Site icon Мейірімді қоғам

Атыраудағы сауда-ойын сауық орталығын шарпыған өрт толық сөндірілді

Бүгін кеште Атырау қаласындағы «Байзар» сауда-ойын сауық орталығының ғимараты өртенген еді. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің һрт сөндірушілері сауда орталығын шарпыған жалынды толық сөндірді.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан хабарлағандай, сауда орталығындағы өрт сағат 21:53-те оқшауланып, сағат 22:50-де толықтай жойылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік пультіне «Байзар» сауда-ойын сауық орталығындағы өрттің тұтанғаны жөнінде бүгін, 27 қазанда сағат 18:37 шамасында хабар берілген.

Жергілікті өрт сөндірушілер Атырау қаласындағы сауда-ойын сауық кешеніндегі өртке байланысты оқиға орнына жедел жетті. Сауда орталығының ғимаратынан 80 адамды, оның ішінде 45 баланы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Оқиға орнында штаб құрылды.

Алайда, сауда орталығының ғимаратын шарпыған өртті тез сөндіру оңай болмады. Бұған бірнеше жайт әсер еткен. Біріншіден, нысандағы түтін кедергі келтірген. Екіншіден, көптеген жанғыш материал қиындық тудырған.

«Сауда орталығындағы өрт сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар депарааментінен 90 құтқарушы, 12 техника тартылды. Жалынды толық жою, сондай-ақ қайта тұтану ошақтарының алдын алу үшін конструкциялар бұзылып, су төгілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Өрттен ешкім зардап шекпеген. Бірақ, «Байзар» ойын-сауық орталығындағы өрт оқиғасына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында қауырт желі іске қосылды. Тұрғындарға 45-14-75 нөмері арқылы ақпараттық қолдау және шұғыл психологиялық көмек көрсету қолға алынды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сауда орталығы өртеніп, 80 адам қауіпсіз аумаққа эвакуацияланған еді.

Exit mobile version