ҮШ. ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҰЛТТЫҚ ТОЙЫ БОЛУҒА ТИІС
-Шынында үлкен жетістікке қалай жеткенімізді енді ғана түсінгендей болдық, осы жаңалықты қауымға жеткізу бізден болсын. Үзбен Құрманбайұлы Сізге қайтадан рахмет. Еңбегіңіз көрініп тұр, халық кәдесіне жарайтынына сенімдіміз. Енді Мемлекетіміздің ұлттық тойын тойлауға байланысты тыңнан көтерген ұсынысыңызға тоқталсаңыз?
—Мемлекттің ұлттық тойы деген не нәрсе, қалай тойлануы керек дейсіз ғой.
-Шындығын айтсам бұл мәселені алғашында көтерген адам Қазыбек Иса, бұл ұсынысты мен де қолдаймын. Мұндай ұлы мемлекеттің ұлттық тойы болмау деген мүмкін емес, әлемдегі үлкен мемлекет қатарындамыз, енді ұлтымыздың бірегей брендісіне айналған Қазақстан мемлекетінің Ұлттық тойы қайткенде болуға тиіс. Қазақстан мемлекетінің ұлттық тойы деп Жошы құрған мемлекетігіміздің 800, Алтын Орданың 759, тәуесіздігіміздің 33 жылдығын біріктіріп мемлекетіміздің ұлттық тойы деп атаймыз. Бұдан былай осы той жыл сайын тойланып тұратын болса Мемлектіміздің абыройы асқақтайды, халқымыздың мерейі өсіп, руқы биіктейді. Осы тұрғыда Ақын, «Қазақ үні» газеті президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса 2019 жылы 6 қыркүйекте Астана қаласы Тәуелсіздік сарайында сөйлеген сөзінде былай деді….
«…Таяуда ұлт тарихындағы рөлі зор Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп қайтты. Босқа барған жоқ, түгел түркі әлеміне түрткі болар ордалы ой айтты.
Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген мемлекет басшысы: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өтті…
«…Алтын Орданың атасы, қазақ хандарының бабасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Алып империяның алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр… Жошы – Шыңғыс ханның бірінші әйелі, қазақ қызы қоңырат Бөртеден туған тұңғыш ұлы.
1.Жошы ханның Ұлытауда ұлық ұлыстың тағына отырғанына 2024 жылы 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс! Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын нағыз аударар кезең басталды деуге болады.
2.Осындай, Шыңғыс хан, Жошы хандай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді… Әріге бармай-ақ, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс ханның алып ескерткіші арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр… Мүмкін біз де Шыңғыс ханның зор ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, оның ұлы Алтын Орданың ханы Батудың да, әлем әміршісінің төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы, қазақ қызы Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді. Ал Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді… Жошы ханның киелі кесенесі мен келешек керемет кешені әлем саяхатшыларын тартып тұрар тарихи да, тартымды да, тамаша орынға айналар еді… Өйткені, ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ЖОШЫ ХАНДЫ ҰЛЫҚТАУ АЛТЫН ОРДАНЫ АСҚАҚТАТУҒА БАСТАЙДЫ»… деді. Енді Қазыбек Исаның ұсынысын қолдап, ұлттық той мәселесіне тоқталайын.
-Мақтануға, мерей етуге тұрмайтын болмашы қуанышты ұлан-асыр тойға айналдырып аламыз. Ал ұлттық, рухани мәні бар мақтануға, шаттануға тұратын оқиғаларды мүлде қаперге алмаймыз. Өйткені біздің ұлттық рухымыздың бастауы қазақ деген кешегі атымызда ғана емес, ықылым замандардан әріде жатқан затымызда екеніне мән бермейміз. Неге ықылым заманнан әріде дейміз? Әлем тарихшылары түркі текті халықтардың Алтай тауы бауырайында пайда болғаннан бері ондаған мың жыл өткенін дәлелдеп отыр. Алтай тауында алғаш жаратылған күллі түркі халқы сол сан ғасырда талай-талай қиындыққа ұшырап, арғысы Америка құрлығына, бергісі Сібірдің қиырына көшіп кетсе де біз қазақ атажұртымыздан ауа көшкен емеспіз. Алтай бетінде, Қазғұрт төрінде жаратылдық, осында өсіп, өндік. Нағыз мақтаныш осы болар. Бүгіндері түркі әлемінің көшбасшысы Түркия бізді баба санайтыны да сондықтан.
Менің той туралы бүгінгі айтарым да осыған келіп тіреледі.
Бұл шындықты соңғы бір жылдың беделінде «Әлем қазақтары» журналы сан түрлі дерекпен, егжей-тегжейлі дәлелдеді. Біздің дәлеліміз бойынша қазақ деген этностың пайда болғанына кемінде 6 мың жыл, Жошы хан бастаған мемлекетіміз (Жошы ұлысы немесе Ұлық ұлыс) құрылғанына 800 жыл, Алтын Ордамызға 759 жыл, Тәуелсіз Қазақстан мемлекті шаңырақ көтергеніне 33 жыл толып отыр. Бұл тарихи шындықты дәлелдеу еңбергісі әр қайсысы бір томдық еңбек. Ал «Әлем қазақтары» журналы мұның әр қайсысына өзінің бір санын арнап, сан ондаған деректермен дәлелдеп отыр. Мәселен қазақ этносының түркі халықтарының тегі екенін еліміздің және шетелдің көптеген ғалымдары дәлелдеді. Американдық ғалым Жанин Дэвис Кимбалл өз зерттеуі арқылы Амазонка өзенінің бойына табылған ежелгі дәуірдегі әйел сүйегіне жасалған ДНК сараптамасы қазақ әйелдері ДНК-сына 99 пайыз сәйкесетітігін дәлелдесе, Қазақстан ғалымдары Әділ Ахметов ағамыз бен Ерболат Қошқарбаевтар олардың тілі, салт дәстүрі түркі халықтары ішінде қазақтарға етене жақын екенін дәлелдеп отыр.
Тағы бір дерек: алыс Америка құрлығына бармай-ақ, Орта Азия халықтарының тарихына көз жүгіртсек ойымызға әуелі Тұран империясы оралар еді. Тұранның тұрағы орта Азияның кіндігі, дәлірек айтсақ қазақ даласы болғанын әлем тарихшылыры мойындайды. «Шахнама» дастаны бойынша Парсы-Тұран соғысының болған жері қазіргі Арал теңізі маңы – қазақ даласы. «Тұран» атауының мағынасы түркілердің тұрағы деген мағына береді. Тұран қолбасшысы Алып Ертоғанның батырлығын паш ететін «Алып Ер Тоңға» жыры бұдан кемінде 4500 жыл бұрын Иран-Тұран соғысы заманының өзінде дүниеге келген. Өйтсе, Қазақ деген халықтың тектік тарихы біздің жыл санауымыздан арғы 4000 жылда жатыр. Түріктің әйгілі философы Зия Көкалыптың «Түрктердің отаны – Түркия емес, Түркістан емес ол – ұлы да мәңгілік өлмес Тұран мемлекеті» дейді. Тағы бір әлем мойындаған ұлы дәлел Ботай даласында адамзат баласы осыдан шаммамен 6000 жыл бұрын (б.д.д V-ІV ғасыр) жылқының қолға үйретілгені археологиялық зеттеу нәтижесінде анықталғанын біз мақтанышпен айтамыз. Бұл өз ішімізде ғана мойындалған болжам емес, әлем ғалымдары мойындаған ұлы жаңалық.
Ал біздің тарихшылар айтып жүрген көне Сақ пен Ғұн, олардың батырлары Мөде, Аттила, Томиристер, сақтардың металл қортуы, алтынмен апталуы – Тұран заманымен салыстырғанда кешегі тарих. Өйтсе бұл датаны біз неге естен шығарамыз?
Енді Жошы хан бастаған қазақ мемлекті (Жошы ұлысы немесе Ұлық ұлыс) құрылғанына 800 жыл толу мәселесіне келсек бұл нағыз айқын, бергі тарих. Жошы ханның Ұлытауда Ұлық ұлыстың тағына отырғанына 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс! Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы бастама көтерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының … тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өткен еді. Міне, Президентіміз айтқандай, Жошы ханға әлем назарын аудартатын кезең басталды деуге болады.
Ал Жошы ханның Қазақ даласында құрылған Ұлық ұлысы әйгілі Алтын Орда мен жалғасқанын әйгілі ғалам Зардыхан Қинаятұлы дәлелдеп берді. Біз Алтын Орданы атасақ та оның бастауына мән бермейміз.
Зардыхан өзінің “Қазақ мемлекеті және Жошы хан” атты монографиясында Жошы Ұлысынан бастау алған Қазақ мемлекеті Ақ Ордадан басталатынын дәлелдей келіп: «Алтын Орда ыдырағанда оның қабырғасынан жеті мемлекет (Қазақ хандығы, Москва мемлекеті, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Қасым хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ордасы) бой көтереді. Солардың ішіндегі дербес мемлекет ретінде өзін сақтаған жалғыз мемлекет – Ақ орданың ізбасары Қазақ мемлекеті. Сондықтан Қазақ мемлекеті Жошы Ұлысының басты мұрагері болып табылады”, – деп қорытынды жасаған.
-Ал Кеңестер одағы ыдыраған тұстағы Қазақстан мемлекетінің 1991 жылғы тәуелсіздігін әрине, тойлап келеміз.
Бұл тұрғыда бізге Моңғолияның алғашқы мемлекет құруының (Тулгар төр) екі мың екі жүз отыз жылдығы, Ұлы Моңғол мемлекеті құрылуының (Шыңғысхан құрған) сегіз жүз отыз үш жылдығы, Халық Революциясы (социалистік құрылым) жеңісінің жүз төрт жылдық мерекесі деп, тарихи үш бірдей мемлекттік құрылымды Президент жарлығы бойынша жыл сайын атап өту дәстүрі үлгі бола алады. Біз де тойды дәл осы елдің тәжірибесімен өткізіп халықтың рухын асқақтатуымыз керек. Моңғолияның тәжірибесін арнай адамдар жіберіп, зерттейік. Олардың басты жетістігі ұлық мерекені тек ел астансында ғана емес, біздің елдің құрылымымен салыстырып айтқанда әр облыс, аудан, ауылда салтанатты түрде ұйымдастыратындығында. Олар өздерінің осы ұлық мерекелеріне шет елдерден, халықаралық ұйымдардан, тіпті, БҰҰ-нан қонақтар мен журналистер шақырып, моңғол деген текті халық екенін әлемге паш етеді. Бізде осылай етсек ел абыройы сонда ғана асқатап, қазақ деген ежелгі ел, ұлт екен ғой, бұлардың тарихы да әлемнің алпауыт державларынан бір кем емес екен деген түсінік қалыптасыратынында дау жоқ. Әрі осы ұлттық тойымыз арқылы халықтың рухы өсіп, елдің береке-бірлігі, мемлекет пен халықтың біртұтастығы бұрын-соңды болмаған жағдайда нығаяды.
Ұлттық мерекеге қатысты тағы бір ұсыныс – мерекенің қолайлы маусымда өтуі. Табиғаттың жаймашуақ шағы адамға ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан атаулы мемлекеттік үш мерекені біріктіріп, жаз айының соңғы күндерінде немесе қоңыр күздің басында тойлайық. Бұл күнді де ойша белгілемейік, тарихқа жүгінейік. Жошының «Ұлық ұлыстың» билеушісі атанған тарихи дата да тайға таңба басқандай анық. Зардыхан Қинаят ұлы: «1224-жылдың күзінде Ертіс бойы Бұқа шошығанда өткен жорық құрылтайында … Жошыны Қыпшақ даласын билеуші даруға етіп қалдыру туралы шешім қабылданады.» дейді. Ал, оның алдында жаз айының ортасында Түркістан даласы Күлтөбеде жеңіс тойын тойлап Жошыны хан көтереді. Президентіміз осы даталарды ескере отырып, мемлекеттік той өткізетін күнді белгілеп, жарлық қабылдаса ары қарай арнасын тапқан өзен сияқты барлығы жалғаса береді. Мемлекетімізге халық болып барлығымыз көмектесеміз, сценариин дайындаймыз. Ерекше ұлан-асыр салтанатпен өткізуге жұмыламыз. Тойшыл қазақ екенімізді сонда танытамыз. Нәтижесінде халықпен мемлекет тұтастығы артып, бірге екенін айқындайтын асқақ рух қалыптасады. Той көп болсын, бірақ мемлекттің ұлттық той ерекше болсын!. Қазақстан мемлекеті өзінің ұлттық тойын қашан тойлайды, сол күннен бастап ізгіліктің жаңа жолы ашылады.