Site icon Мейірімді қоғам

Елордада Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай жастармен кездесу өткізді

Бүгін «SANA Sport» спорт кешенінде бокстан әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай мен бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Еркебаев жас спортшылармен шеберлік дәрісін ұйымдастырды.

 

Кездесу барысында 24 жастағы Нұрбек Оралбай артынан ерген жас спортшыларға жетістікке жету үшін, еш ерінбей жаттығу жасау керектігін айтты. Сонымен қатар, спортпен айналысқан әрбір жан бос уақытын тиімді өткізіп, зиянды әдеттерден алыс жүретінін атап өтті. Артынша оған түрлі сұрақтар қойылып, Париж Олимпиадасындағы шешуші айқас қайсысы болғанын айтты:

«Олимпиададағы ең қиын жекпе-жек алғашқы Каллум Питерспен (Аустралия) өтті. Себебі, бастапқы 2 раунд тең түстік. Жеңімпаз шешуші раундта ғана анықталып, жарысты одан әрі жалғастырдық. Бұл кездесу тіпті финалдан да қиын болды деп айта аламын», — деді Нұрбек Оралбай.

Ал жеке бапкері Асқар Еркебаев 2009 жылы Оралбайлардың бастапқыда бокс емес, еркін күресті таңдағысы келетіндігін жеткізді.

«Бапкер ретінде 1995-1996 жылғы боксшыларды  жаттықтыратын едім. Ал Айбек пен Нұрбек Оралбай 2000 жылы дүниеге келгендіктен, өздерінен үлкендерімен жаттықты. Олар ешкімнен жасқанбай, төзімділігін, мықтылығын көрсете алды. Сол сәтте  ағайынды Оралбайлардың халықаралық аренада ел намысын қорғай алатынынын байқадым», — деді бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Еркебаев.

Шарада тек ақыл-кеңес берумен шектелмей, Нұрбек Оралбай рингте ашық жаттығу өткізді.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай ересектер санатында 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында топ жарып, Париж Олимпиадасының финалына дейін жеткен болатын. Айбек Оралбай болса, 2022 жылы Азия чемпионы атағына қол жеткізген.

Exit mobile version