Home ТАНЫМ БЕС.  МЕЙІРІМДІЛІК ЗАҢДЫЛЫҒЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ:

БЕС.  МЕЙІРІМДІЛІК ЗАҢДЫЛЫҒЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ:

0

БЕС.  МЕЙІРІМДІЛІК ЗАҢДЫЛЫҒЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ:

«Адамзаттың ақ жолын мейірімділік заңдылығы ғана аша алады» кітабы он ойланып, тоғыз толғанғаннан туған туынды. Қайтсек, бабалар армандап өткен, біздер келешек үшін алаңдамайтын керегесі кең ел боламыз деген уайымның жауабы. Бүгінгі әлемді жайлаған әділетсіздік, басқыншылық, жауыздық, қанаушылық күн өткен сайын ушығып аштық, қырғын соғыс, қасақана жасалып адам өмірін жалмаған аурулар, оған қоса адам баласының азғындығы да асқынып барады. «Ұлы нәрсенің бәрі қашанда — қарапайым». Халықты байлық пен бақытқа жеткізетін, көз алдымызда ап-айқын көрініп, «мен мұндалап» тұрған Жаратушымыздың заңдылығын әзірге ешкім аша алған жоқ. Ол тірлік иелеріне, соның ішінде адамзат баласына Жаратушының Өзінің мұғжизасымен берілген «Мейірімділік заңдылығы» болып табылады. Адамзат баласы қашан мейірімділік заңдылығы жолымен жүреді, сол күннен бастап заман оңалады, қоғам түзеледі, адамдарымыз бай-бақытты, мемлекетіміз бақуатты деңгейге бет бұрады. 

— Осы тұрғыда жазылды, Kimaп мемлекетіміздің, халқымыздың кәдесіне жарағай!

 

Бүкіл жаратылысты, он cегіз мың ғаламды жаратып, бір-біріне ұйыстырып, басқарып тұрған ұлы күшті Жаратушының мейірімділік заңдылығы деп атаймыз. Өйткені Алла барлығын өзінің мейірімінен жаратқан. Жаратушының өзі мейірім. Бұл заңдылықтардың заңдылығына жатады. Бұл заңдылықтан күшті өзге ешбір заңдылық жоқ. Мұны қазақ даналығы, қазақ философиясы деп атаймыз. 

***

Біз алдағы уақытта «Мейірімділік заңдылығы» жолымен ғана жүре аламыз. Өзге жолды іздегенімізбен таба алмаймыз. 

***

Адамзат баласына мейірімділік заңдылығын танып, біліп алдағы уақытта осы жолмен жүруді қоғам өзі талап етіп отыр. Адамзат баласының бәріне Ұлы Жаратушы ортақ, жаратылысты жаратқан оның мейірімділік заңдылығы да ортақ. Осы тұрғыда діндер арасында қайшылық болдырмаудың да жолы өзінен өзі ашылатын болады. 

***

Өйткені он сегіз мың ғаламды жаратып, ұйыстырып, ұштастырып, басқарып тұрған Мейірімділік заңдылығының орны бөлек, Ол – шексіз ғылым. Бұл заңдылықты танып, білген сайын қызығына бөлене бересіз, таусылмайтын, сарқылмайтын, игерген сайын молая беретін Жаратушының күш қуатына ие боласыз. 

***

Егер осы заңдылықты танып, біліп өмірде қолдана білсек, алдымыз ашық болады. Бұл біздің алдағы тағдырымыз деп ойлаймын. Өйткені мейірімділік заңдылығы ғана адамдарды аса ірі жауапкершілікке жетелейді. Бүгінгі қоғамның ақсап тұруының бір себебі адамдардың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Адамдар Жаратушысының да, қоғамның да алдында өз міндеттерін абыроймен орындаған сәттен бастап қоғамда басқаша тірлік қалыптасады. Іс-қызмет- ақылдылық, парасаттылық жолмен өрбиді. Ал қоғамдағы бей-берекетсіздіктің, тәртіпсіздіктің жолы қиыла бастайды. 

***

Мыңдаған жылдар бойы адамзат баласының басынан кешкен қоғамдық формациялардың ешқайсысы халықты теңдікке, бақытқа, байлыққа жеткізе алмағанын жақсы білеміз. Себебі олар мейірімділік заңдылығын танып, біле алмады, сол біле алмағандықтан болып, күні бүгін адамзат баласы алға дамудың жолын таппай, қиындыққа тап болды. 

***

Ендігі адамзат баласының алдында тірліктің жалғыз ғана жолы бар. Ол – мейірімділік заңдылығы жолын танып біліп, өмірде қолдана білу. Егер қолдана алмаса, адамзат баласы құрдымға кетуі мүмкін. Біз жаратушымыздың ғана заңдылығы жолымен жүрсек адаспаймыз. 

***

Қоғамды ізгіліктендіретін, кемеліне келтіретін, адамзат баласының жолын түбегейлі ашатын бұдан өзге жол жоқ екенін қайталап айтамын. Жаратушының ғаламды және адамзат баласын жаратып, оны басқарып тұрған мейірімділік заңдылығының орны бөлек, мұны теңдессіз заңдылық деп атауға тиіспіз. Бұл заңдылық ғаламды қалай басқарып тұр, қоғамды да дәл солай сәйкестікпен басқарады. Адамзат мейірімділік заңдылығын ақылдылықпен, парасаттылықпен жүзеге асырады, әрмен өмірде қолданады. Мейірімділік заңдылығы жолымен жүрген адамзат еш уақыт қателік жасамайды. Сондықтан бұл заңдылықты адаммен жаратушы арасындағы тылсым деп атауымыз осыдан. 

***

Егер бұл жолды таңдамасақ, әлемдегі қазіргі жағдай одан әрі ушығып, адамзат баласы жаппай азғындап, қоғамда бейберекетсіздік пайда болады. Мұның арты қырғын соғысқа ұласып, алпауыт елдердің текетіресі атом қаруын пайдалануға дейін жетіп, жер әлемді құртып тынады. 

***

    Қоғамды тығырықтан шығаратын, халықты тыныштандыратын, әрі қарай мемлекет пен халқын бірге ететін бір ғана жол – дәл осы мейірімділік заңдылығы жолы. Мейірімділік заңдылығына жететін, одан асатын ешбір заңдылық жоқ екенін түсіндіру әзірге қиындау болғанымен ғылымға оңай. Мұнан артық пайдалы, аса құдіретті заңдылықты ғылымда, ғалымдар да аша алған жоқ. Аша да алмайды.

***

Мейірімділік заңдылығын ешкім қолдан жасамайды, ол өзгермейді, мәңгілік сақталады. Өйткені мейірімділік заңдылығы табиғатқа, адамзатқа, қоғамға жаратушы Алланың мұғжизасымен келеді. Сондықтан Жаратушының заңдылығын ешкім өзгерте алмайды. Адам баласы Алланың бұл заңдылығын тек танып біліп, өмірге қолдана білуге ғана қабілетті. 

***

Өйткені адамды да жаратқан Алла. Алла адамға өзімен тең ойлам, құдірет, мүмкіндік бермеген. Егер өзімен тең құдірет берсе, Адам Алланың өзімен бәсеке таласар еді. Қазірдің өзінде өздерін құдайдай санап жүргендер жоқ емес. Құдайдан қорықпағандардан қорқатын заман боп тұр ғой. Адамзат баласы жаратушысынан именіп жүрсе ғана адаспайды. Адамзат баласы ең алдымен  Жаратушысын танып, білулері керек еді.  

***

Адам баласының санасымен жасалған капиталистік, социалистік қоғам заңдылықтары Алланың мейірімділік заңдылығының орнын толтыра алмайды. Өйткені өткен қоғамдардың заңдылықтары қолдан жасалғандықтан өркениеттің нақты жолын аша алмайды, жеке билеуші, аз ғана топтың мүддесі үшін пайдалы болғаны бәрімізге түсінікті. Бірақ бұл қоғамдардың да озық тұстарына, жақсы жақтарына сүйенеміз, нарық заңдылығын ұстанамыз. Капитализимнің заңдылықтарын мейірімділік заңдылықтарына ұштастыру арқылы қоғамдағы қатегездікті мейірімділікке алмастырамыз. Байларды, басшыларды халқына мейірімді ету арқылы халықтың әлауқатын көтереміз.  

***

Ал мейірімділік заңдылығы адам баласын бір-біріне мейірімді болуға, қоғамды кемелдендіруге, бейбіт емін-еркін өмір сүруге, жақсылыққа, ізгілікке бастайды. Сондықтан мейірімділік заңдылығы адамдарды да, қоғамды да, табиғатты да оңайды, түзейді және қателесуден сақтайды. Бір ауыз сөзбен ғана айтсақ, адамзат баласын жақсылыққа, ізгілікке, байлыққа, бақытқа бастайды. 

***

Қазақтың ұлы даналары айтқан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» осы мейірімділік заңдылығын мемлекеттік саясат етіп ұстанғанда ғана орнайды. Осыны түсінуіміз керек. 

***

Біз ұсынып отырған мейірімділік заңдылығы ол жай бір заңдылық емес, ол – заңдылықтардың заңдылығы, бүкіл жаратылыстың заңдылығы, ұлы құдірет күшінің заңдылығы. Ол ғаламды жаратып, басқарып тұрған заңдылық. 

***

Мейірімділік заңдылығы – таусылмайтын, сарқылмайтын, мәңгілік жалғаса беретін рухани қазына, ғылымның көзі. Яғни Аристотельден бастау алатын адамзат баласының қолдан жасаған философиясы осы мейірімділік заңдылығынан, мейірім философиясынан бастау алған. Өкініштісі Алланың ісіне ақылы жетпейтін адамзат баласы адаса берген. 

***

Сонда адамзат баласы қандай қоғамды армандайды? 

  1. Олар қатыгездіктен, әділетсіздіктен, қайыршылық пен кедейліктен, теңсіздік, құлдық өмірден құтылуды аңсайды. Өзгеден зәбір көрмей еркіндік, теңдікте мамыражай тірлік кешуді аңсайды. 

***

  1. Олар басшысыз болуды аңсамайды, басшының телегей-теңіз мейірімді, қайырымды, жаны жұмсақ, көркем мінезді, іскер, жасампаз, ізгілікті болуын қалайды. 

***

  1. Адамдар біреудің бай болуына қарсы емес. Керісінше сол байлардың, бүгінгі тілмен айтсақ, олигархтардың дәулетінің күллі қоғамға шапағаты тиюін аңсайды. Елінің экономикасын көтеріп, ғылым-білімге жеткен ел болуына үлес қосуларын қалайды. Байлардың дән-дәулеті халқына, Мемлекетіне қалай пайда келтіретінін, сол дәулеттің қаншалықты асып-таси беретінін мейірімділік заңдылығы өзі көрсетеді. 

***

Адамзат баласының қалауы осы үш негізден ғана өрбиді. Басқаша айтсақ, Қазақстан тұрғысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан, Әділетті мемлекет» саясатының мүлтіксіз орындалуын мейірімділік заңдылығы ғана шешеді. Бүгінгі өзгеріс, ауыс-қиыс қоғамды тығырықтан шығара алмайды. 

***

 Мейірімділік заңдылығын ұстанған мемлекеттің де, басшылардың да, адамдардың да алды өзінен-өзі ашылады. Сонда ғана халық мемлекетпен бірге бола алады.

***

Осы орайда біздің тағы бір жетістігіміз қоғамды тығырыққа тіреп отырған адам емес, саясат екенін Президентіміз түсінді, сол үшін ізгіліктің жаңа жолын іздеді. Осы тұрғыда Жаңа Қазақстан, Әділетті Мемлекет құруды ұсынды. 

***

Президентінің ұстанымын халқы да дұрыс түсінді, жалғыз ауыз жылы сөзіне үміт артты. Қазақ елі «Жаңа Қазақстан, Әділетті Мемлекет» құрады, мейірімді қоғамға бет бұрады, халқын байлық пен бақытқа бөлейді дегенге нық сенді. Қоғамды бейберекетсіздікке, тығырыққа, қатегездікке, әділетсіздікке, адамдарды арсыздыққа жетелеген сұрқия саясаттан құтылып, адамзаттық қоғамның үлгісі әділетті мемлекет, мейірімді қоғам құруды ұсынды. 

***

Ендігі жерде жеріміздің асты, үсті байлығы биліктегі азғана топтың, шетел алпауыттарының қолында кетпей, қарапайым халықтың бақытты да, бай өмір сүруіне жұмсалады. 

***

Әрбір азамат тауар өндірушіге, мемлекет ірі өндіріс орнына, еліміз өзгеге тәуелді болмайтын «дамудың бейтараптық» жолына бет бұрады. 

***

Мейірімді қоғамда топқа жікке, партияға бөліну деген кінарат келмеске кетеді. Біреуге біреу құл болмайды. Хан да, қараша да тең құқық иеленеді. Ортада жоғарғы мәдениет пайда болады, бей-беректсіздікке халқы жол бермейтін болады.

***

Ел басқаратын Парламент мүшелерін әділ сайлау жолымен халқы өзі сайлайды. Халық өзі сайлаған мейірімді, парасатты лауазым иелері жемқорлыққа бармайтын болады. 

***

Мейірімділік заңдылығының құдіретіне жалғыз мысал келтірейік: Бұл ұсыныс іске асса, халыққа мейірім танытуды білмейтін, ескі жүйенің бүгінгі басшылары біздер жылы орынымыздан алынып қаламыз деп қорқатын, қауіптенетін көрінеді. Ал, шын ақиқатында мейірімді қоғам ең алдымен халыққа емес, беделдері түсіп жүрген басшы, лауазым иелеріне аса пайдалы.  

***

Мейірімділік заңдылығын жүзеге асыру дегеніміз бүгінгі басшылықтағы кадрлардың бәрін орынынан тайдыру емес. Егер олай жасалса, мейірімділік заңдылығына тура қайшы келеді. 

***

Бұл заңдылық лауазым иелерінің беделдерін арттырып, мерейлерін өсіретін болады. Егер басшылар өздері мейірімді болса, халқын қамқорлығына алып, оларға қолдан келген жақсылығын жасаса, мемлекет қазынасын, жер асты, үсті байлығын халқына арнаса, оларды халқы неге жек көреді. 

***

Мейірімді, қайырымды, қатынасы түзу басшыны кім жаман көреді. Халқым деген басшының тасы өрге домалап, мерейлері өседі, еңбек өнімділігі артады, іскер, жасампаз басшы аталады, мұндай басшыны өзгерт деп кім, қалай айта алады. 

***

Ал қылмыскерлерге, өз міндетін орындай алмағандарға шара жүктету басқа мәселе.

***

Президентіміздің жалғыз ауыз ақыл да, нақыл сөзін елеп-ескеріп, өздері мейірімді бола білсе, халыққа мейірімділік аясында қатынап, адамдарға қамқорлық жасай білсе, халық тынышталады. Басшының қарым-қатынасында мейірім пайда болса, оларды халық бірден жақсы көріп, өзіне тартып, айтқанын екі етпейтін болады. 

***

Тағы бір мысал айтайын: Мейірімділік заңдылығы шетелдерге ақшаларын, қазыналарын жасырған байлардың, олигархтардың ақшасын, мүлкін тартып алу емес, оларды өзіміздің бауырымызға тартып, «саған, сенің мүлкіңе қол сұқпаймыз, айыптамаймыз, тек сол мүлкіңді туған отаныңның өркенін, халқыңның тұрмысын түзейтін ірі өндіріс салуға жұмсап, мыңдаған адамды жұмысқа тарт, оларды баспаналы, астында көлікті болдыр, сөйтіп, өз байлығыңды да еселеп арттыр деген мейірімге шақырған насихат, іс шараны Президент шешімі арқылы іске асырамыз. 

***

Жаңа бастама қоғамды игілікке, жақсылыққа бастайды. Барлық адам тауар өндірушіге айналып, адал еңбегінің жемісін көріп баюға жол ашады. 

***

Олигархтар ішкі өндірістерді дамытса, жердің асты, үстінің байлығы шикізат қалпында экспортқа жібермей, ірі өндірістер санын молайтып, осы заманғы технологияға көшірсе неге жаман болады. Ең бергісі бүгінгідей ондаған елдің түрлі автокөліктерін құрастырудың орынына Жапонияның «Тойота» көлігін бірлесіп өндіретін ірі кәсіпорын салуға іскер азаматтар мен мемлекеттің әлеуеті жетеді. 

***

Мұндай жүздеген өндіріс орнын ашуға болады, барлығы пайдасын халқына арнайды. Бұл біздің еліміздің болашақ бақытты тағдырмыздың бастамасы болады. 

***

Мейірімділік заңдылығы адамдарды бірін бай, бірін кедей деп ала көрмейді, бәріне бірдей шапағатын төгеді. 

***

Сонда бұл заңдылық басшылардың мерейін өсіріп, беделін арттыратыны, бай олигархтардың дән-дәулетін еселеп тасытатыны түсінікті болды. Ал, қарапайым халыққа қалай әсер етеді? 

***

Халқым деген мемлекет, билік, басшылар Мемлекетінің жиған терген қазынасын, жер байлығын халқына арнайды, өзге де кірістің көздерін ашып, қаншама ақшаны үнемдеуден, тауардың бағасын тұрақтандырудан түскен қаржыны халық игілігіне арнайды, халқы бай болған елдің мемлекеті де бай болатынын көздерімен көріп, асқақ рухқа кенеледі. Нәтижесі халқымен мемлекеті бірге болған елдің үлгісін жасайды. 

***

 

Бұл заңдылық қоғамда адамдар арасында мейірімділік қатынас қалыптастырады. Адамдардың арасындағы мейірімділік қатынасын «Мейірімді қоғам» деп атаймыз. 

***

Бұл мейірімді қоғамға Президентіміздің билік басындағыларға, басшыларға берген «өздерің мейірімді болыңдар, халықты қамқорлықтарыңа алып, барлық жақсылықты адам үшін жасаңдар» деген жалғыз ауыз сөзімен алдымызды ашамыз, бір ауыз сөздің күш құдіретін сонда көретін боламыз. 

***

Президентіміздің жалғыз ауыз сөзін қабыл алған министрлер, облыс әкімдерінен бастап барлық басшылар сол күннен халыққа есіктерін ашады, келген адамдарды орнынан тұрып, құрметпен қабылдайды, аман сәлемнен бастайды, келген адамды толық тыңдайды, шаруасына көмектеседі. 

***

Егер қолынан келмесе, «алаңдамаңыз, орнында бар оңалады, халқым деген Президентіміз бар, сіздер үшін құрылған Мемлекет бар, тиісті ұйымға жеткізіп мәселеңізді шешіп береміз» деп аты жөнін жазып алып, құрметпен шығарып салады. 

***

Бұрынғыдай қатегездік танытып, «сіздің мәселеңіз алдын ала қаралмаған, қаржы жоспарланбаған, немесе заң ережеге сәйкеспейді, біздің құзырымызға жатпайды» деп «шаблонмен» жауап беру, адам мәселесіне немқұрайлықпен қарау мүлдем жоқ болады. Міне, басшының жылы жауабын алған адамдар «қаз жегеніне емес, орғанына семіреді» дегендей, халық ризашылыққа бөленіп, қоғамда бір тұтастық осылай пайда болады. Біздің айтып, жеткізе алмай жүргеніміз осы. Мұны орындай салғанға ешбір оқу-тоқу, қыйындық жоқ, бар болғаны жалғыз ауыз жылы сөз шықса болғаны. Сол сәттен бастап жылулық пайда болады, қоғам тығырықтан шыға бастайды.

***

Ендігі мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан, Мейірімді мемлекет» құру идеясын толықтай мейірімді қоғам орнатуға бағыттауды неден бастаймыз дегенге келіп тіреледі. Мейірімді қоғам құру үшін бүгінгі демократияллық үрдісті үзілді-кесілді жоққа шығармаймыз. Тек демократиялық қоғамның теңдік, бостандық, адам құқы сияқты концепцияларын адамның мейірімі арқылы, Алланың мейірімділік заңдылығы аясында шешеміз. Ғылыммен дінді өзара ұштастыра бастаймыз.  

***

Өйткені біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Президентіміздің қол астындағы лауазым иелеріне қадап тапсырған «Әуелі өздерің «МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢДАР» барлық жақсылықты халқыңа жаса, барлық байлықты халқыңа арна, алдымен халқыңды бай, бақытты ет, сонда ғана іздегеніміз алдымыздан табылады» деген бір ауыз сөзін қанша рет қайталап айтсақ та, артық болмайды. 

***

Өйткені қазақ қашаннан бірауыз сөздің құдіретін түсінген халық. Қазақ үлкенге ізетті, басшылықтың сөзін екі етпейтін, құрметпен қарайтын, Алла жолынан таймаған рухты, жасампаз халық. Міне, Президенттің жалғыз ауыз сөзі қоғамды тығырықтан шығарады, халықты тыныштандырады, халқы мен мемлекетінің бірге болу жолын ашады. 

***

Сөйтіп, қоғамда қалыптасқан жемқорлық, көралмастық, бақталастық, азғындық, бейберектсіздік бәр-бәрі ешбір төнкеріссіз, айқай-шусыз өз бетімен кетіп, бейбіт, емін-еркін өмір қалыптасады. 

***

Мейірімділік заңдылығының құдіреті осы. Бұл бабаларымыздың асыл арманы, бізге қалдырған аманаты, халқымыздың даналығы болып табылады. Президентіміздің «Жаңа-Қазақстан, Әділетті Мемлекет» құру жаңа бастамасы сәтті болсын! 

— Рахмет, Сонда қоғамды ізгіліктендіруді неден бастаймыз?

-Президенттің бірауыз жылы сөзін басшылыққа аламыз, әрмен Мейірімділік заңдылығы жолын мемлекет саясаты ретінде ұстанамыз, сол сәттен бастап қоғам тығырықтан шығады, халқымен мемлекеті бірге боп, «халқымыз атасында көрмегенді ботасында көретін» болады. Жақсылықтың барлығына ешбір бөгетсіз, қыйындықсыз қол жеткізе беретін боламыз.

 

Сұхбат жүргізген  Жәди Шәкен, ғалым, жазушы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version