсе де аты өлмейді, ол тарихта қалады, шежіре болып жалғасады. Сондықтан әрбір қазақ ең алдымен өз атымызды, есімімізді дұрыстап алудан бастайық. Сіз, біздер пәленнің ұлы, пәленшенің қызы екеніміз анық, ендеше сол атау бойынша жүруіміз қазақтығымызға, мемлекетіміздің саясатына сай келеді. Ендеше «ева, ова» деген құлдық санадан үзілді, кесілді құтылуымыз керек. Дәл осы мәселені Бауыржан Момышұлынан бастап ақын-жаушыларымыз, көне көз қарияларымыз қаншама ескертсе де секем ала алмай келеміз. Тәуелсіздіктен кейінгі ұрпақтармыз да мәңгүрт болып дүниеге келіп жатыр. Парасатымызды жайлаған құлдық сананы көбіміздің мойындағымыз келмейді. Өйткені ол – көзге көрінбей, жүрекке сезілмей-ақ тірлікте көрініс беретін жегі құрт. Жалғыз ғана мысал: Кеңес дәуірінде дүниеге келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығынан кейін өмірден озған бір апамыздың аты Құртқа, әкесінің аты Қорғанбай екен. (Кәдімгі қыз Құртқа ғой) Бірақ құлпытасына ұрпақтары «Куртка Курганбаевна» деп жазып қойыпты. Неткен ерсі ат деп таңқалған біреуге әлгі немересі: «Докумет бойынша ғой» депті. Дүниеден өткен аруаққа кеңестік документтің қанша қажет бар еді? Документ бойынша жазбадың деп қай заң соттайтын еді. Әлгі «овадан», «евадан» құтыла алмай жүргеніміз де – осы жүрекке сезілмейтін құлдық сана. Нағыз жазылмайтын қырғын дерт – «ОБА, ЕВА». Сөйте тура қазақ тілінің күнін жоқтап, қызылкеңірдек боламыз…..
Шаймұрат Шәріпқанұлы «Тұран» қандастар ұйымының басшысы.