Футболдан UEFA Ұлттар лигасы бесінші турының алғашқы ойын күні өтті.
Аталған турда жанкүйерлер А лигасы екінші тобындағы Бельгия мен Италия кездесуіне назар аударды. Турнир барысында жақсы ойын өрнегін көрсетіп келе жатқан италиялықтар бұл жолы да сол қарқынынан жаңылған жоқ. Кездесу тағдырын жалғыз гол шешті.
Осылайша италиялық футболшылар қарсыласын 1:0 есебімен қапы қалдырып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Қазір олар өз тобында көш басында тұр.
Аталған топтағы Франция мен Израиль 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Сондай-ақ В лигасындағы екінші топта Ирландия Финляндияны 1:0, Англия Грекияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Ал В лигасының үшінші тобындағы Норвегия құрамасы сырт алаңда Словенияны 1:4 есебімен жеңсе, Қазақстан құрамасы Аустрияға 0:2 есебімен жол берді.