Бұл туралы танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жұлдыз Әбдікәрімова үйіне қатысты іске байланысты алаяқтар хабарласа бастағанын айтты.
«Сенбі, жексенбі маған «Парламенттен» деп біреу хабарласты. Әрине, алаяқ екенін бірден түсіндім. Оның айтуынша, сот мәселесі бойынша ісімді шешіп бере қалмақшы. Алаяқ болғанда да су жұқпас, әккі екен. Лауазымды адамның атын жамылып, қорықпай банк шотын беріп, дәл қазір қомақты соманы аудара қалыңыз. «Шеф» өзі айналысып жатыр деді. Оның командасы менімен кездеспей, мәселені біліспей, қалай қорықпайды деген сұрақ болды»,- дейді ол.
Танымал актриса алдағы уақытта осы іске қатысты БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз мәслихатын өткізбек.
«Ақпарат іздей бастадым. Түйсік алдамады, әрине, алаяқ болып шықты. Осындай қоңыраулардың көбеюіне байланысты мынадай шешім қабылдадым. Алдағы уақытта БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз-конференциясын өткіземін. Сот барысы бойынша барлық ақпаратты бөлісіп, осы алаяқтық туралы айтамын. Лауазымды адамның атын жамылып, маған хабарласқан адамның аты-жөні, нөмірі және кімнің атына кір келтіріп жүргені туралы да ашық айтамын. Мен бұл істі жай қалдырмаймын. Барлық жазбаны дәлел ретінде сақтап қойдым. Анықтаймын», — деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.